Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіптің алдын алайық

Қауіптің алдын алайық

Адамдар арасында пайда болға­лы бері әлем бойынша жарты миллиардтан астам халықты әбігер­ге салған жаман дерттің беті біржо­ла жойылып кетпеді. Ел екпемен қор­ғанып, қауіп­сіздік шараларын кү­шейт­келі ау­ру біршама азайған­дай болып еді. «Көзге көрінбейтін жау қайта тарала бастады» деген ақпа­рат қайтадан тұрғындардың үрейін туғыза бастады.

Қазақстанда өткен екі тәулікте індет жұқ­ты­рудың тағы да 3095 дерегі тіркелген. Көш басында Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Ал Қызылорда облысында 63 науқас тіркелген. Бұл – соңғы екі күн бойынша берілген ресми ақпарат. Дерттен құлан-таза айыққан өңірлерде ауру ошақтары қайта пайда бола бастаған. Оның ішінде, Қызылорда қаласы да бар. Жағдай тұрғындарды алаңдатып отыр. «Ковид-19» таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК хабарлағандай, елімізде аты жаман дертті жұқтырғандар саны 1 344 360 адамға жеткен.

Арнайы орталық дерт жұқтырғандармен қоса аурудан айыққандардың да санын күн сайын жариялап отыр. Өткен күннің есебі бойынша 1571 қазақстандық сауығып шыққан.

Бүгінде ауру асқынып, өз құрығын бүлдіршін­дерге салып отыр. Яғни, бастапқы толқында ауырғандардың басым бөлігі егде жастағылар бол­са, кейінгі штаммдар жас сәбилерге қырғидай тигені бар.

Емнің екпеде екенін түсінген халық былтырдан бастап жаппай екпе салдыра бастады. Елімізде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін 9 550 417 адам, екінші ком­понентін 9 330 780 адам салдырған. Айта кетейік, екпе алушылардың қатарында ересектермен қатар балалар, жасөспірімдер мен жүкті және ба­ла емізетін аналар да бар. Бұған дейін елімізде отандық екпемен қатар шетелдік вакцина үлкен сұранысқа ие болған болса, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова алдағы уа­қытта еліміз коронавирусқа қарсы шетелдік вакциналардан бас тартуы мүмкін екенін айтты. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің мәлімдеуінше, отандық вакцина ел тұрғындарының сұранысын тү­гел қанағаттандыра алады.

Өзге елдердің ғаламторда жариялаған дерек­теріне сүйенсек, дерт дендеген мемлекеттерде өлім-жітім жиі орын алуда. Қазақстанда коронавирус бойынша қайғылы жағдайлар азайған. Бұл туралы «Маусымнан бастап коронавирус бойынша өлім-жітім азайды. Статистиканы күнделікті жа­риялаудың қажеті жоқ. Коронавирус жұқтырып, арты өлімге алып келген жағдайларға қатысты мәлімет бо­йынша министрлікке жүгінуге болады» деген Айжан Есмағамбетова.

Бүгінгі күні атқарылуы тиіс басты шара – тұр­ғындардың қауіпсіздікті сақтауы. Ұжымдық иммунитет қалыптастырып, қайта вакцинациялау­­дан өту, жеке бас гигиенасын сақтау маңызды. Сондай-ақ жалған ақпаратқа еріп, дүрлікпеу қа­жеттігін ескертеміз. Бүгінгі таңда «ауруды әдиі та­рату» немесе «мектептердің онлайн жүйеге көшуі» туралы фейк-ақпараттар халық арасында көптеп таратылуда. Бұл халық пен билік арасына іріткі салушылардың қасақана ісі екенін айта отырып, тиісті ақпараттар мерзімді баспасөз бен ресми сайттарда жарияланып отыратынын айтқымыз келеді. Өз кезегінде жалған ақпарат таратқандар да жазасыз қалмайды.

Халық даналығында «Қайта шапқан жау жаман» деген сөз бар. Жаппай ауырып тұрған халық енді ғана ес жиып, еңсе тіктеп ауруды ұмыта бастағанда аты жаманның қайта өршу қаупі туындап отыр. «Той – халықтың қазынасы» деп білетін көпшілік жиын-тойға қай­та тоқтау салып, көпшілік басқосуларға шектеу қоюдан қауіптеніп отыр. Бастан өткен жағдайды қайталамасқа бір ғана жол бар. Ол жаппай қа­уіпсіздікті сақтап, аурудың таралуына барынша тосқауыл қою. Сондай-ақ әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау қажет. Қазіргідей сәтте әркім өз денсаулығын күтіп, пайдалы ас ішіп, им­муниттеті қалыпты жағдайда ұстау да маңызды екенін айта кеткіміз келеді. Жан-жақты қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, вирустың алдын алуға шақырамыз.



Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ


30 шілде 2022 ж. 319 0