Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҮКТІ ӘЙЕЛ АЮ ЕТІНЕ ЖЕРІК БОЛСА...

ЖҮКТІ ӘЙЕЛ АЮ ЕТІНЕ ЖЕРІК БОЛСА...


Қазақ халқында мынадай бір ырым бар. «Екі қабат әйел не нәрсеге жерік болса кейін туылған баласының мінезі жеген жерік асына тартады» деп нанады. Егер анасы аю етіне жерік болса, туылған баласы бейне аю секілді болады. Әрқандай жұмысқа қаражон, күшті келеді. Алпамсадай үлкен, дәу азамат болып ер жетеді. Мінезі аңғал-саңғал, аңқау келеді. Жұмыс істегенде қорбаңдап, икемсіз болады. Әрекеті баяу, аяқ алысы ауыр, балпаңдап, жайбасарланып жүреді. Айтқан сөзді желкесімен тыңдайды, құлағы ауыр, мінезі сабырлы көрінеді. Бір жұмысқа жұмсасаң, орнынан әзер қозғалады. Сараң сөзді келеді. Жүргенде екі жаққа ырғалып,  балпаң-балпаң етіп, аспай-саспай жүреді. Есейе, ес біле келе, ешкімге де дес бермейді. Қаруы ақылына сай, арыстандай азамат болып ер жетеді. Көзі жұмықтау, құлағы шұнақтау келеді. Қол-аяғы балғадай, екі беті алмадай, шымыр денелі болып өседі. Атағы жеті жұртқа жеткен, жетелі азамат болады. Бір кемшілігі – қорқақтау, табансыздау болады. Дүйім жұрт жиналған жерге көп байыздап тұрмайды. Үлкендерге, өзі теңдестеріне, тіпті өзінен кіші адамдарға да қарсы келмейді. Күші қаптал жетіп, ойы орап тұрса да, бір нәрсеге батылдық етпейді. Содан қарадай қашқақтап, шегіншектеп, бойын сыртқа тарта береді. Көп нәрсеге үрейленіп, үркектеп қарайды. Әсте алдыға түсіп, басқалардан қара озып жүгірмейді.
Ал ашу-ызасы келсе, бәрін де тас-талқан етіп, апырып-жапырып кетеді. Таудан тас құлағандай қопал-қопал қылықтар көрсетеді. Жерді жарып, айқай салады. Тіпті, бақырып-шақырып кетеді. Әйтеуір бір жақсысы, ондай мінез ұзаққа бармайды. Өзі сыйлап, жақсы көріп жүрген әлдебір үлкен адам ақыл айтса болды, ашуын тежеп, айбарын жоғалтып, тоқырап, тоқтап қалады. Ойланып, ашуын ақылға жеңдіреді.
Аю етінің жерігінен туылған азамат – елге еш жамандық ойламайды, қастық сайламайды. Басқалармен бәсекеге түспейді. Қызарақтап, қызғанбайды, қашанда өзіне бұйырған несібесін алып, оған қанағат етіп, жұмысты апырып-жапырып бітіріп тастайды да, қарны  тойса, жұмысы бітсе, балпаң басып қасқайып кете барады. Мұндай адам біреуге жұмыс істесе, істеген жұмысынан ақы дәметпейді, сүйінші сұрамайды.  Біреуге істеген ісін достық көмек, кісілік ниет, адамгершілігім деп, есептеспей жүре береді. Тіпті, азаматтығым деп те біледі.
Мұндай адамдардың өң-тұрқы көбінде қара торы не ақ-сары, не аққұбаша болып келеді. Сұлу шырайлы болады. Бармақ саусақтары барбиған жуан болады. Ерні салбыраңқы келеді. Мінезі жақсы болса да, көбінде қабағын түйіп түксиіп жүреді. Мұндай жеріктен туылған адамның біразы кебеже қарынды, ет жеңді келеді. Дөң, күдіс жауырынды, бура санды болады. Даусы аюдай күрілдеп шығады. Мінезі бірбеткей болады. Айтқанынан қайтпайды, ойға алғанын орындамай тынбайды. Өтірік айтпайды, шындықты бетке бадырайтып  айтып салады. Сосын жайбарақат қарап отыра береді. Кедей-кембағал,  жоқ-жітік, жетім-жесір, мүгедек-кәріп адамдарға жаны ашып, қарайласып жүреді. Қолдан келген көмегін аямайды. Қолда  барын бір-ақ бере салып қарап отыратын тұстары да болады.
Иә, аю етінің жерігінен туылған мұндай адам дүниені елең құрлы көрмейді. Топан суды тобығынан келтірмейді. Жалғанды жалпағынан басады, алған бетінен қайтпай алға қарай жүреді.  

Егер осындай аю етінің жерігінен туылған қыз бала болса, дене бітімі кесек, қол-аяғы ірі, жалпақ бетті, жалпақ алақанды, жалпақ табанды, қалың етжеңді ерінді, тана көзді, дана сөзді, дара мінезді еркекшора болады. Қару-қайраты ер адамдардан кем түспейді. Өзіне қарсы келген әйел болсын, ер болсын, белінен бүктеп, алып ұрады. Қолы жомарт, ақшелек, жарқын жағымды жүзді болады. Бір айыбы – қызғаншақ, ұрыншақ, қылжақ сөзді жындыбастау келеді. Махаббатқа жауапкерсіз, дала кезбелеу болады. Үй жұмысына сақ болғанымен жауапкершілігі аз болады. Тамақ істеу, бала бағуға мойын бұрғысы келмейді. Ыдыс-аяқ жаққа барса, салдыр-гүлдір еткізіп, бірін-біріне соғып, кемінде бір кесені сындырып кетеді. Киімді олпы-солпы киеді. Жарасса да, жараспаса да үстіне іліп алып, хан базарда, қонақта, тойда тартып жүреді. Басқалар өзіне қандай көзбен қарайды, қандай баға береді, онымен есептесіп жатпайды. Бәрі өзіне дұрыс  болса болды. Өз сезімі қабылдамаған, басқалардың айтқан қандай да ақылын қабылдамайды. Әйел адамдардан көрі ер адамдармен сырласуды, әйел адамдардың жұмысынан көрі ер адамдардың жұмысын істеуді ұнатады. 
 
Болат Бопайұлы Жота Қажы

18 сәуір 2018 ж. 1 561 0