Халық сенімі бәрінен құнды

Саяси науқаннан кейін көп ұзамай Президентті Ұлықтау рәсімі өтті. Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты іс-шараға елімізден 2500-ден аса қазақстандық қатысты. Олардың қатарында Сыр өңірінен арнайы барған дегегат та бар. Сырдария ауданынан саяси науқан кезінде аудандық штаб төрағасы болған аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов пен аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы және мен Қазақстан Президентінің халық алдындағы ант беру рәсіміне куә болдық. Ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы ел-халықтың сенімі аманат екенін атап, алдағы жетіжылдықта мемлекетті қарышты өркендетуге күш-жігерін жұмсайтынына үлкен сенім білдірді.
Халық алдында ант берген соң Мемлекет басшысы бірден алда тұрған нақты міндеттерге тоқталды. «Қазір сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті арқаны кеңге салуға болмайды, бірден іске кірісуіміз керек» деген Президент ұлықтау рəсімінен кейін 5 Жарлыққа қол қойды. Соның ішінде, бірінші қол қойған құжаты – ауылды дамытудың 5 жылға арналған тұжырымдамасы. Бұл біздің түп-тамырымыз бен қарашаңырақ – алтын ұямызды, ұлт ұйытқысы ауылымызды бес жыл бойы түрлендіріп, жаңғыртып, жақсы өмірді орнықтыру жолында ұлан-ғайыр іс, адалдық пен əділдік шешімі деп қоғам өз құрметін көрсететіні анық.
Жалпы, халқымыз әркез барлық істе ауызбірлік танытып келеді. Көшті алға жетелейтін Мемлекет басшысын сайлауда да осындай ұтымды іске ұйыса білді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, елдің ертеңіне нық сеніммен қарап, Мемлекет басшысының саясатын қолдау арқылы болашағымызды баянды етуге мүмкіндік зор екенін де аңғартты. Сондықтан ел тізгінін ұстаған Президент еліміздің даму көкжиегін кеңейтіп, тату елдің тұғырын биіктете беретініне сенімдіміз.
Еркебұлан ЖАҚЫП,
«АМАNАТ» партиясы
аудандық филиалының
атқарушы хатшысы