Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қарлығаш бөбек» – білімнің баспалдағы

«Қарлығаш бөбек» – білімнің баспалдағы

«Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру жұмысы басты назарда болуы керек. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеу­меттік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де бір­тіндеп азайтқан жөн.

Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан балабақшаны емес, тәр­биешіні аттестациялау қажет» деген Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауында білімнің бастауы болып табылатын балабақша ісі мен тәр­биешілеріне баса мән берді.

Биылғы «Балалар жылына» орай аудандық газет редакциясы да ба­лаларға арнап арнайы бет, ай­дарлар ашып, сол бағытта ауқым­ды жұмыс жүргізуде. Осындай ай­дарлардың бірі «Балабақша – бақыт мекені» деп аталады. Осы негізде күні бү­гінге дейін аудан мен ауыл­дардағы бөбекжайлар мен ба­лабақшалар туралы ақпа­рат­тандырып, оқырман назарына ұсынып келеміз. Бү­гін біз аудан орталығында ор­наласқан «Қарлығаш бө­бек» балабақшасы туралы қалам тербемекпіз.

Балабақша – бүгінгі бүл­діршін, ертеңгі еге­мен елдің азаматтарын тәрбиелеуде ең­селі еңбек етіп келе жатқан педагогикалық ұжым. Әр үй­дің бір еркесін тәлім мен тәр­биеге, тәртіпке үйретіп, ойлауды қатар дамытуға ықпал етіп жүрген орталықта бү­гін­де 50 бала тәрбиеленуде. Кент орталығынан орын тепкен бала­бақша 2017 жылдан бастап аудан халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде кез келген ата-ана «Қарлығаш бөбек» балабақшасына өз балаларын еш уайымдамай тәр­биелеуге жібере алады.

Балабақшада балалардың шығар­машылық және танымдық қабілетін дамытуға және өскелең ұрпақтың бо­йында ұлттық құндылықты дарытуға баса назар аударады. Сондай-ақ балалар сауықтыру-шынықтыру, эсте­тикалық талғамдарын дамыту, дарынды ұрпақ өсіру бағыттарын негіз етіп келеді.

Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің жұмысына жеке кәсіпкер, балабақша құрыл­тайшысы Қуанышкүл­ Сақтаға­но­­­ва­­­­ның сіңірген ең­бегі зор. Ол бү­гінгі таңда да бала­бақ­шадағы әр баланың еркін әрі жан-жақты дамуы бағытында педагогикалық ұйым­ға қолдау көрсетіп келеді. Ал балабақша меңгерушісі қызметін 5 жылдан бері Эльвира Збаирова атқарып келеді. Ұжымда 17 қызметкер жұмыс істесе, оның 8-і – педагог мамандар.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел ертеңдеріне білім беру­дің алғашқы баспалдағы болып табылатын балабақша ісіне ерекше мән беру қажеттігін тапсырды. Балабақша педагогтерінің жұмы­сын азайтып, табысын арттыру мә­селесінің де көтерілуі бізге күш-жігер берді. Сондай-ақ балабақша педагогтері арнайы аттестациялау­­дан өтеді. Біз ең алдымен ертеңгі ұрпақты тәрбиелеп жатқанымызды толық сезіне алуымыз қажет. Сонда ғана жұмыс жемісті, қызмет табысты болады. Және педагог мамандардың біліктілігі ең бірінші орында тұруы тиіс, – дейді «Қарлығаш бөбек» ба­лабақшасының құрылтайшысы Қ.Сақтағанова.

– Балабақша күн өткен сайын білім мен тәрбиенің сапасын арттыруға ба­рынша күш салып келеді. Педагогтер әркез біліктіліктерін арттырып отырса, тәрбиеленушілер де үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Атап айтар болсақ, Нағи Абылайұлы «Тіл болашағы – бала­бақшадан» байқауының жеңім­пазы атанды. Берік Сәрсенбай рес­публикалық «Балдәурен» байқа­уы­нан «Тәуелсіздікке тарту» номи­нациясы бойынша үздік атанды. Ал тәрбиеленушіміз Камила Берікқызы республикалық байқаудан «Шығармашыл бала» номинациясын жеңіп алды. Айзере Айдосқызы осы байқаудың «Ұстазым менің, ұс­тазым» номинациясы бойынша жүлдегер атанды. Балалардың кіш­кентай жетістігі – біз үшін қуаныш. Ел ертеңін тәрбиелеу жолында барымызды салатын боламыз, – дейді балабақша меңгерушісі Э.Збаирова.

«Қарлығаш бөбек» балабақшасы ұжымының бірлігі мен тірлігі қа­тар жарасқан. Сөзімізге дәлелді ба­лабақша ұжымының бірлесе атқарып, бағындырған көп белесінен айқын аңғаруға болады. Еліміздің ертеңіне айналар талапты бүлдіршіндерді тәр­биелеп отырған білім ордасының қызметіне біз де шығармашылық сәт­тілік тілейміз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
13 қыркүйек 2022 ж. 347 0