Қаржы қызметінің үздігі
Қаржыгерлердің төл мерекесінде Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ашраф Жүсіпов «Қазақстан Республикасының Қаржы қызметінің үзідігі» төсбелгісімен марапатталды. Министрліктен келген марапатты Департамент басшысы Ғани Аманов салтанатты түрде табыстады.
Департамент басшысы мерекелік басқосуда ұлттық валюта – теңгенің шығу тарихына, қалыптасу кезеңіне тоқталып, қызметкерлерді қаржыгерлердің атаулы күнімен құттықтады.
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Қаржыгерлер және Ұлттық валютамыз – Теңге күнімен құттықтай отырып, ел мүддесі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін. Тәуелсіз Қазақстанымыздың және Сыр өңірі экономикасының қаржылай ахуалын нығайту жолындағы істеріңіз берекелі болсын. Сыр өңірінің қаржы қазаны ортаймасын, еліміздің ырыс-құты арта берсін, – деген департамент басшысы қаржыгерлердің еңбегі экономиканың барлық саласында жоғары сұранысқа ие екенін атап өтті. Белгіленген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудің табыстылығы ақша ресурстарын сауатты жоспарлау мен бөлуге байланысты екенін айтты.
Ғ.Аманов мереке қарсаңында марапат биігінен көрініп жатқан әріптестерінің еңбегін жоғары бағалады. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Қаржы қызметінің үздігі» медалімен марапатталған Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ашраф Жүсіповтің қызметте жоғары жетістікке жетіп, әріптестеріне үлгі-өнеге көрсеткенін айтты.
– Өздеріңіз білетіндей, «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісі лауазымдық міндеттерін үлгілі атқарғаны, мінсіз мемлекеттік қызметі үшін беріледі. Сондай-ақ бұл төсбелгімен ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындап, жемісті еңбегімен және жұмыстағы басқа да жетістіктерімен танылған азаматтар марапатталады. Айтып өту керек, төсбелгіге тек Қазақстан Республикасы қаржы жүйесінің органдарында кемінде 10 жыл мінсіз жұмыс істеген қаржы жүйесінің қызметкерлері және өзге де адамдар марапатталады. Ашраф Жүсіпов – осы талаптардың бәріне сай жұмыс істеген, ұжымды жақсы басқарып, салық базасының артуына үлес қосып келе жатқан әріптесіміз. Сондықтан марапатымен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тілейміз, – деді Департамент басшысы.
Салтанатты жиында саланың өзге де үздіктері ҚР Қаржы министрлігінің «Құрмет Грамотасымен», «Алғыс хатымен» марапатталды.
А.ИБРАГИМҰЛЫ