Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Күріш ақтау зауыты ашылды

Күріш ақтау зауыты ашылды

Биыл ауданда кәсіпкерлік саласын өркендетуге көп күш салынды. Нәтижесі де жоқ емес. Елді мекендерде кәсібін бастаймын деген жандарға қолдау көрсетілді. Тиісінше, аудан басшысы әр ауыл­ға барған сайын кәсіпкерлермен кездесіп, олардың жұмысын жандан­дыруға қолдау танытты. Осы үрдіс жыл аяқталар тұста да жалғасып, Тереңөзек кентінде күріш ақтау зауыты ашылды.

Өркенді өңірде күріш өңдеу ісі қарқын алған. Осыған байланысты белгілі меценат болған Расул Есенов өз кәсібін әртараптандырып, күріш ақтау зауытын ашуды жүзеге асыра бастаған болатын. Бұл істің нәтижесі Жаңа жылдың қарсаңында то­лық жүзеге асырылып отыр. Оның салтанатты ашы­луында аудан әкімі М.Ергешбаев құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кәсіпке береке тіледі.

– Ел әлеуетінің жақсаруын экономиканың тұрақты дамуымен байланыстырар болсақ, кәсіп­керлік көкжиегін кеңейтуді мемлекеттік саясат алдыңғы орынға қойып отыр. Бүгін біз заман талабына сай жабдықталған, халықты сапалы қызметпен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан кү­ріш ақтау зауытының ашылу сәтінің куәсі болып отыр­мыз. Жаңа жыл қарсаңында ауданда жаңа кәсіпкерлік нысанның ашылуы көңіл қуантарлық жағдай. Бұл дегеніміз – жаңадан жұмыс орындары ашылып, аудан тұрғындары сапалы қызметті тұтыну мүмкіндігіне ие болатындығының нақты көрінісі. Бұл жұмыстың бәрін белгілі тұлға, меценат марқұм Расул Әбутәліпұлы Есенов бастағаны анық. Ауданды дамытуға өзіндік үлес қоса білген аптал азамат өңір әлеуетін жақсартуға осындай бастамаларды жүзеге асыруға күш-жігерін жұм­саған еді. Міне, сол істі ұлы Фархат Есенов жалғап, аудан экономикасына өз үлесін қосуға ниетті. Сон­дықтан жас кәсіпкердің жұмысына сәттілік ті­леймін, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Мұнан соң зауыт басшысы, жас кәсіпкер Фархат Есенов сөз сөйлеп, зауыт жұмысына тоқталды.

– Бүгін – біз үшін аса маңызды тарихи күн. Себебі, біз жаңа зауытты іске қосып, жаңа бір белеске бірлесе қадам басып жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, бұл зауыттың қазығын қағып, негізін қалаған әкем Расул Әбутәліпұлы Есенов еді. Зауытты салу ісі басталған уақыттан бастап әкем барлық маңызды жұмысқа мән беріп, өзінің жос­парларын айтып, жаңа зауыттың тиімділігін түсін­діретін. Бірақ, амал нешік өзі бастаған құры­лыстың аяқталып, лентасын қияр рәсімін көре алмай кетті. Мен және біздің мекемеміздің барлық қызметкері осы зауыттың негізін қалаған әкемді ешқашан ұмытпаймыз деп айта аламын. Біздің абыройлы мекемемізді бүгінде облыс халқы жақ­сы біледі. Аудан басшылығы да мекемемізде болып, жұмысымен танысып, оң бағасын берген болатын. Бұл қажырлы еңбекпен, тынымсыз ізденіспен келген абырой екені белгілі. Жаңа зауытта қара күріш ақталып, нарыққа Сыр маржанын шығаратын боламыз. Сәйкесінше, жаңа жұмыс орындары да ашылады, серіктестіктің тынысы да кеңейеді. Сондықтан біз алға қойған мақсаттарға бірге жетеміз деп сенемін, – деді жас кәсіпкер.

Құрметті меймандар жаңа нысанның лентасын­ салтанатты түрде қиып, күріш ақтау зауытын аралап көрді жә­не жұмысына табыс тіледі, қариялар батасын берді.

Заманауи талаптарға сай күріш ақтау зауытын ашу үшін 90 млн теңге қаржы жұмсалған. Мұнда күріш ақтау диірменінің ғимараты мен қой­ма құрылысы толық аяқталып, халыққа сапалы өнім түрлерін ұсынуға әзір. Тәулігіне 100 тонна өнім өндіретін зауыт 30 адамды жұмыспен қам­тиды. Айта кететіні, жаңа зауыттың ерекшелігі кү­рішті ақтаумен қатар, қауызын ұнтақтап, мал шаруашылығы үшін жем өнімдерін шығаруға бе­йім­делген.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
31 желтоқсан 2022 ж. 578 0