Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үкіметте құрылыс саласын реформалау мәселелері талқыланды

Үкіметте құрылыс саласын реформалау мәселелері талқыланды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов құрылыс саласын реформалау және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев өзінің баяндамасында құрылыс саласының тиімділігін арттыру тетіктерін әзірлеу қорытындылары бойынша заңнамалық түзетулер пакеті дайындалғанын атап өтті.

Осылайша, жаңа нормаларды енгізудің арқасында шағын және орта бизнестің мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, заңсыз және өнімсіз қосалқы мердігерлердің, сондай-ақ біліктілігі жоқ лицензиаттардың қызметін шектеу жоспарлануда.

«Бұдан басқа, нарық субъектілеріне жер учаскелерін алу кезінде тең мүмкіндіктер беру, үлестік құрылыс саласын жетілдіру және бүкіл сала бойынша лайықты еңбекақы төлеуді қамтамасыз ету жоспарлануда», делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Заңнамалық түзетулерді қабылдау құрылыс көлемін біркелкі бөлуге, орындалатын жұмыстардың сапасы мен ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Премьер-Министр ұсынылған жаңа енгізілімдердің негізгі бөлігін қолдап, мүдделі мемлекеттік органдарға есептеулерді қажет ететін тұстарды қосымша пысықтауды тапсырды.
24 тамыз 2022 ж. 316 0