Билік халыққа есеп берді
Бұрын атқарушы билік халық алдында жылына бір рет қана есеп беретін. Ол және формальды түрде ұйымдастырылатын-ды. Бір сағаттық баяндама оқылады, бір кісі жауабы дайын сұрақ қояды, бір кісі бата береді. Сөйтіп, есеп беру жиын да қорытындыланады. Халық жауыр болған қалыптасқан үрдіс Президент пәрменімен бүгінде түбегейлі өзгерді. Билік жылына бір рет емес, тоқсанына бір рет есеп беретін болды.
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев әр тоқсан сайын барлық ауылды аралап, халыққа есеп беріп жүргенінен аудан тұрғындары хабардар. Халық жиындары ашық, еркін форматта ұйымдастырылып келеді. Баяндама оқылмайды, шенділер сахнаның төрінде отырмайды. Аудан басшысы атқарылған жұмыстарды түрегеліп тұрып баяндап, халыққа тіке қарап тұрып жоспарларымен бөліседі. Қойылған сұраққа да сол жерде жауап беріп, болар істі болады, болмайтын істі болмайды деп нақтысын айтады. Бұл – биліктің халыққа жақындай түскенінің дәлелі. Халық үніне құлақ асатын үкімет дегеніміз осы шығар, бәлкім. Біз кешегі аптада А.Тоқмағамбетов ауылы мен Тереңөзек кентіндегі есеп беру жиынына қатысып, осыны анық аңғардық.
Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы жиын ауылдық мәдениет үйінде өтті. Ауылдың ірі бастылары жақсы жиналыпты. Әр көшенің белсенділерін көріп, ауылдың бүгіні мен ертеңіне алаңдайтын халықтың бар екеніне куә болдық. Аудан әкімі М.Ергешбаев өзімен бірге жиынға аудан прокурорының, аудандық мәслихат хатшысы мен депутаттарының, тиісті мекеме басшыларыларының қатысып отырғанын айтып, қандай да бір сұрақ болса бірге талқылап, жауабын бірге іздеуге биліктің дайын екенін айтты. Сонымен қатар ауданда жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды тізбектеп, ауылдағы бірқатар көшенің жарықтандырылатынын, ауылдық емхананың күрделі жөндеуден өткізілетінін де атап өтті. Әрі қарайғы жиын сұрақ-жауап форматына ойысты.
Бірінші кезекте үлескерлер арасындағы жер дауы мәселесі көтерілді. Алаңдаушылық білдірген тұрғындар әкімдікке өздерінің ұсыныстарын айтты. Бұл жөнінде аудан басшысы барлығы заң аясында реттелетінін айтып, әкімдік тарапынан тек құқықтық кеңес берілетінін, мәселенің нүктесін үлескерлердің өздері қоятынын жеткізді. Иә, расында да солай ғой. Заңнан ешкім аттап кетпейді. Оның үстіне әкімдіктің сот ісіне араласып, бір тараптың құқығын шектеп, бір тарапқа басымдық беруге құқығы жоқ. Ең бастысы, елдің бірлігі керек. Қалғаны заң аясында кезең-кезеңімен реттеледі. Бірақ халықтың жерін пайдаланып, несібесін арттырып отырғандар халыққа жағдай жасау қажеттігін де ұмытпауы керек. Аудан әкімі осыған назар аударып, азаматтарды елдің, халықтың қамқоршысы болуға шақырды.
Жиында ірілі-ұсақты басқа да мәселелер көтеріліп, оларға жауап берілгеннен кейін аудандық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов сөз сөйледі. Ол соңғы жылдары ауылдың бірлігіне сызат түсіп, тірлігі тұмандана бастағанына қынжылысын білдіріп, жер дауынан да жоғары құндылықтар бар екенін айтты. Оның ішінде сыйластық, ағайынгершілік, татулық ұғымдарына тереңнен тоқталып, нақты мысалдар келтірді. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, ауыл халқын бірлікке, өзара түсіністікке шақырды. Ақын атын иемденген ауылдың алдағы уақытта өсіп-өркендеп, дамудың даңғыл жолынан биікке құлаш сермейтініне сенім білдірді. Сырттан келіп ешкім мәселені шешіп бермейтініне назар аударып, халықтың бірлік, ынтымақ ұғымдары аясында игі істерге топтасуына тілектес екенін жеткізді. Осылайша, есеп беру жиыны өз деңгейінде қорытындыланып, атқарушы билік өкілдері аудан орталығына бағыт алды.
Тереңөзек кентінің халқы кент мәдениет үйіне жиналыпты. Мұнда да аудан ардагерлерінің қарасы қалың болды. Сондай-ақ биліктің есеп беру жиынына мекеме қызметкерлері де қатысты. Аудан әкімі әдеттегідей қарапайым тілде, ұғынықты түрде есеп беріп, атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттерді саралады. Мұнан кейін халық сұрағын қойып, жауап алды. Тұрғындар кенттегі кәсіпкерлік саласын дамыту, жаңа сауда орындары мен мал базарын ашу, сондай-ақ қайтарымсыз грант мәселесіндегі кейбір түйткілдер туралы айтты. Сұрақтар жауапсыз қалған жоқ. Аудан әкімімен қатар тиісті сала басшылары кеңінен түсіндірме берді. Көтерілген мәселелердің орындалуын аудан басшысы жеке бақылауына алатынын айтты.
Есеп беру жиыны барысында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов сөз сөйледі. Ол кенттің әлеуметтік мәселелерінен хабардар екенін айта келе, тұрғындарды аудан тазалығын қалыптастыруға бірлесе атсалысуға, кәсіпкерлерді халыққа сапалы қызмет көрсетуге шақырды. Мемлекет тарапынан жақсы көмектер көрсетіліп жатқанын айтып, соның бәрін дұрыс, тиімді пайдалану қажеттігін жеткізді. Әкімдікке иек арта бермей, қолда бар мүмкіндіктер негізінде алға ұмтылудың маңыздылығына назар аударды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі әр мәселе хаттамаланып, зерделеніп, тиісті шешімдер қабылданатынын айтып, мекеме басшыларына нақты тапсырма берді.
А.ИБРАГИМҰЛЫ