Тоқаев: Еңбек дауларын көшеде, алаңда емес, келіссөз үстелінің басында шешу – жалғыз жол
Еңбек даулары қатаң түрде заң аясында шешілуге тиіс. Бұл жайында Маңғыстау жұртшылығымен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Маңғыстауда еңбек даулары жиі болып жататыны жасырын емес. Мен бұл жағдайдан толық хабардармын. Еңбек даулары қатаң түрде заң аясында шешілуге тиіс. Осы маңызды жұмысқа тәуелсіз кәсіподақтар белсене атсалысуы қажет. Өңірде бұл сала барынша қарқынды дамып келеді. Өте дұрыс, мен мұны қолдаймын. Мықты азаматтық қоғам қалыптастыра алсақ, бұдан ешкім ұтылмайтыны анық. Адам құқығын, оның ішінде еңбек адамының құқығын қорғау әрдайым басты назарда болуға тиіс. Еңбек дауларын көшеде, алаңда емес, келіссөз үстелінің басында шешу – жалғыз ғана жол. Маңғыстауда осындай жағдайлар сындарлы диалог арқылы шешіле бастағаны құптарлық жайт. Жалпы, еңбек даулары – жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы мәселе. Оны тараптардың мүмкіндігін және мүддесін мұқият ескере отырып, ортақ мәміле арқылы шешу – негізгі міндет», - деп атап өтті Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, осы орайда, тағы бір маңызды мәселе – еңбек қауіпсіздігі.
«Өткен аптада Қарағанды облысындағы шахтада жарылыс болып, 5 адам қаза тапты. Бірнеше адам жараланды. Мен марқұмдардың жақындарына көңіл айтамын. Олардың отбасыларына тиісті көмек көрсету туралы тапсырма бердім. Жарақат алған азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеймін», - деді Мемлекет басшысы.