Аудан әкімінің мерекелік құттықтауы
Қадірлі білім қызметкерлері, оқушылар және ата-аналар!
Сіздерді жаңа оқу жылының басталуы – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ел Президенті Қ.Тоқаев өз Жолдауында: «Білім саласындағы ахуал ерекше назар аударуды талап етеді. Біз білімсіз еліміздің дамуын қамтамасыз ете алмаймыз», - деп атап өтті. Осы орайда, білім – игілік пен бірліктің, байлық пен дәулеттің, жарқын болашақтың кепілі екені анық. Сол себепті де біз бәсекеге қабілетті дамыған ел болу үшін жоғары білімді ұлт болуымыз шарт.
Қазіргі таңда білім саласы өркениет көшінің бастауына айналып, жүйеде жасалып жатқан жаңаша өзгерістер, саланы дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар – әлемдік өркениеттің көш басына ұмтылудың бастау көзі болып отыр. Осы ретте, мектептің жүрегі саналатын ұстаздар қауымының мәртебесін көтеру үшін білім саласында айтарлықтай серпін бар. Атап айтқанда, өткен оқу жылында Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Заңға сәйкес, педагогтардың еңбекақысы өсті, мәртебесі жоғарылады. Сонымен бірге, ұстаздарға артық қағазбастылық пен жүктемеден арылып, тек жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісімен айналысуға жағдай жасалды. Мұның барлығы білімді ұрпақ тәрбиелеудегі жарқын бастамалар.
Өздеріңізге белгілі, жаһанды жайлаған індет салдарынан биылғы жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталады. Жалпы орта білім беретін мектептердің 1-4 сынып оқушыларына әр сыныпқа 15 балаға дейін кезекші сыныптар ашуға рұқсат етілген болатын. Соған орай, мектептерде тиісті жағдайлар болған жағдайда, ата-аналардың немесе балалардың заңды өкілдерінің өтініші бойынша білім алушылар қабылданды. Бүгінгі күні аудан бойынша 244 кезекші сыныпта 3417 оқушы білім алуда. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 859 бала қабылданды.
Аудандағы Жетікөл ауылындағы №174, Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектептер елді мекенде интернет жиілігінің төмендігі және мектеп оқушыларының аздығына сәйкес барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі түрде сабақты бастайды. Жаңа оқу жылында оқушылар оқулықтармен толық қамтамасыз етілді. Қашықтан білім беруге байланысты аудан ұстаздары мен оқушыларының электронды құрылғылармен қамтылуы басты назарда.
Қадірменді ұстаздар мен оқушылар!
Мемлекеттің келешегін көркейтетін – білімді ұрпақ. Егеменді елдің болашағы – жастарды жан-жақты білімді, саналы етіп тәрбиелеу – заманның талабы. Сол себепті бұл жолда ұстаздар қауымына артылар жауапкершілік зор. Сонымен қатар, жас жеткіншектер де озық ойлы, өрісі кең, өрелі азамат болуға ұмтылуы қажет. Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлы «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі»,-деген. Сондықтан ұстаздар қауымының өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстарына және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріне сәттілік тілеймін. Жаңа оқу жылы толағай табыстарға, жағымды жаңалықтарға толы болсын!
Мереке құтты болсын!
Құрметпен,
Руслан Рүстемов,
Сырдария ауданының әкімі