Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕГІННІҢ ЕБІН ТАПҚАН ЕЛ АЗБАЙДЫ

ЕГІННІҢ ЕБІН ТАПҚАН ЕЛ АЗБАЙДЫ


Аудан халқы қашаннан егін егіп, ел ырысын арттырып келеді. Тұрғындардың басым көпшілігі ырзық-несібесін жерден теріп, тынбай еңбектенеді. Бүгінде мемлекет тарапынан агроөнеркәсіпті дамытуға қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Жыл сайын ауыл шаруашылық өнімдерін өндіріп, көпшілікке ұсынуда. Оның ішінде Сыр салысын жинауда диқаншы қауымның үлес салмағы зор. Аудан былтырғы жылы ауыл шаруашылығы саласында оң нәтижелерге қол жеткізді. Алдағы уақытта ауыл халқының әлеуетін көтеру мақсатында аталмыш салада серпінді жұмыстар жалғасын табады. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауда «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі туралы айтылған. Мұнда аграрлық саясатты еңбек өнімділігін түбегейлі аттыруға нақты тапсырмалар берілген. Ендеше, алдағы уақытта жергілікті халыққа тиімділігі жоғары саналатын басым бағыттарды жүзеге асыруға күш жұмсалатын болады.
Ауыл шаруашылығы саласын ғылыми тұрғыдан өркендетуде кәсіби мамандардың рөлі зор. Ол үшін тәжірибені біліммен, ғылыммен ұштастыру, озық технологияны ендірудің де маңызы зор. Ол үшін аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керектігі жөнінде Жолдауда баса айтылған. Кәсіби мамандарды жергілікті жерлерден тарту арқылы сапалы кадрлар даярлау мемлекеттің алдындағы басты міндет. Бұл дегеніміз түбегейлі аграрлық саланың жұмысын жаңа технологиялармен жабдықтап, жақсы өнім алуға жағдай жасалатыны анық. Егін егуде диқандардың басты қиындықтарын жеңілдетуге әлем елдерінің озық тәжірибелерін қолдану салаға серпін береді. Демек, жұмыс күшінің едәуір жеңілдеуіне, қызметкерлердің білім деңгейі тікелей әсер етеді. Ауданда егін шаруашылығы жыл өткен сайын айтарлықтай маңызды салаға айналып, жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылуда. Сыр салысымен қатар диқандар ауыл шаруашылық өнімдерінен мол өнім алуға ұмтылып, климатқа барынша төзімді сұрыптарды шығаруға күш салуда. Негізінен аймағымыз аграрлық жұмыстарға ерекше мән беріп, республика көлемінде алдыңғы қатардан көрінуде.
Кешегі қолынан кетпені түспеген, жүз центнершілер көшін бастаған Сырбойылық диқандар пір тұтқан Ыбырай Жақаевтың бүгінгі ізбасарлары баба кәсібін жаңаша бағытқа бұрып, озық технологиямен жарақтануға даяр. Елбасы Жолдауында да осы жағына айрықша назар аударылған. Атадан балаға мирас болған егіншілікті әртараптандыруға заман талабына сай жерлерді тыңайтуға, минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелерін қалыптастыру аграрлы саланың негізгі фукцияларына кіреді. Сондай-ақ, келешекте техникаларды жетік меңгере отырып, өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтау мамандар құзыретіне жүктеледі. Осы орайда, әрқашан қамбасынан құт кетпеген жергілікті халық несібесі ортаймасын дегіміз келеді.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
01 ақпан 2018 ж. 1 854 0