Сырдария ауданында алға жылжу мен ілгерілеу бар
Сырдария ауданы экономикасына тікелей ықпал жасайтын өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасты. Ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарында өнім өндіру өткен жылмен салыстырғанда 48,3 пайызға артқан. Өнім көлемі негізінен тамақ өнімдерін өндіру есебінен яғни күріш ақтау кәсібі арқылы ұлғайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев мәлімдеді.
Биыл аудан экономикасына 13 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылды. 1 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылып, 9 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды.
«Ауыл шаруашылығы саласы – аудан дамуының драйвері. Осы жылдың 1 тамызына ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға ұлғайды. Биылғы жылы ауданымызда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 32 мың 567 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде, негізгі дақыл - күріш 20 мың 542 гектар құрайды», - деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, экономиканы өркендетудің негізгі жолы – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту екені белгілі. Биыл 7 айда Сырдария ауданында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 2 млрд. теңгеге жуық 315 жобаға қаржылай қолдау көрсетіліп, жаңадан 324 жұмыс орны ашылды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендерде 2 көше құрылысы мен 3 көшені жөндеу жұмыстарына 469 млн. теңге бөлінді. Бүгінде мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі Мұрат Нәлқожаұлының айтуынша, ауданда жарықтандыру жұмыстары – өзекті мәселелердің қатарында. Бүгінде ауданға қарасты елді мекендердің электр желілерінің 70 пайызының тозығы жетіп тұр. Олардың ішінде электр желілерін шұғыл жаңғыртуды қажет ететін Шаған, Аманкелді, Қоғалыкөл, А.Тоқмағамбетов ауылдары бар. Аталған мәселе бойынша қажетті материалдар есептілігі әзірленуде дейді.
Бұдан бөлек аудандық бюджеттен елді мекендердегі тозығы жеткен трансформаторларды жаңалау үшін 25,8 млн. теңге бөлініп, «Кентау трансформатор зауыты» серіктестігімен 10 дана трансформатор сатып алынды.
Сондай-ақ, биыл ақпан айында Тереңөзек кенті көгілдір отынға қосылды. Қазіргі таңда, аудан орталығында 710 жеке және 11 көпқабатты тұрғын үй, 18 бюджеттік және кәсіпкерлік нысан табиғи газдың пайдасын көруде. Қазіргі уақытта газдандыру көрсеткіші 30 пайызды құрайды. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткішті 60 пайызға дейін жеткізуге жұмыс жүргізілуде. Тағы бір айта кетерлігі А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун, С.Сейфуллин, Шаған елді мекендерін газдандыру жұмыстарына жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге 30 млн. теңге жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жоба әзірленуде.