Суға түсу қауіпті
Күн сайын су айдындарына адам кету фактісі жиілеп кетті. Жаз маусымы басталғаннан бері ересектер мен жасөспірімдер суға батып, жекелеген отбасылар қайғы жамылуда. Қазіргі уақытта аудан көлемінде орналасқан су арналарына шомылуға көпшілік бейім. Күнделікті аудандық төтенше жағдайлар және №12 өрт сөндіру бөлімінің мамандары рейд ұйымдастыруда. Кезекті рейд барысында аудан тұрғындарына түсіндірме жұмысы жүргізілді.
Құрамында аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері С.Джалмухамбетова, №12 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері Ж.Нұрадин және А.Жұматаев бар арнайы топ Тереңөзек кентінде орналасқан «Әйтек» арнасына шомылып жүрген жастармен кездесті. Кездесу барысында арнайы үн парақ таратылып, рұқсат етілмеген жерге су түсу қауіптілігі ескертілді.
– Өздеріңізге белгілі, жаз маусымында суға арналарына шомылу аса қауіпті. Осы күнге дейін республика аумағынан жайсыз хабар толастар емес. Жақында ауданда қайғылы жағдай орын алып, қайғыдан қабырғамыз қайысты. Көбіне, жастар рұқсат етілмеген жерге шомылып жатады. Заматында сан түрлі оқиға орын алуы мүмкін. Сондықтан сала мамандары арнайы кезекшілік ұйымдастырып, суға түсуге келген жандарды кері қайтаруда. Тұрғындар мамандар айтқан ережелерге құлақ аспай, өздігінше әрекет етеді. «Сақтансаң – сақтайды» деген мақал бекер айтылмаса керек-ті. Егер сала мамандары ескертпесіне мән бермей, суға шомылған азаматтарға заң аясында шара көріледі. Балалардың ата-анасына айыппұл салынады. Сондықтан әрбір баланың беймезгіл уақытта не нәрсемен айналасып жүргенің мұқият бақылауда ұстаған жақсы, – деді аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы.
Расында, суға түсуге келетін жандардың дені балалар. Олар қатаң ережені ескерместен су түсетіні анық. Жазатайым суға түсу барысында аяқ-қолы тартылып, заматында суға батқан жағдайда қиындық соқтырады. Қай кезде де су арналарының жағалауында арнайы орнатылған ескертпе тақтайшаларға мән берген абзал. Талай жастың қыршыннан қиылуына көз жұма қарауға болмайды. Себебі, «Су – тілсіз жау» екенін ұмытпаған жөн.
Балтабай ОРДАБЕКОВ