Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаржы саласының ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтады

Қаржы саласының ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтады

15 қараша – Ұлттық валюта күні мерекесіне орай аудан әкімі М.Ергешбаев ауданның қаржы саласы ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтады.

–  Тәуелсіздік алғаннан кейінгі біздің негізгі жетістіктеріміздің бірі – Ұлттық валюта теңгенің пайда болуы. 1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның өз валютасы теңге айналымға енгізілді. Содан бері атаулы күн ел тұрғындары үшін ерекше мереке болып саналады. Қазір біздің валюта – теңгемізді көптеген мемлекеттер біледі. Дизайны жағынан да дүниежүзіндегі ең мықты валюталардың бірі.

Қаржыгерлердің негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттің ақшасын дер кезінде жинап, тиімді пайдаланып, мемлекеттің экономикасының дамуына жұмыс жасау. Бүгінде осы салада еңбек етіп жүрген қаржыгерлер ауданымыздың дамуына өз үлестерін қосуда. Сала қызметкерлерімен қатар ардагерлердің де еңбегін атап өткен жөн. Қаржы ардагерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде аудан экономикасы дамып, тұрақты өсім қалыптасты, даму көрсеткіштері артты. Осындай нәтижелі жұмысты жалғастырып келе жатқан бүгінгі қаржыгерлерге де ризашылығымды білдіремін. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын. Сіздерге зор денсаулық, қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін, – деді аудан әкімі М.Нәлхожаұлы.

Салтанатты жиында аудан әкімі сала ардагерлері мен қызметкерлеріне Алғыс хат тапсырып, сый-сияпат көрсетті.

Өз кезегінде сала ардагерлері И.Әкімжанов, К.Әбдікәрім, Ж.Арық аудан басшысына алғыс айтты. 
Мерекелік жиында аудандық мәдениет үйінің әншісі Д.Разақов әннен шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Бибісара ЖАНӘЛІ
15 қараша 2021 ж. 680 0