Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан жастарының белсенділігі жоғары

Аудан жастарының белсенділігі жоғары

Жақында ғана Мемлекет басшысының пәр­менімен жас­тар сана­тының шегі 35 жасқа дейін ұлғайды. Бұл Жаңа Қазақстан­ды дамытуда жас­тар толқыны­ның үлес салмағы басым еке­нін, оларға артылар жауап­кершілік зор екенін білдіреді. Осы бағытта, бүгінде аудан жастарының белсенділігі артты. Жыл бойына жарқын жұмыс­тарды ат­қарып, қоғамның қоз­ғаушы күштері аудан­ның дамуына айтулы үлес қосуда.

Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ау­дан жастарының «Жетістікке жете­лейтін Жаңа Қазақстан» тақырыбымен дәстүрлі ХІV форумы өтті. Жастардың қорытынды іс-шарасына аудан әкімі М.Ергешбаев, облыстық жастар ре­­-сур­с­­­­­­­­­­­тық орталығының директоры Т.Ті­лес және жастар жанашырлары қатыс­ты.

Форум басында құрметті мейман­дар «Білім ордасындағы жас ғалым­дар­дың рөлі» тақырыбындағы жас ға­­лымдар көрмесімен танысты. Ау­дан­­ның білімді жастары түрлі салада ізденіс жасап, ғылыми жоба­лар­ды қорғап келеді. Қазіргі ақ­­па­­раттық қоғамда ІТ саласына да қы­­зы­­ғу­шылық танытып, цифрланды­ру жү­­йе­сін меңгеруде. Олар ұлт­тық құн­­дылықтарды заманауи үл­гіге ла­йық­тандыруды да назардан тыс қал­дырмаған. Міне, сол ғылыми жобалар мен жетістіктер жыл қорытындысындағы жастар жиыны­ның көрмесіне қойылды. Оны аудан басшысына аудандық жас­тар ре­сурс­тық орталығының директоры Нұр­ман Абдрасилов таныстырды.

Мұнан соң елді мекендердегі жас­­тар бригадаларының жұмысын жан­­­дандыру мақсатында екіжақты мемо­рандумға қол қойылды. Мұнда аудандық жастар ресурстық орталы­ғының мұрындық болуыменмен Аман­келді және А.Тоқмағамбетов ауылы әкімдігі шаруашылықтарменекіжақты келісім жасады. Оның барысында елді мекендердегі жастар бригадасының жұмысына басымдық беріледі, оларға зор қолдау көрсетіледі. Тиісінше, жас буын өкілдері ауылдың өркендеуіне еңбек етеді.

Жастар форумының негізгі бөлімі «Волонтер» қойылымымен бас­тау ал­ды. Бүгінде ерікті жастардың қара­сы қалың. Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді ойлайтын олар жақсылық жасауға бейімделген. Кішкене болса да көмек көрсетіп, алғыс алу жас­тар арасында үлгілі үрдіске айналып келеді. Бұл осы шақта мемлекеттік маңызға ие болып, оған үлкен мән берілуде. Жас­тар театры қойған қо­йы­лымның өне бойында ерікті болу­дың мән-маңызы көрсетілді.

Дәстүрлі жастар форумының ашылуында аудан әкімі М.Ергешбаев жас толқынды Тәуелсіздік күнімен құттық­тап, ел дамуындағы жастардың рөліне тоқталды.

– Мемлекет басшысы «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең елі­міздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрі­сін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деп бүгін мен болашақтың жүгін се­німмен жүктеді. Мұны ортақ мүдде деп қарастыруымыз керек. Ел ертеңі – жастарға тиесілі. Елі­міз­дің абыройын асқақтату жолын­да кейін­гі тол­қынның ықпалы қашан­да үстем. Аудан жастарының бар­лық сала бо­йынша же­тістіктері жетерлік. Оның ішінде спорт, білім, өнер, медици­на салаларында ерекше қуаныш­тың бар екенін атап өткім келеді. Біздің мақтанышымыз, грэпплинг спорт тү­рінен әлем чемпионы Нұрдәу­лет Кар­бозов жуырда­ Испания мемле­кетінің Понтаведро қа­ласында өткен Әлем чемпионатынан алтын медаль иеленіп, барша аудан жұртшылығын қуантты.

Жас мұғалім, республикалық «Жас ғалым – 2021» байқауы жә­не облыстық «Үздік жас маман – 2022» байқауының жеңімпазы Пір­­жан Төлеген сынды өз арамызда жүр­ген талантты жастарымыз жетер­лік. Күні кеше ауданымыздың мақ­та­нышы «Сырдария» квартеті Алматы қаласындағы «Жыл таңдауы – 2022» жұлдыздар фестивалінде «Үз­­дік квартет» атанып, мәдениет са­­ласының жетістіктерін еселеді. Біз ауданның абыройын асқақтатып жүр­ген жастарымызды мақтан тұта­мыз! Баршаңызды жұдырықтай жұ­мылып, еліміздің, ауданымыздың да­муына аянбай үлес қосуға шақы­рамын. Жастық жалындарыңыз бен күш-жігерлеріңізді ауданның дамуы­на, өсіп-өркендеуіне жұмсай­тын­дырыңызға сенемін! – деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Негізінен, бүгінде жастарды қол­дауға ерекше мән берілген. Соған бай­ланысты жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосыл­ған. Сондықтан ауданда атқарылған игілікті шара­лардың барлығында аудан халқының төрттен бірін құрап отырған аудан жастарының өзіндік үлесі бар.

Мәселен, ауданда қоғамдық жә­не қайырымдылық істердің басында жас еріктілердің белсенділігі жо­ғары. Олардың көмегімен жыл басынан бері 1 отбасыға үй сатып алынып берілді және Қостанай облысына әлеуметтік көмек жіберілді. Мұнан соң ерікті жастардың қаты­суымен 150-ге жуық мұқтаж отба­сыға әлеуметтік көмек көрсетілген. Ал ауылдық округтерде жастар бри­гадалары құрылып, жұмыспен қамтылуда. Ал алдағы уақытта ауданда 500-ге жуық жасты жұмыспен қамту жоспарлануда. Соның нәти­жесінде, жастар арасындағы жұ­мыс­сыздық деңгейі 3,9%-ға дейін төмендемек.

Құттықтаудан соң жыл қоры­тындысымен белсенді жастар арнайы марапатталды. Алдымен, биылғы саяси науқанда белсенділік танытқан сырдариялық жас­тар Қа­зақстан Республикасының Пре­­зиденті Қ.Тоқаевтың, Респуб­ли­­ка­­­лық қоғамдық штаб жетекшісі Е.Қо­шановтың, Қызылорда облы­сы әкі­­мінің орынбасары Н.Сақтағанов­тың «Алғыс хатымен» мара­пат­тал­ды.

Ал жылдағы дәстүрмен әр салада жемісті еңбек етіп жүрген жас­тар аудан әкімінің «Өрлеу» жас­тар сыйлығының иегері атанды. Биылғы 10 жастың қатарында Бағлан Сағындықов, Әсел Көшер­баева, Жәнібек Алтынбеков, Сейтжан Қайырбек, Арын Адай, Аружан Мұханбетқали, Қаракөз Сәр­сен­бекова, Шынар Ақназарова, Ұлбо­сын Мұхамбетқалиқызы және Нар­қыз Балабекова бар.

Сонымен қатар аудан әкімінің арнайы «Ынта» сыйлығына Айдарлы ауылындағы жастар бригадасының бригадирі Зейнолла Сүндәтіллаұлы ие болды.

Мерелік іс-шарада облыстық жас­­­тар ресурстық орталығының дирек­торы Т.Тілес сөз сөйлеп, Сыр жастарының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Оның ішін­де, сырдариялықтардың белсен­ді­лігі жоғары екенін, барлық сала бойынша жетістікке жетіп келе жат­қанын айтты. Алдағы жылы да аудан жастарымен ауқымды жұмыс­тар жүргізілетінін де жеткізді.

14 рет өткізілген жастар фору­мында патриоттық акция ұйым­дас­тырылып, жастар «Біз біргеміз» әнін шырқады. Ұлттық жекпе-жектен Әлем және Қазақстан чемпионы Бей­бітжан Қобланов жас­тар­ды елді қарқынды дамытуға үлес қосуға ша­қырды. Одан бөлек, жас өнерпаз­дар өнер көрсетіп, ме­реке­лік көңіл-күй сыйлады.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
16 желтоқсан 2022 ж. 321 0