Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Батырлар ауылындағы есеп

Батырлар ауылындағы есеп

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың ауылдық округтердегі кездесуі батыр ауылы Нағи Ілиясовта жалғасты. Кездесуде жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

«Аудан бойынша 2022 жылы барлығы 33,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде: негізгі дақыл күріштің көлемі – 20 728 гектар. Мал шаруашылығында төрт түлік мал басы мен өндірілген өнім көлемінде де тұрақты өсім бар. Аудан аграрлы мекен екенін белгілі. Бұл салада, әрине, Н. Ілиясов ауылының орны ерекше. Республикамыздың Еңбек Ері Абзал Ералиев батырымыз, ауданның «Құрметті Азаматы», мәслихат депутаты Дархан Ералиевтей азаматтарымызға ауылдағы тынымсыз тірліктеріне алғыс білдіреміз»,– деді М. Ергешбаев.

Нағи ауылы республикаға танымал, келбеті келіскен, көрікті, «Үлгілі ауыл» номинациясының бірнеше дүркін иегері атанған елді мекен. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары, күрделі мәселелер жоқ, көп шаруа ауыл тұрғындарымен келісе отырып, шешімін тапқан.

Ауыл тұрғындары қосымша кәсіп ашуға, орта және шағын бизнесті дамытуға ыңғайланған.

Сондықтан тұрғындардың аудан басшысына деген сұраулары кәсіп ашу және оған қаражат тарту төңірегінде болды. Жеңілдетілген несиелер алу, қайтарымсыз гранттар бойынша ұсыныстар айтылды.

Аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы ауыл азаматтарының кәсіп ашуға деген ынтасына ризашылығын білдіріп, тиісті сала басшыларына ауыл тұрғындарына толық түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.


Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
10 тамыз 2022 ж. 361 0