Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бесарықта "этноауыл" жобасы қолға алынбақ

Бесарықта "этноауыл" жобасы қолға алынбақ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Сырдария ауданына барды. Өңір басшысы бірқатар объектілерді аралап, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысты.

Биыл Бесарық ауылдық округіне жаңадан дене шынықтыру және сауықтыру кешені бой көтеруде. Құрылыс объектілерін көзбен көріп, жағдайды бағамдаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сала басшыларына нақты талап қойды.

– Қомақты қаржы бөлінгендіктен әрбір нысан сапалы әрі уақытылы аяқталуы керек. Мердігер мекеме әлеуметтік нысандарды салар уақытта жауапкершілікті айқын сезінуі қажет. Құрылыстың сапасы жоғары болуы тиіс. Бұл дене шынықтыру және сауықтыру кешені балалардың келешегі үшін салынғандықтан, сапаға мән беріңіздер, – деді Н.Нәлібаев.

Мұнан кейін, өңір басшысы ауылдық округтегі мұражай ғимаратына барып, мәдени саланың жұмысымен танысып, аймақ басшысы өңірдің тарихи-мәдени әлеуетін көтеріп, жас ұрпақты тәрбиелеуде мұражайлар мен кітапханалардың, ондағы жәдігерлер және кітап қорын көбейту ісі үлкен маңызға ие екендігін тілге тиек етті.

Облыс әкімі Н.Нәлібаев "Абай-Дәулет" ЖШС-нің өндірістік базасымен танысты. "Абай-Дәулет" ЖШС-нің базасында жылқы бордақылау алаңы, кірпіш зауыты, қой фермасы, құрама жем дайындау цехы, алма бағы және түйе шаруашылығы жұмыс істейді.

Бүгінде «Абай Дәулет» серіктестігі күрішті сапалы өндеп, өнімін ішкі нарыққа да, алыс-жақын шетелге өткізуде де тәжірибесі мол ірі компания. Олардың өнімдері сапа менеджменті талаптарына толық сәйкес келеді. Оған дәлел бүгінде Сыр салысын Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Украина және Тәжікстан елдеріне экспортталуда.

Кәсіпорын қайырымдылық жобаларына да белсене қатысады.

Аймақ басшысы ауылда кәсібін жүргізіп қана қоймай, елдімекен тұрғындарын жұмыспен қамтып, ауылды көркейтуге атсалысып отырған шаруашылық иелеріне ризашылығын жеткізді.

"Абай-Дәулет" ЖШС-нің меншік иесі Марат Сәрсенбаев алдағы уақытта тұрғындарға қажетті «Этноауыл» жобасын қолға алмақшы.

– Бүгінде қожалықта 200 аса түйе болса, оның ішінде 60 түйе сауылып, 200 литр сүт беруде. Одан әрі сүт өнімдерін қолжетімді бағада облыс орталығына жеткізіліп, арнайы «Сүт өнімдері» дүкенінде нарықта ұсынып келеміз.

Сондай-ақ, қазіргі таңда халыққа қажетті «Этноауыл», «Рәміздер алаңын» салуды жоспарға қойдық, және де биылдан бастап Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтерген жаңа қалаға гүлмен абаттандыру жұмыстарына кірісіп кеттік. Бұл аймақ тұрғындарының жақсы жағдайда өмір сүруіне жасалып жатқан игі жұмыстар,- дейді Марат Сәрсенбаев.

Ауданға жасаған жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі аудан басшылығына маңызды тапсырмалар беріп, ауданның экономикалық көрсеткіштерін жақсарту шараларын қабылдауды міндеттеді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

29 тамыз 2022 ж. 454 0