Халықтық мереке һәм еңбеккерлердің дүбірлі думаны
Республика күні және берекелі «Алтын дән-2022» мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты іс-шара өтті. Ұлттық мерекенің мән-маңызы жаңғырып, дала еңбеккерлері құрметке бөленген мерекелік салтанатта «Үздік ауданның» мерейі асқақтады. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі М.Ергешбаев, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудан прокуроры А.Кемалов, мемлекет және қоғам қайраткері А.Божанова бастаған зиялы қауым өкілдері, дала еңбеккерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Биыл қайта жаңғырған Республика күніне орай Мемлекеттік Ту енгізіліп, Мемлекеттік Гимн шырқалды. Мұнан соң аудан әкімі көпшілікті халықтық мерекемен құттықтап, аудан жетістіктерін саралады.
– Мемлекет басшысы ұлттық құрылтайда Республика күні мерекесін атаулы күндер қатарына қайта қосуды және еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуді ұсынған еді. Ел Президенті елдігіміздің, мемлекеттілігіміздің бастауында осы мемлекеттік мерекенің тұрғандығын айтып өтті. Сол себепті де биыл ұлттық мерекенің мәні мен маңызы қайта жанданып отыр. Осы ретте, Республика күнінің қайта аталып өтілуі біздің мемлекетіміздің азаттығын нығайта түсетіні анық. Осы орайда, биыл аграрлы аудан аймақта үздік атанып, мерейіміз асқақтады. Мұның барлығы – аудан халқының еселі еңбегінің жемісі. Барлық сала бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жетістігіміз көп. Одан бөлек, мерейлі мерекеде ауданның бірқатар азаматтары жоғары марапатқа ие болуда. Ауданның дамуына еңбек етіп жүрген азаматтардың жоғары марапат алуы ел мерейін өсірді. Сондықтан ардақты азаматтарға айтар алғысымыз зор. Сондай-ақ, біздің жетістікке жетуімізде дала еңбеккерлерінің үлесі мол. Баршаңызды ұлттық мерекемен құттықтаймын, – деді аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы.
Мерекелік салтанатта ауданның бірқатар азаматтары мерей тұғырынан көрініп, айтулы марапаттарға ие болды. Алдымен, ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына сүбелі үлес қосқан 9 сырдариялық «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды. Аудан басшысы мерейлі атақты арнайы табыстап, құрмет көрсетті.
Мерекелік іс-шарада «Жомарт жүрек – 2022» қайырымдылық байқауы аудандық кезеңінің жеңімпаздары арнайы марапатталды. Атап айтқанда, «Жыл меценаты» номинациясымен Мұрат Сәрсенбаев, «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясымен Сейткамал Сұлтанов, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен «Ақжарма және К» ШҚ төрағасы Қайрат Нұрсейтов, «Туған өлке» номинациясымен «Шаған Жер» ЖШС-нің төрағасы Жеңісбек Сыздықов марапатталса, «Жыл тұлғасы» номинациясына жақында ғана мезгілсіз дүниеден өткен Расул Есенов лайық болды. Белгілі меценат ауданда қайырымдылық істің басы-қасынан табылып, мұқтаж отбасыларға әркез көмек қолын созды. Осындай игілікті істерге атсалысқаны үшін Расул Әбутәліпұлы биылғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы «Ақпарат және қоғамдық даму» министрлігінің «Жомарт жүрек» республикалық байқауының «Жыл меценаты» номинациясына да лайық деп танылған. Аудан басшысы «Жыл тұлғасы» номинациясын ардақты азаматтың ұлы Фархад Расулұлына табыс етті. Табыстау сәтінде жиналған жұртшылықтың тұрып қошемет білдіруі абзал азаматтың рухына құрмет болды.
Мұнан соң ауданның өсіп-өркендеуіне қызмет атқарып жүрген бірқатар азамат Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» және «Алғыс хатымен», Астана қаласы әкімінің «Алғыс хатымен», сондай-ақ аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Сонымен бірге, мерекелік салтанатта ала жаздай еңбектің көркін қыздырып, өз саласында үздік шыққан еңбек озаттары мен үздіктер марапат тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, егін шаруашылығы саласында үздік көрсеткішке жеткен шаруа қожалықтар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер арасындағы аудан жеңімпаздары анықталды. Шаруа қожалықтар бойынша «Ақжарма және К» шаруа қожалығы, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бойынша «Мағжан және К» ЖШС І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, аудандағы іргелі шаруашылық құрылымдарына ІІ және ІІІ дәрежелі диплом табыс етілді.
Ал мерейлі мерекедегі айтулы жетістік – «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» номинациясы сахнаға шығарылып, лентасы мен статуэткасы аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорына табысталды.
Марапаттаулардан соң сахнаға аудан әкімінің «Ықылас гүлі» қойылып, аудан көркемөнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды. Мерекелік іс-шарада «Қазақстан даусы» мегажобасының жеңімпазы, жерлесіміз Құралай Мейрамбек сырдариялықтарды мерекемен құттықтап, әннен шашу шашты. Сондай-ақ, «Құрақтың Досжаны атындағы халық ұлт-аспаптар оркестрі», хор ұжымы және бишілер тобы М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан үзінді орындап, қошеметке бөленді.
Осылайша, халықтық мереке ауданда кең көлемде аталып, мереке аясында еңбек озаттарының да мерейі үстем болды. Дарияны жағалай орналасқан аудан дала дүбіріне бөленіп, мереке думанға ұласты.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ