Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда жаңа кәсіби мереке бекітілді

Қазақстанда жаңа кәсіби мереке бекітілді

Қазақстанда 10 қарашада Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні аталып өтіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» тиісті қаулыға қол қойды.

Осыған байланысты 17 мамырда аталып өтілетін Байланыс және ақпараттандыру қызметкерлері күні мерекесі Байланыс қызметкерлері күні болып өзгертілді.

Жаңа кәсіби мерекені бекітуге сала қызметкерлерін қолдау мақсатында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бастамашы болды. Бүгінде олардың жалпы саны 155 мыңнан астам адамды құрайды.

Цифрлық трансформация – қоғамның өмір сүру сапасын жақсартатын, еңбек өнімділігінің өсуін қамтамасыз ететін, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі факторлардың бірі. Ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие.

Биыл Қазақстан БҰҰ электрондық үкіметті дамыту жөніндегі рейтингінде (UN Global e-Government Development Index) 193 мемлекеттің ішінде 28-орынды иеленді. Атап айтқанда, «онлайн-қызметтер сапасының индексі» бойынша еліміз 8-орында.

Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
04 қараша 2022 ж. 411 0