Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БІРІНШІ БАЙЛЫҚТЫҢ БАҒАСЫН БІЛ !

БІРІНШІ БАЙЛЫҚТЫҢ БАҒАСЫН БІЛ !


Бүгінде қоғамның басты байлығы болып табылатын адам әлем бойынша сын көтермейді. «Аяншақ көзге шөп түскіш» деген мәтел бекерге айтылмаған секілді. Біздің психологиялық тұрғыдан әлсіздігіміз өзімізді құрдымға жібереді. Ауырғанға мән бермей жүріп алатынымыз және бар. Дәрігерге қаралуға асықпаймыз. Одан қалды ақ халаттылар алдына баруға сескенетініміз тағы бар. Туа бітті және жүре пайда болған сырқаттарға шалдыққандар күн өткен сайын көбеюде. Бұл орайда жаппай дүние жүзі халықтарының бас ауруын бірлесіп жеңуге арнайы ұйымдар бастамалар көтеріп, келешекте дертпен күресудің тың жобаларын ұсынуда. Оған дәлел ретінде дәрігерлердің көпшілік ортаға шығып, денсаулық акцияларын жиі ұйымдастыруын айта аламыз. Ғылыми зерттелген тәжірибелерін тұрғындарға ұғындырып, өз денсаулығына немқұрайлық танытпауға шақырады.
Әр жыл сайын денсаулық күні бүкіл әлемде аталып өтіледі. 7 сәуір күні адамзаттың бірінші байлығына байланысты күрмеуі шешілмеген мәселелер көтеріледі. Жергілікті мамандар белсенділік танытып, жан-жақты кеселден құтылудың жолдарын жұртшылыққа кеңінен түсіндіруге ұмтылады. Осы ретте жақында салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, амбулаториялық – емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасы, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және Жастар ресурстық орталығы, жас­тар денсаулығы орталықтарының бірігіп ұйымдастыруымен аталмыш күнге орайластырылған «Сау болу – Сәнді!» ұлттық бағдарламасы аясында «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Қызылорда облысы бойынша филиалы, аудандық «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ-нда халыққа арналған кең ауқымды акция өткізілді.
Халық арасында денсаулықты сақтау және аурулар мен мінез-құлықтық қауіпті факторлардың алдын алуға қатысы бар жүйелі жұмыстар көрініс тапты. Дұрыс тамақтануға дағдылану, дене белсенділігі деңгейін арттыру, шылымқорлық пен ішімдікті тұтынудан бас тарту секілді мәселелер көтерілді.
Бұған дейінде аудандық емханада қызмет ететін денсаулық мектептері жайында айтқан болатынбыз. Аталмыш мектептер құрамындағы «артериалды гипертония және жүректің ишемиялық аурулары», «қант диабеті», «дені сау бала», «мінездің қауіпті факторлары», «скрининг кабинеттерінің мамандары» ақпарат көздерін аурушаңдық белгілеріне қарай таратты. Сонымен қатар дұрыс тамақтану туралы мағлұмат беріліп, инфекционист дәрігерлер «кенені адам денесінен дұрыс ажыратып алу техникасы» туралы тренингтер барысында көрсетті. Қырым қанды геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары туралы үгіт насихат жүргізіп, халық пікіріне құлақ асты. ЖИТС орталығының дәрігері «ӨЗ АИТВ статусыңды анықта» ұранымен АИТВ/ЖИТС ауруының эпидемиялық хал-ахуалы туралы және жұғу жолдары мен анықтау әдістері жайында ке­ңі­нен мәліметтер бер­ді. Ал, фтизиатрия бөлі­мінің мамандары туберкулез ауруының не­­­гізгі тудырушы қа­сиет­терін тілге тиік етіп, сақтану шараларын айтты. Бұдан өзге 1-30 сәуір аралығында «Қауіпсіз өмір!» ұлттық бағдарламасы аясында жарақаттың алдын алу айлығы жария­ланғандығын ма­­­­ман­дар ескеріп, аудандық емхананың травматолог қызметкерлері «Жарақаттану кезінде дәрігерге дейін көрсетілетін көмек» туралы үгіт насихаттар жүргізді. Өз кезегінде жастар денсаулығы орталығының мамандары 2-11 сәуір аралығында «Дұрыс тамақтану – үздік білім алудың жолы» тақырыбында онкүндік жарияланғандығына байланысты «Тәтті сусындар мен қанша қант тұтынасыз?» тренингін жүргізіп, тұрғындардың көп тұтынатын сусындарына байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы бағдарламасының тұрғындарға тиімді жақтарын нақты мысалдар арқылы келтіріліп, көрсетілді.
Сондай-ақ, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері де акция барысында халық денсаулығын нығайту мен аурулардың алдын алу мақсатында барлық бағытта санитарлық ағарту жұмыстарына байланысты толыққанды тұрғындарды ақпараттандырды. Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері акция қатысушылары арасында гір тасын көтеру сайысын жүргізіп, акцияға белсене қатысқан тұрғындарды «Алғыс хаттармен» марапаттады.

Б.ОРДАБЕКОВ
10 сәуір 2018 ж. 966 0