Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс прокуроры Н.Бижановтың Үндеуі

Облыс прокуроры Н.Бижановтың Үндеуі

«Прокуратура туралы» Заңының 31-бабының тәртібімен

ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР!
Соңғы уақытта облыс кәсіпорын­да­рындағы еңбек даулары жиілеп кетті.
Көбінесе олар стихиялық ереуілдерге көшеді. Әлеуметтік-экономикалық және кәсіп­тік талаптарды қанағаттандыру мақ­са­тында қызметкерлер ереуіл жа­рия­лауға құқылы. Алайда бұл үшін татуластыру рәсім­дерінің кезеңдерінен өту керек, әйтпесе ереуіл заңсыз деп танылады. Осыған байланысты ұжымдық ең­бек дауларын қарау тәртібі 2015 жылғы 23 қара­шада қабылданған Ең­бек кодексімен (бұдан әрі – Кодекс) ретте­летінін түсін­діреміз.
Жұмыс беруші үш жұмыс күні ішін­де жұмыскерлердің қойған талаптарын қа­рауға және оларды шешу үшін шаралар қабылдауға, ал оларды шешу мүмкін болмаған кезде, өз шешім­дері мен ұсыныстарын жазбаша түрде жұмыс­керлерге жеткізуге міндетті (кодекстің 163-бабының 2-бөлігі). Бұдан әрі дау татуластыру комис­сия­сында (жеті жұмыс күніне дейінгі мер­зімде) шешілуге тиіс.Бұл тепе-теңдік негізде тараптардың бір­лескен шешімімен құрылған орган.
Татуластыру комиссиясы дауды шешу процесінде қызметкерлермен, жұмыс бе­ру­шімен және басқа да адамдармен консультация жүргізеді.
Комиссияның шешімі тараптардың ке­­лісімі негізінде қабылданады, хаттама­мен рәсімделеді және тараптар үшін мін­детті күші болады.
Татуластыру комиссиясының мүше­лері келіссөздерге қатысқан уақытта жа­­ла­қысы сақтала отырып, жұмыстан бо­сатылады. Бұл ретте тараптардың еш­қай­­сысы татуластыру рәсімдеріне қаты­су­дан жал­таруға құқылы емес екенін атап өтеміз.
Татуластыру комиссиясында келісім­ге қол жеткізілмеген кезде оның жұ­мысы тоқтатылады, ал тараптар дауды шешу үшін әкімдік өкілдерін (мемлекеттік еңбек инспекторын) тарта отырып, ең­бек төрелігін құрады (Кодекстің 165-ба­бының 6-бөлігі).
Еңбек төрелігі мүшелерінің саны, оның құрамы және еңбек дауын қарау тәр­тібі тепе-теңдік негізде тараптардың келісімімен айқындалады (бұл ретте ең­бек төрелігі кемінде бес адам болуға тиіс). Татуластыру комиссиясының мүше­лері жұмыскерлердің қаралып отырған талаптары бойынша еңбек төрелігінің құрамына кіре алмайды.
Еңбек төрелігінің шешімі жеті жұ­мыс күнінен кешіктірілмей төрелік мүше­лерінің қарапайым көпшілік даусымен қабылданады және орындау үшін мін­детті болып табылады. Төрелік реттемеген мәселелер бо­йын­ша соттарға жүгіну қажет. Бұл ретте жұмыс берушінің немесе прокурордың өтініші бойынша тиісті рәсімді сақтамай ереуіл өткізу тек сотпен заңсыз деп танылуы мүмкін.Бұл жағдайда сот заңсыз деп таныған ере­уілге қатысуды жалғастыруға мәж­бүр­ле­гені және шақырғаны үшін 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостан­дығынан айырумен қылмыстық жауап­кершілік көз­делген (Қылмыстық ко­декстің 157 және 402-баптары).
Азаматтарды қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, аран­да­тушылыққа бой алдырмауға және заңсыз ереуілдерге қатыспауға шақырамыз.
Құқық қорғау органдары белгіленген тәртіпке, қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғатын кез келген құқық бұзушылықтың жолын кеседі, сондай-ақ оларға жол бермеу жөнінде заңда көзделген шараларды қолданады.
26 наурыз 2022 ж. 237 0