Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа нысан –жақсы нышан

Жаңа нысан –жақсы нышан

Облыс әкімі Н.Нәлібаев өткен айда «Балалар жылына» орай әр ауданда демеушілер есебінен бес ойын алаңы салынып, жыл соңына дейін ел игілігі үшін пайдалануға берілетінін мәлімдеген болатын. Аймақ басшысының игі бастамасы ауданымыздағы Шаған ауылында жүзеге асып, «Шаған – Жер» серіктестігінің қолдауымен спорттық ойын алаңы пайдалануға берілді. 

Ауыл халқының қуанышына аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бастаған атқарушы билік өкілдері ортақтасып, «Балалар жылы» аясында жүзеге асқан жобаға қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтты.

– Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында Шаған ауылының алатын орны ерекше. Аудандағы ең үлкен ауыл соңғы жылдары жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, өсіп-өркендеп келеді. Бүгін облыс әкімінің бастамасына байланысты ауыл орталығынан жаңадан спорттық ойын алаңы салынып, салтанатты түрде пайдалануға берілуде. Осыған орай қажетті жұмысқа қолдау білдірген «Шаған – Жер» серіктестігінің ұжымына шынайы ризашылығымды білдіремін. Мұндай жұмыс жыл соңына дейін Тереңөзек кентінде және бірқатар ауылдарда жүзеге асады. Бұл «Балалар жылының» шапағаты, елге тигізген пайдасы десек артық айтқандық емес. Сондықтан көпке ортақ іске қолдау білдірген «Шаған – Жер» серіктестігінің қамбасы алдағы егін науқанында алтын дәнге толып, адал еңбекті ту еткен диқандар ала жаздай еткен еңбегі жемісті, нәтижелі болуына тілектеспін, – деді аудан әкімі.

Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев пен «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркебұлан Жақып сөз сөйлеп, спорттық ойын алаңы ауылдың ажарын ашып, тұрғындардың спортпен шұғылданатын, демалатын жайлы орнына айналатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде «Шаған – Жер» серіктестігінің төрағасы Жеңісбек Сыздықов ауылдың дамуына үлес қосуға әркез дайын екенін айтып, спорттық ойын алаңының салынуына 10 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалғанын жеткізді.

– Мемлекет басшысы «Балалар жылына» орай Ел Үкіметі мен әкімдіктерге бірқатар нақты тапсырма берді. Тапсырмалардың барлығы елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын балаларға қатысты болғандықтан бәріміз үшін ортақ екені анық. Сондықтан аймақ басшысының жақсы бастамасына қолдау білдіруді жөн көрдік. Ауылдық мәдениет үйінің жанынан спорттық ойын алаңын салып, елді мекеніміз тағы да бір жақсы нысанмен толығуда. Алдағы уақытта да ауыл халқының, оның ішінде жастардың, балалардың спортпен, өнермен шұғылдануы және сапалы білім алуы үшін шаруашылық тарапынан нақты қолдаулар көрсетілетін болады, – деді Жеңісбек Шәкімбайұлы. Салтанатты іс-шарада ауыл ардагері Зұлхарнай Тасбергенов жиналғандарға ақ батасын берді. Жиналған жұртшылық спорттық ойын алаңмен танысып, орнатылған спорттық қондырғыларды пайдаланып көрді.


А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
20 тамыз 2022 ж. 412 0