Жол-көлік оқиғасы: Заңға бағынбағандар жазаланады
Құқық қорғау саласының мамандары жол-көлік оқиғасына байланысты түйткілді мәселелерді назарға алып келеді. Аудандық прокуратура мен аудандық полиция бөлімі бірлескен түрде тиісті іс-шараларды жүзеге асыруда. Мәселен, 2021 жылдың 6 айында жол көлік оқиғасы өткен жылмен салыстырғанда 10-нан 13-ке, жарақат алғандар 12-ден 22-ге өсім алса, қаза тапқандар саны 7-НІ құрап отыр. Осындай келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін арнайы жобалар қолға алынған.
Кейінгі жылдары жол-көлік оқиғасы салдарынан адам өміріне қауіп күшейе түскен. Темір тұлпарды тізгіндеген азаматтардың бейберекет әрекетінен қайғылы жағдайлар орын алуда. Сондықтан аудандық полиция бөлімі жол апаттылығына тікелей септігін тигізетін жол қозғалысы ережесін бұзушыларды анықтау мақсатында 4 рет «Қауіпсіз жол», 1 рет «Автобус», 6 рет «Құқық тәртібі», «Жолда қабылдау» акцияларын ұйымдастырған. Негізінен, есепті мерзімде аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің патрульдік полиция тобының қызметкерлері арнайы Заңға сәйкес, аудандық прокуратура органдарының рейдтік іс-шарасы нәтижесінде, көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқару бойынша 12 дерек анықтаған.
Айта кету керек, 14-19 шілде аралығында облыс көлемінде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
– Жедел-профилактикалық іс-шара барысында тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын алдын алу, бекітілген ережелерді өрескел бұзбауды қадағалайды. Өз кезегінде аудандық прокуратура жекелеген тұлғалардың қатысуымен орын алатын құқық бұзушылықтарға бақылау жүргізеді. Қазіргі таңда заң шеңберінде жол-көлік оқиғасын тежеу үшін көлік иелеріне түсіндірме жұмыстары тұрақты ұйымдастырылады. Оның ішінде, жолаушы тасымалымен айналысатын автобус және такси жүргізушілеріне талапқа сай ережені қатаң сақтау керектігі ескертіледі, – дейді Сырдария аудандық прокуратурасының прокуроры Д.Ұзақбаев.
Жыл басынан бері аудандық полиция бөлімінің мамандары бірнеше бағыттағы іс-шаралар негізінде заң бұзушылықтар анықтаған. Алдағы уақытта жол қозғалысын реттеу бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылмақ.
Балтабай Аябекұлы