Жұртшылыққа қуаныш сыйлаған жәрмеңке
Газетіміздің өткен нөмірінде Тереңөзек кенті әкімдігі мен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі хабарлағандай, сенбі күні аудан орталығында жәрмеңке ұйымдастырылды. Молшылық мерекесін аудан әкімдігі мен «Байқоңыр» ӘКК» АҚ бірлесе өткізді.
Жәрмеңкеде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері халыққа төмен бағада ұсынылды. «Байқоңыр» ӘКК» акционерлік қоғамы (Өңірлік тұрақтандыру қоры) тарапынан аудан тұрғындарына арзан, қолжетімді бағада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін әкелді. Барлық өнімдер нарықтық бағадан арзан бағада сатылды. Сонымен қатар ауданның кәсіпкерлері де өз өнімдерін жәрмеңкеде халыққа ұсынды.
Көпшілікке қуаныш сыйлаған жәрмеңкені аудан әкімі М.Ергешбаев, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов аралап, сатушылармен және тұрғындармен пікірлесті. Аудан басшысы кент тұрғындарының игілігі үшін ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкеде өз өнімдерін арзан бағада ұсынған сатушыларға ризашылығын білдіріп, кәсіпте жеміс тіледі.
– «Көктемгі әрекет, күзгі берекет» дегендей, соңғы жылдардағы Сырдария өзенінде қалыптасқан судың жағдайына қарамастан аудан диқандары бітік егін өсіруді қамтамасыз етті. Былтыр уақытты тиімді пайдаланып, ұйымшылдықпен астық ысырапсыз жиналды. Биыл да осындай жақсы жұмыстар жүргізіледі деп сенеміз. Қырмандар қызылға толып, елдің ырысы артар тұсқа дейін ай сайын «Байқоңыр» ӘКК» акционерлік қоғамымен бірлесіп жәрмеңкелер өткізілуде. Осы ретте біздің ұсынысымызды қолдаған «Байқоңыр» ӘКК» АҚ алғыс айтамын. Жәрмеңкеге халықтың көп жиналуы, қажетті заттарын арзан бағада сатып алуы біз үшін қуаныш, – деді аудан басшысы.
Молшылық мерекесінде кент тұрғындары қажетті азық-түлікті арзан алғандарына алғыстарын жеткізді.
– Жәрмеңке сайын қажетті азық-түлікті молынан алып аламыз. Аудандық газеттен хабарландыруды оқып, бірден жәрмеңкеге келдік. Бұл жолы ұйымдастырылған жәрмеңке тағы да азық-түлік қорымызды толықтырып алуға септігін тигізді. Көктем айлары – молшылық мерекесі екенін сезініп жатырмыз. Демалыс күнімізді берекеге айналдырған жандарға алғысымды айтамын, – дейді кент тұрғыны Б.Іскендірова.
А.СЕЙІЛОВ