Қазақстан «жасыл» аймақта
Жер-жаһанды жүрісінен жаңылдырған коронавирустың қарқыны бәсеңдеп, халықтың көңілі жайланған еді. Тұрғындардың басым көпшілігі дертке қарсы екпе салдырып, науқастар түгел жазылғанымен арқаны кеңге салуға ерте секілді.
Ресми деректерге сүйенсек, аталған дерт бір дегеннен жоқ болып кетпейтініне көз жеткіземіз. Көпшілік жиын-тойға рұқсат беріліп, бетперде тағу міндеттелмегенімен ара-тұра жаңалықтардан «коронавирус» деген сөзді кездестіріп қалып жүргеніміз жасырын емес. Тіпті соңғы айдағы жағдай көпшіліктің үрейін туғызуда. Аса ауыр дертпен ұзақ уақыт арпалысқан халық енді ғана ес жиып, етек жинаған тұста «Қайтадан бетперде тағу ұсынылады» деген ақпарат жаға ұстатты.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жағдайдың алдын алу мақсатында дабыл қағуда. Ал тұрғындарға бұрынғы жағдайды қайталамас үшін барынша сақтық шараларын сақтау ұсынылады. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі коронавирус инфекциясының таралу ауқымы кеңейе бастағанын айтады. Сондай-ақ жағдай өршитін болса, бұрын қолданылған қатаң шектеу шаралары қайта енгізілетін болады.
«Деректер бойынша ең қиын болғаны – аурудың бесінші толқыны. Шектеу шаралары бұған дейін аймақтарға, ауру санына байланысты енгізілді. Алайда оны орындамағандар да болды. Соның салдарынан бізге ауруды ауыздықтау қиынға соқты. Егер коронавирус өршіп, өңірлер қызыл аймаққа енсе, бұрынғы қатаң шектеу шаралары қайта енгізіледі» деген министр елдің қазір коронавирустың алтыншы толқынына кіріп жатқанын айтты.
Көзге көрінбейтін жау бір ғана елді емес, бүкіл әлемді жаулауға қауқарлы. Тіпті дүниежүзінің ғалымдарын сарсаңға салып, аурудың түрлі штаммдары да шығуда. Британдық ғалымдар бұл дертті «ең ауыр әрі ұзаққа созылған ауру» деп бағалап отыр. Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, дүниежүзінің белгілі бір елінде вирустың бізде жоқ штаммы пайда болса, шекаралық шектеулер енгізіледі.
«Ауруды айта берсең, саудың сабыры қашады» деген. Күнделікті «коронавирус» деген ақпарат азайып, көпшілік көкейіндегі күдік сейілгенімен соңғы уақытта халықтың қауіпсіздікті сақтауы туралы мәліметтер жиі жарияланып отыр. Не десек те, «Жаман айтпай жақсы жоқ» екенін естен шығармағанымыз абзал.
2020 жылдан бастап есептегенде елімізде ауру жұқтырғандардың барлығы миллион жарымға жуықтайды. Олардың басым бөлігі дертпен күресте жеңіске жетсе, көзге көрінбейтін дерт көпшілік отбасыға жазылмас жара салып кеткені де анық.
Осы жылдың 17 шілде күнгі дерекке сүйенсек, Қазақстанда 1477 адам коронавирус індетін жұқтырған. Ауырғандар ПТР арқылы анықталған. Аймақтар бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары көш бастаса, Қызылорда бойынша дертке шалдыққандар да баршылық.
Екпеден ем іздеп, вакцина қабылдағандардың саны он миллионға жуықтаған. Десек те, әлем елдерінде шектеу шараларының қайта енгізілуі көңілге күдік ұялатады.
Күні кеше ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын жариялаған болатын. Ол бойынша еліміздің барлық өңірі «жасыл» аймақта. Десек те халықтың тазалық сақтап, қауіпсіздік шараларына баса мән бергені абзал екенін айта кеткіміз келеді. Жағдай тұрақталса да «емнің – екпеде», «саулықтың – сақтықта» екенін естен шығармаған жөн.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ