Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Н.Нәлібаев: «Халықтың табысын арттыруда аймақта жаңа жұмыс орындарын ашамыз»

Н.Нәлібаев: «Халықтың табысын арттыруда аймақта жаңа жұмыс орындарын ашамыз»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов атқарылған жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz. 

Президент кейінгі жылдары халықтың табысы төмендеп кеткенін алға тартып, Үкімет пен өңір әкімдеріне көрсеткіштерді жақсарту туралы нақты тапсырмалар берді.

Соңғы жылдары халықтың табысы біртіндеп өсті. Былтыр бұл өсім 5 пайыз шамасында болды. Бірақ, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал, Қызылорда облысында халықтың табысы тіптен азайып кетті.

Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайыз болды,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кеңейтілген отырыстан кейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Президент тапсырмаларын орындау бойынша жиын өткізіп, қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

Расында, Қызылорда өңірінде соңғы 2 жылда халықтың табыс көлемі төмендеп кеткен. Мәселен, 2019 жылы халықтың нақты қаржылық табысы алдыңғы жылмен салыстырғанда 109,4 пайыз болса, 2020 жылы өсу динамикасы біршама төмендеп, 103,8 пайызды құрады. Жауапты сала басшылары тарапынан жіберілген кемшіліктер салдарынан 2021 жылы көрсеткіш тағы да төмендеп, 99,9 пайызды көрсетті. Қазіргі таңда бұл бағытта нақты шаралар қабылдау қажет.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халықтың табысын арттырудың бірден бір жолы ретінде өңірде түрлі инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу қажет екенін алға тартты. Бұл ретте аймақта нақты жұмыстар басталды. Айталық, биыл Сыр өңірінде 30490 жаңа жұмыс орнын құру межесі белгіленіп, 6 ай ішінде 14423 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде 5491 тұрақты жұмыс орындары.

Аймақта инвестиция тартуға басымдылық берілуде. 2022 жылдың I жартыжылдығының қорытындысы бойынша Сыр өңірі республикада алдыңғы бестікке еніп, 127,7 млрд.теңгенің инвестициясы тартылды.

Өңір басшысы Президент тапсырмаларын уақытылы, әрі сапалы орындалуы қажет екенін қатаң ескертіп, өзінің тұрақты бақылауында ұстайтынын жеткізді.
15 шілде 2022 ж. 566 0