Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек адамына лайықты құрмет

Еңбек адамына лайықты құрмет

Өткен аптада «Шаған-Жер» ЖШС-нің жылды қорытындылау салтанатты іс-шарасы өткізілген бола­тын. Егін маусымында еңселі ең­­бек еткен диқан қауымның тойына аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұр­тазаев, Шаған ауылының әкімі Нұ­ғыман Смайлов, «Шаған-Жер» ЖШС-нің төрағасы Жеңісбек Сыздықов, сала мамандары мен қонақтар қатысты.

Салтанатты іс-шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев еңбек адамдарын молшылық мерекесімен құттықтады.

– Елімізде аграрлық салаға айрықша көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары су тапшылығына қарамастан егін егу қарқыны бәсеңдеген емес. Шын мәнінде, Шаған ауылының диқандары жоғары табысқа қол жеткізуде. Әркез аптап ыстықта дамыл көрмейтін шаруаларға лайықты құрмет көрсетілуі керек. Себебі, облыс бойынша ауданымыздың үздік атануына Сіздердің де қосқан үлестеріңіз баршылық. Келесі жылы егін бітік шығып, қамбаның астыққа толуына тілектестік білдіремін, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде «Шаған-Жер» ЖШС-нің төрағасы Жеңісбек Сыздықов жылды қорытындылап, іргелі ұжым­ның алдағы мақсат-міндетін саралады. Қажырлы еңбе­гімен танылған әріптестерінің жұмысын жоғары бағалады. Береке мен молшылықтың бастауы – «Алтын дән – 2022» мерекесімен құттықтап, алдағы жылда орындалатын межені айқындады.

– Біз көптен күткен керемет кеште бас қосып отырмыз. Бүгінгі қуаныштың барлығы Сіздерге арналады. Әрине, табандылық танытып, қызметін аямаған еңбек адамына зор ілтипат білдіру басты парызымыз саналады. Жекелеген қиындықты еңсере отырып, табыс көзін еселеуге барымызды саламыз. Ең бастысы – диқандардың жағдайын барлық жағынан жасауымыз керек. Сонда ғана сала мамандары ынта-жігермен жұмыс жасайтын болады, – деді Жеңісбек Сыздықов.

Халқымыз «Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деген. Егін жинау жұмысының қорытындысымен шаруашылықтың еңбек озаттары құрмет төрінен көрінді. «Шаған-Жер» ЖШС-нің төрағасы Жеңісбек Сыздықов табысқа жеткен озаттарға арнайы «Диплом», жекелеген номинация, бағалы және қаржылай сыйлық табыстады. Сонымен қатар серіктес­тікте еңбек еткен бірқатар қызметкер зейнет демалысына шығып, иықтарына қазақы дәстүрмен шапан жабылды.

Салтанатты іс-шарада аудан және ауыл өнерпаздары мен эстрада жұлдызы Мәдина Сәдуақасова өнер көрсетті. Жыл бойы тынбай еңбек еткен шаруалар шат-шадыман көңіл-күйде тарқасты.

Б.ОРДАБЕКОВ
27 желтоқсан 2022 ж. 317 0