Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасіретті қаңтар: кінәлі кімдер, салдары қандай?

Қасіретті қаңтар: кінәлі кімдер, салдары қандай?

Былтырғы жыл қазақ елі үшін егемендік тарихында болмаған қиындықпен басталды. Жаңа жылдың алғашқы күндерінде Маң­ғыстау облысының Жаңаөзен қаласының тұрғындары сұйытыл­ған газ бағасының екі есе қымбаттауына байланысты бейбіт шеруге шығып, өздерінің наразылықтарын білдірген. Мұның арты ел бойынша террорлық шабуылға ұласып, мемлекеттің тұтастығына қауіп төнген болатын. Міне, сол қасіретті болған Қаңтар оқиғасына жыл толып, оның әлі де ашылмаған беймәлім тұстары көп. Осыған орай, Парламент Мәжілісінде 2023 жылдың алғашқы пленарлық отырысы өтіп, Бас прокурор Берік Асылов Қаңтар оқиғасына қатысты депутаттар сауалына жауап берді.

Ел ішіндегі дүмпу

Тәуелсіздік алған 30 жылдан аса уақытта мемлекет қарышты дамығанымен, халықтың әлеуметтік ахуалында мәселелер көп болды. Азық-түлік бағасының қымбаттауы, халық пен билік арасында ашық диалогтың болмауы, жұмыссыздық, бүйір­ден қысқан таршылық, осының барлығы халықты әбден қажытты. Мәселелер жинала келе сабыры сарқылған бұқара бұрқ етіп жарылу алдында тұрған. Ал Жаңаөзендегі жағдай сол «оқтаулы тұрған мылтықтың» білтесіне от қойды.

Негізінен, 2 қаңтарда басталған наразылық шараларына қатысқан адамдардың басты талабы сұйытылған газдың бағасын төмендету болғаны баршаға мәлім. Яғни, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап газдың сауда-саттығы то­лығымен тауар биржалары арқылы іске асырылатын жүйеге ауыстырылып, содан монополистер 60 теңге шамасында саудаланған сұйытылған газ бағасын 120 теңгеге дейін негізсіз қымбаттатты. Айта кететіні, 2020 жылы жаңа­өзендіктер сұйытылған газдың 55 теңгеден 65 теңгеге дейін қымбаттағанында да наразылық танытып, жергілікті әкімдікке жиналған. Бұқа­раның наразылығына қала басшылығы жауап беріп, газдың бұрынғы бағамен сатылатынын мәлімдеген. Ал өткен жылғы бағаның бірден екі есе шарықтауы шынында, ашынған халықтың ашуына тиген еді.

Міне, содан бастап елімізде бейбіт митингтер басталып, арты қайғылы жағдайларға ұласты. 4 қаңтардың өзінде митингілерге қа­тысушылар саны 37 мыңға жетсе, Алматы және Шымкент қалаларында қарулы шабуылдар, өртеу, соның ішінде қызметтік автокөліктерді өртеу басталған. Ал 5 қаңтарда ойран салу мен маңызды ғимараттарды басып алу 11 аймақта жалғасып, оларға қатысушылар саны 50 мыңға жеткен. Осы уақытта террорлық терактілер жасалып, қарулы шабуылдарға қатысушылар саны 20 мыңнан асқан. 

– Күш қолдану арқылы Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Жамбыл облыс­тарында облыс әкімдіктерінің ғимараттары ба­сып алынды. Азаматтардың қауіпсіздігіне төн­ген қауіп-қатерге байланысты Президенттің Жарлықтарымен елдің әр аймағында төтенше жағдайлар енгізіліп, коменданттық сағат бел­гіленді. Террористердің әрекеттерін үйлес­ті­ру­ді жоққа шығару және олармен байла­ныс құралдарын қолдануды болдырмау мақ­сатында интернетті пайдалану шектелді. 6 қаң­тарда Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен еліміз­де антитеррористік операция өткізілетіні жария­ланды. Оның негізгі мақсаты ұлттық қа­уіпсіздікке төнетін қатерлерді жою және азамат­тардың өмірі мен мүлкін қорғау болып табылды. Тек осы күннен бастап құқық қорғау органдары мен Қарулы Күштер террористерді жою үшін қару қолдана бастады, – деген болатын өткен жылы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қаңтар оқиғасының хронологиясына тоқталған ҚР Бас прокуратурасының қылмыстық қудалау қыз­метінің бастығы Серік Шалабаев.

Осы күндері наразылық шерулері үдеп, мемлекеттік маңызы бар нысандарға шабуалдар жасалды. Қару-жарқ дүкендері де тоналды.

7 қаңтарда азаматтардың қатысуымен на­­разылық акциялары Маңғыстау, Атырау, Ақ­төбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасын тауып, Алматыда тосқауыл бекеттерін ату, ауруханаларды басып алуға оқталу, дүкендерді тонау әрекеттері орын алған. Тараз, Талдықорған қалаларында тергеу изоляторларының ғимараттарына шабуыл жасалыпты. Мұның барлығына күштік құрылымдар арқылы тойтарыс берілген. Ал елдегі жағдай 8 қаңтарда тұрақтала бастап, республика бойынша азаматтардың санкция­сыз жиындары тоқтады. Тәртіпсіздікке бой алдырғандар құрықтала бастады.

Мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет жасалған

Жыл басындағы Мәжіліс палатасының пленарлық отырысында «Жа­ңа Қазақстан» депутаттық тобының атынан Еділ Жаң­быр­шин сөз сөйлеп, бүгінде халықтың көкейінде әлі де жауабы жоқ сұрақтар жеткілікті екенін қозғады. Ха­лық қалау­лысы «Қаралы қаңтарды ұйымдастырған кімдер, олардың негізгі мақсаты не болды, Қаңтар оқиғасы қандай зақымдар мен шығындар келтірді, лауазымдық міндеттерін атқару кезінде қайтыс болған және зардап шеккен қыз­меткерлерді әлеуметтік жағынан қорғау, кездейсоқ қаза болған азаматтардың жақындарына көмек көрсету бойынша қандай жұмыстар жүргізілді» деген сауалдарға бүкпесіз ашық жауап берілу керектігін жеткізді. Осыған байланысты Бас прокурор Берік Асылов барлық мәселені реттілігімен баян­дады.
Бас прокурор Қаңтар оқиғасында жасалған қылмыстар бойынша 5300 қылмыстық іс қозғалғанын атады. Оның басым бөлігін Ішкі істер министрлігі тергесе, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алу, аса ірі көлемде пара алу фактілерін тергеген.

– Арнайы прокурорлар басқарған ведомст­воаралық топ­тың тергеу нәтижесіне тоқта­лайын. Біз 4 бағыт бо­йын­­­ша жұмыс істедік. Олар жаппай тәртіпсіздіктерді ұйым­дастырушылар мен қатысушылар, терроризм актілері, күш құрылымдарының бірқатар басшыларының әрекеттері бойынша және азаптау фактілерін тергедік. Арнайы прокурорлар 720 қылмыстық істі тергеді. Бұл істер бойынша тыйым салынған экстремистік топтардың 25 мүшесі ұс­талды. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қа­мауға алынды. Одан бөлек, күдіктілердің арасында дес­труктивті діни ағымдардың 8 жақтаушысы бар. 126 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағандары үшін бұрын сотталған. Негізінен, жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың көбі – 35 жасқа дейінгілер. Бұдан бөлек, шетелдік азаматтар жаппай тәртіпсіздікке қатысуға және басқа қылмыстар бойынша күдікті болып танылды. Оның ішінде, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары бар, – деді Б.Асылов.

Спикер бұл жағдайдың тыңғылықты дайындықпен ұйым­дастырылғанын, билікті құлатуға әрекет жасалғанын нақ­ты айтты.

– Біз басқарылатын хаос кезінде еліміздің жоғарғы бас­шылығын ауыстыруға бағытталған операция тыңғы­лықты жоспарланған деп айта аламыз. Шын мәнінде, мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет жасалды. Өздеріңіз білетіндей, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларына қа­тысты мемлекетке опасыздық жасау және басқа да аса ауыр қылмыстар туралы іс «аса құпия» режімінде тергелді. Материалдарды жариялауға шектеу қойылған, өйткені оларда мемлекеттік құпиялар бар. Істе сыртқы саяси, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты мәліметтер енген. ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Садықұловқа қатысты мемлекетке опасыздық жасау, билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер, лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша іс сотқа берілді. Тағы бір бұрынғы орынбасары Ерғожин билікті күштеп басып алуға бағытталған әре­кеттер, лауазымдық өкiлеттiгін асыра пайдалану бойынша айыпталған. Сондай-ақ бұрынғы орынбасары Осиповке және ҰҚК бөлімшелерінің басқа басшыларына өкiлеттiктерді асыра пайдалану айыбы тағылып отыр. Басқа ақпаратты аша алмаймын. Қастандықтың нақты егжей-тегжейін айтуға құқығым жоқ. Жыл бойы, жасырын түрде радикалды шара қолдану үшін орындаушыларды дайындау жүргізілгенін ға­на айта аламын. Орындаушылардың қатарында ұйым­дасқан қылмыстық топтар болған. Олар адамдарды жинап, қаруландырған, рация және көлік сатып алған. Тергеу анықтағандай, осы бүлдіргі әрекеттердің басында күш құрылымдарының жекелеген өкілдері тұрған. Мысалы, тергеу версиясы бойынша Алматыда Жұмагелдиев ерекше рөл атқарған. Оның әрекетін ҰҚК-дегі кураторы үйлестіргені анықталды. Ол тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, адамдар тобын басқаруды өз қолына алып, билікке бұлтартпас талап қою үшін «халық кеңесі» дегенді құруы тиіс болған. Оған Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты, сон­дай-ақ қылмыстық топтың белсенді мүшесі Махатов кө­мек­тескен. Ол Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйіне келу­ші бандиттерді қаруландырған. Алайда олар жаппай нара­зылықты басқара алмады. Халық оларға ермеген. ҰҚК-нің бұрынғы төрағасының ұсталғаны туралы ақпарат алған соң, сенімді алиби жасау мақсатында, мародерлермен күресті желеу етіп, содырларға қала тұрғындарына шабуыл жасау тапсырылған. Сол үшін 6 қаңтарда олар қаланың әр жерінен 24 кездейсоқ адамды ұрлап кеткен, сосын «Ritz Carlton» және «Қазақстан» қонақүйлерінің паркингінде оларды ұрып-соғып, ұстап отырған. Кейін оларды қаланың шетіне апарып, ҰҚК қызметкерлерінің қарулы күзетімен контейнерде түнеткен. Сосын оларды әуежайға жеткізген, сол жерде Өтепбаев азаптаудан қайтыс болған. Осы фактілер бойынша тергеуді аяқтадық, – деді Бас прокурор.

Берік Асылов қаңтар оқиғасы бойынша соттар 1221 адам­ға қатысты істерді қарағанын жеткізді. Сол бойынша 1205 адам сотталған. Ал Мемлекет басшысының рақымшылық жасау туралы пәрмені аясында арандатушылардың айтқанына көніп, жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыс жасағандар жазадан босатылыпты. Жалпы, рақымшылық 1095 адамға қол­данылған. Атап айтқанда, сот ауыр қылмыстар үшін сотталған 1001 адамның жаза мерзімін қысқартқан. Бұдан бөлек, қазіргі таңда 315 адамға қатысты 127 қылмыстық іс тергелуде.


238 адам қаза тапты

Жалпы, қасіретті қаңтарда шабуылды тойтару және тө­тенше жағдай мен антитеррорлық операцияларды орындау кезінде 238 адам қаза тапқан. Оның ішінде, 41 адам бұрын сотталған. Қаза болғандардың қатарында 67 адам шабуылдаушы деп танылса, 142 адам – төтенше жағдай мен антитеррористік операция режимін бұзушылар. Сондай-ақ 4 адам басқа да қылмыстар жасау кезінде қайтыс болған. Қаза болғандардың ең көп саны – Алматыда (151 адам) тіркелген. Мұндай құрбандар Қызылорда (26), Шымкент (20) және Таразда (17) болған.

Жаппай тәртіпсіздікке тосқауыл қоюға жұмылдырылған құқық қорғау қызметкерлері өз міндеттерін орындау барысында қаза болған. Бұл туралы пленарлық отырыста Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов баян етті.

– Алматыда 5 қаңтарда үш полиция бас­қар­масына, 7 қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалған. Тонаушылар есіктерді сындырып, әрекетін жүзеге асыру үшін ав­то­көліктер қолданған. Сол күннен бастап аймақтарда тө­тенше жағдай режімдері мен коменданттық сағаттар ен­гізілді. 6 қаңтарда сағат 00.00-ден бастап терроризмге қарсы операция жарияланды. Бұл қысқа мерзімде елдегі құқықтық тәртіпті қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, 19 қызметкер қаза тапты. 3037 полиция мен әскери қызметкерлер жарақат алды. 28-іне оқ тисе, 177-нің сүйектері сынған. 111-нің денесі суық қарумен пышақталған. Көп қызметкер әлі де ем алып жатыр. Жалпы, полиция қаңтар оқиғалары бойынша 4623 қылмыстық істі тергеді. Олардың көбі – адам өлтіру, ұрлық, қару-жарақтың заңсыз айналымы, бұзақылық, бөтен мүлікті қасақана бүлдіру қылмыстары. 20 мыңнан астам азаматтан жауап алынды. 5 мыңнан астам сараптама тағайындалды. Ұрланған мүліктің көбі тәркіленді. Қылмыстық істер бойынша 983 адам ұсталды. Оның 502-сі арнайы прокурорларға берілді, – деді М.Ахметжанов.

Ведомоство басшысы қарбалас кезеңде 2960 қару-жа­рақ пен шамамен 63 мың оқ-дәрі ұрланғанын айтты. Қа­зіргі уақытта ұрланған қаруды іздеу қарқынды жүргізілу үстінде. Қылмыстық іс аясындағы жедел іздестіру іс-шарасы барысында 200-ден астам қойма жойылса, олардан 4160 қару-жарақ пен 57 мың оқ-дәрі табылған. Бүгінде 964 қару-жа­рақтың қаңтар оқиғасы кезінде ұрланғаны анықталған.

Жаппай тәртіпсіздіктің шығыны аз емес

Бейбіт шерумен басталып, саяси дүрбелеңге ұласқан Қаңтар оқиғасы салдарының шығыны аз емес. Жоғарыда атап өткендей, алдымен бүлікшілер мемлекеттік маңызды ғимараттарға шабуыл жасап, зақым келтірген. Осыған қа­тысты қойылған сауалға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жауап беріп, қаңтар қырғыны кезінде елімізде 42 мемлекеттік мекеме зардап шеккеніне тоқталды.

– Орасан нұқсан келген нысандардың бірі – Алматыдағы Президент резиденциясы. Өздеріңіз білетіндей, бұл нысанды қалпына келтірмей, бұзу туралы шешім қабылданды. Қалған 41 нысан үшін 31 млрд 100 млн теңге бөлінді. 37 нысан қалпына келтірілді. Биылғы қаңтар айында Жетісу облысы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру аяқталады. Наурыз айында Алматы қаласы Бас прокуратурасының Құ­қықтық статистика және ақпарат орталығының ғимараты мен Алматы қаласы әкімінің ғимараты қалпына келеді. Оны реконструкциялау биыл екінші тоқсанда аяқталады, – деді Р.Скляр.

Сондай-ақ, Алматыдағы Телерадиокешен қайта қалпы­на келтіруге жатпайтынын атап, жаңа ғимарат жыл соңы­на дейін салынбақ. Одан бөлек, 350 коммерциялық нысан зардап шеккен. Бүгінгі таңда олардың барлығы қал­пына келтірілген. 1789 кәсіпкерлік субъектісі залалды тікелей өтеуге өтінім берген. Шағын және орта бизнес объек­тілеріне келтірілген залал 16 миллиард 700 миллион теңге көлемінде өтелген.

Негізі, тәртіпсіздіктер кезінде 25 полиция ғимараты мен 19 модульдік бекетке зақым келіп, шығын көлемі 3 млрд теңгеден асқан. Бұларды қалыпқа келтіру үшін Үкімет рез­ервінен қаражат бөлініп, барлығы іске қосылған. 3 модульдік бекеттің жұмысы басталса, 16 бекет қалпына келтіруге жат­пайды. Сонымен қатар қаңтар оқиғасы кезінде Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда, Талдықорған және Тараз қалаларында 900 бейнебақылау камерасы зақымданған. Бүгінгі күні барлығы жөнделіп, штаттық режімде жұмыс істеп тұр және қосымша 6 мыңнан астам бейнекамера орна­тылған.

Бұдан бөлек, осы оқиға кезінде қаза тапқандардың жа­қын­дарына көмектер көрсетілген. Бұған қатысты «Аманат» комиссиясының мүшесі, құқық қорғаушы Абзал Құспан ақ­паратпен бөлісті.

– Алматы қаласында қаза тапқан азаматтардың туыстарына материалдық-әлеуметтік көмек көрсету мәселелері негізінен қалалық прокуратураның ұйымдастыруымен мем­лекеттік органдар тарапынан ішінара шешімін тапқанын да баса айтқым келеді. Атап айтқанда, олардың кредиттері Қаржылық мониторинг агенттігінің араласуымен банк­тер тарапынан кешіріліп, балаларын балабақшаға орна­лас­тыру, мектепке дайындау, қажетті медициналық көмек ұйымдастыру, тіпті пәтерақыларын төлеу сияқты тұр­мыс­тық мәселелер қамтылды. Өкінішке қарай, комиссия өз қызметі барысында кейбір әттеген-ай дегізетін жағдай­лардың да куәсі болды. Атап айтқанда, алаңда қаза тапқан азаматтарымыздың артында қалған көптеген жас отбасы пәтерақы мен азық-түлік бағасының күрт қымбаттауы салдарынан қиын материалдық жағдайға тап болған еді. Осыған байланысты комиссиядан материалдық көмек сұрап келушілер аз болған жоқ. Сол себепті комиссия еліміздің мұнай-газ саласындағы ірі компанияларға хат жолдап, онда комиссия арқылы немесе тікелей мұқтаж жандарға көмек беру туралы өтінішімізді білдірдік. Өкініштісі сол, бірде-бір компания өз келісімін бермеді. Тіпті, «Қазақстан халқын қолдау қоры» да Қаңтар оқиғасы бойынша тек мем­лекеттік органдармен жұмыс істейтін ыңғай танытты. Осыдан-ақ Президенттің «кәсіпкерлердің төмен әлеуметтік жауапкершілігі туралы» айтқан сынның қаншалықты орынды екенін байқауға болады, – деді адвокат.

Жалпы, биылғы алғашқы пленарлық отырыста Қаңтар оқиғасының хронологиясы жан-жақты сараланды. Ол туралы арнайы бейнеролик көрсетілді. Онда дерек пен дәйек келтіріліп, Қаңтар оқиғасы бойынша 5300 тергеу басталып, 71374 іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде екені және оған 1019 құқық қорғау қызметкері жұмылдырылғаны көрсетілген. Отырыс барысында қасіретті жағдайды ұйым­дастырушы топтар аталып, тергеу барысы туралы көптеген ақпарат берілді. Мұның алдын ала жоспарланғаны, ауыр қылмыстар жасалғаны нақты фактілермен айтылды.

Бұл егемендік жылдардағы елдікке төнген сын-қатер болды. Десе де сын сағатта қазақ елінің мызғымас беріктігі бұған тосқауыл болып, тұрақтылық сақталды. Осындай шақта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билікті қолына алып, ел тыныштығының сақталуын қамтамасыз етті. Барлық жағ­дайды бақылауда ұстап, тұтастыққа сызат түсіргісі келген қаскөйлерге күштік құрылымдар ар­қылы тойтарыс берді. Ендігі мұндай қайғылы жағдайдың қай­та­лан­бауын тілейміз.
Е.БЕРКІНБАЕВ
07 қаңтар 2023 ж. 401 0