Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жедел жиын нәтижесімен құрылған арнайы комиссия жұмысын бастады

Жедел жиын нәтижесімен құрылған арнайы комиссия жұмысын бастады

Сәрсенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жедел жиында мереке күндері ауа райы қолайсыздығынан орын алған электр жарығы ажырауының себеп-салдары талқыланып, облыс аумағында бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін электр жүйелеріне зерделеу жұмыстарын жүргізу үшін және ақау себептерін анықтап оны жою мақсатында комиссия құруды тапсырған болатын.

Бүгінде мамандар тарапынан шұғыл түрде жөңдеу жұмыстары жүргізіліп, ақаулар қайта қалпына келтіріліп, жарық берілді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төрағалығымен жұмыс жасайтын комиссия құрамына облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов, энергетика және ТКШ басқарма басшысы, «Қызылорда электр тарату компаниясының» ардагер қызметкерлері мен жауапты тұлғалары және «Қазақэкспертиза» ЖШС директоры енгізілді.

Комиссия мүшелері Қызылорда қаласының бірқатар электр қуатымен қамту нысандарын аралап, жұмысын тексеріп, ақауларды зерделеуде.

Атап айтқанда, Тоқтыбаев көшесінің бойындағы ЦРП-3, Рысқұлов пен Ыдырысов көшелер қиылысындағы ТП-235, Алисов көшесіндегі №33-34 әуе желісі, Мерей мөлтек ауданындағы ГМЗ 35/10кВ қосалқы станциясына барып, зерделеу жұмыстарын жасады.

Бүгінгі күні өңірде электр желілері мен қосалқы станциялардың 70 пайызының тозығы жеткен. Комиссия тобы кезек күттірмейтін нысандарды белгілеу жұмыстарын жүргізіп, “КЭТТК” АҚ мамандары зерттеу актісін дайындауда.

Комиссия тексеру жұмыстарын әлі де жалғастыратын болады. Нәтижесімен, тиісті жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы қарастыру мәселесі пысықталып, алдағы бюджеттік комиссия отырысында қаралатын болады.

Айта кетейік, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мәселелері облыс әкімінің тікелей бақылауында.


Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
06 қаңтар 2023 ж. 399 0