Еңбек даулары туындағанда
Елімізде еңбек қатынастарын реттейтін негізгі нормативтік құқықтық акт 2015 жылы 23 қарашада қабылданған Еңбек кодексі.
Кодексте Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, келісімдерде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде көзделген құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру кезінде жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында туындайтын мәселелер еңбек қатынастары деп анықталған. Осы қарым қатынастар тепе-теңдігі бұзылған жағдайда еңбек даулары туындайтыны сөзсіз.
Еңбек кодексінің 172-бабына сәйкес, жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі органдарға жүгіну үшін мынадай мерзімдер белгіленеді:
1) жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша - жұмыс берушінің еңбек шартын бұзу туралы актісінің көшірмесі табыс етілген күннен бастап үш ай;
2) басқа еңбек даулары бойынша - қызметкер немесе жұмыс беруші өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиісті күннен бастап бір жыл.
Жеке еңбек дауларын қарау жөнінде органдарға жүгіну мерзімінің өтуі қаралып жатқан жеке еңбек дауы бойынша медиация туралы шарттың қолданылу кезеңінде тоқтатыла тұрады.
Сонымен қатар, Еңбек кодексінің 174-бабына сәйкес, еңбек дауларын келісу комиссиясында қарау тәртібі, келісу комиссиясына келіп түскен өтініш аталған комиссияда міндетті түрде тіркелуге тиіс.
Келісу комиссиясы еңбек дауын өтініш берілген күннен бастап күнтізбелік жетікүн ішінде қарауға міндетті.
Дау өтініш берушінің немесе ол уәкілеттік берген өкілдің қатысуымен қаралады. Дауды қызметкердің немесе оның өкілінің қатысуынсыз қарауға тек оның жазбаша өтініші бойынша ғана жол беріледі. Қызметкер немесе оның өкілі аталған комиссияның отырысына келмей қалған жағдайда, еңбек дауын қарау кейінге қалдырылады. Қызметкер немесе оның өкілі дәлелді себептерсіз екінші рет келмей қалған жағдайда, келісім комиссиясы мәселені қараудан алып тастау туралы шешім шығаруы мүмкін, мұның өзі қызметкерді осы Кодексте белгіленген мерзім шегінде еңбек дауын қарау туралы қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
Келісу комиссиясы отырысқа куәгерлерді шақыртуға, мамандарды шақыруға құқылы. Комиссияның талап етуі бойынша ұйымның басшысы оған қажетті құжаттарды белгіленген мерзімде табыс етуге міндетті.
Келісу комиссиясының отырысы оған қызметкерлер атынан өкілдік ететін мүшелерінің кемінде жартысы және жұмыс беруші атынан өкілдік ететін мүшелерінің кемінде жартысы қатысқан жағдайда, заңды деп есептеледі.
Келісу комиссиясының отырысында хаттама жүргізіледі, оған комиссияның төрағасы немесе оның орынбасары қол қояды.
А.Абдулла,
Сырдария аудандық
сотының төрағасы