Тікелей сауал жолдап, тиісті жауап алды
Апта басынан аудан әкімі Мұрат Ергешбаев елді мекендерді аралап, тұрғындардың талап-тілегін тыңдады. Қасына сала басшыларын бірге ертіп, ауыл халқын мазалаған мәселелер бойынша сұрақтарына жауап берді. Бұл жолғы кездесулер бұрынғыдан өзгерек. Олай дейтініміз, халықпен кездесу ғимарат ішінде емес, ауыл орталықтарында өткізілді. Және де арнайы регламент емес, кез келген тұрғын аудан басшысына тікелей сауалын жолдап, тиісті жауап алды.
Кездесулерде аудан басшысы алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Ауданға қарасты әрібр ауылда қандай жобалар, жұмыстар жасалып жатқандығын тілге тиек етіп, кез келген мәселеде ашықтық саясаты қолданылатынын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында халықпен тығыз байланыс орнату бойынша нақты тапсырмалар берді. Біздің алдымызда атқарылуы тиіс ауқымды міндеттер тұр. Оның барысында екі басты қағиданы қолдану қажет: әділеттілік пен ашықтық, – деді аудан әкімі.
Елді мекен тұрғындары әлеуметтік мәселелерді қозғап, ұсыныстарын білдірді. Айдарлы халқы білім беру және әлеуметтік саладағы негізгі проблемаларды көтерді. Ал Жеткіөл мен Аманкелді ауылында аяқ су, облыстық маңызы бар «Қызылорда – Айдарлы» автожолын күрделі жөндеуге қатысты ұсыныстар айтылды.
Бесарық ауылында жоспарлы инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілуде. Елді мекенде ұзындығы 8,4 шақырымды құрайтын 6 көше орташа жөндеуден өткізілуде. Оған қоса 380 млн теңгеге жаңадан спорт кешенінің құрылысы салынуда. Қоғалыкөлде 58,1 млн теңгеге Тілеу ұста және Қ.Сәтбаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге «Қызылорда – Қоғалыкөл – Шіркейлі» автомобиль жолына жөндеу жұмыстары атқарылуда. Бұл жұмыстардың сапалы жүруін ауылдың қауымдастық кеңесінің мүшелері өз бақылауына алған. Одан бөлек тұрғындар тарапынан жер мәселесі, ойын алаңдарын салуға қатысты сауалдар қойылды.
Шіркейліліктер ауылдағы Бейбітшілік және Қожамжаров көшелеріне жөндеу жұмыстарын жасау, дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізу жөнінде ұсыныстарын айтты. Ал үлгілі ауыл Н.Ілиясовта тұрғындардың аудан басшысына деген сұраулары кәсіп ашу және оған қаражат тарту төңірегінде болды. Жеңілдетілген несиелер алу, қайтарымсыз гранттар бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Шаған ауылында жиналған жұртшылық түйіткілді мәселелер бойынша, нақты айтқанда көше жөндеуі, жарық мәселесі, толғандырып жүрген жер мәселесі төңірегінде талап-тілектерін білдірді. Іңкәрдариялықтар болса аяқ су мәселесін қозғады. Бұл ауылдың халқы мал шаруашылығы және бақшалық егінмен айналысатын болған соң, аяқ судың келуіне байланысты ұсыныстарын айтты.
Тіректі ауыл Ақжармада да елді мекен тұрғындары көкейдегі сұрақтарын қойды. Атап өту керек, бүгінде Ақжарма ауылының бірнеше көшелері жарықтандырылып, 186,7 млн теңгеге ұзындығы 6,2 шақырымды құрайтын Ысқақов, Аукенов, Балапанов, Омаров, Садық ахун көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қалжан ахун ауылындағы кездесуде көпшілік аяқ су жеткізу және электр желілері, көше жөндеу, ауылдық дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөндеу мәселелері төңірегінде талап-тілектерін жеткізді. Сондай-ақ С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов ауылының халқы жер мәселесіне қатысты мәселелерді көтерді.
«Сұрақ-жауап» форматында өткен кездесулерде аудан әкімі М.Ергешбаев барлық мәселе ескерусіз қалмай, бақылауда болатынын айтты. Ауыл тұрғындарының кәсіп ашуға деген ынтасына ризашылығын білдіріп, тиісті сала басшыларына ауыл тұрғындарына толық түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ кезек күттірмейтін мәселелер бойынша нақты іс-шараларды қолға алуды тиісті сала басшыларына және ауыл әкімдеріне жүктеді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ