Мемлекеттік қызметші – қоғамның айнасы

Аудандағы алғашқы іс-шара мемлекеттік қызметшілермен кездесуден басталды. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен кездесуге аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, дербес бөлім басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдері және персоналды басқару қызметі мен мемлекеттік қызметтерді көрсетуге жауапты мамандар қатысты.
Кездесу барысында Департамент басшысы Ғ.Тұрсынбаев мемлекеттік қызметті өткеру, әдеп нормаларын сақтау және мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасап, мемлекеттік қызметтің имиджін арттыру бағытындағы алдағы жоспарлармен бөлісті.
– ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметті өткеру, мемлекеттік қызмет және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау бағытында жұмыстар атқарады. 2022 жылдың I тоқсаны бойынша Қызылорда облысындағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны 3343 бірлікті құрайды. Оның 14-і саяси мемлекеттік қызметші, 1-і «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі және 3328-і «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері. Есепті кезеңде мемлекеттік органдарда 75 бос лауазымдарға орналасуға конкурстар өткізілді. Конкурстарға 181 адам қатысып, орта есеппен бір орынға 2,4 үміткерден келді. Өткізілген конкурстар нәтижесінде 50 үміткер бос лауазымдарға қабылданды. Ішкі конкурстардың нәтижесімен жұмысқа қабылданған 18 үміткердің 14-і жоғары лауазымдарға тағайындалды. Өткізілген конкурстың барлығы қоғамдық байқаушылардың қатысуымен өтті, – деді Департамент басшысы.
Ал 2022 жылдың 5 айында Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің 5 отырыс өткізіліп, 31 мәселе қаралған болса, оның 14-і тәртіптік істер. Мұнан бөлек І тоқсанда облыстағы мемлекеттік органдарда 7 тексеру жүргізілген, оның ішінде 2-і профилактикалық бақылау болса, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік қызметшілердің өтініштері негізінде 5 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексерулер барысында 83 бұзушылық анықталып, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама бұзушылықтарын жою туралы мемлекеттік органдарға 2 ұсыну мен 5 ұйғарым енгізілген. Тексерулер нәтижесімен бұзушылықтарға жол берген 3 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылып, 6 азаматтың құқықтары қалпына келтірілген.
– Мемлекеттік қызметшілерінің негізгі міндеттерінің және оларға қойылған шектеулерінің, әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол бермеуінің сақталуына бақылау жұмыстары да жүргізілуде. Бақылау барысында 3519 мемлекеттік қызметші қамтылып, нәтижесінде 37 қызметшінің мемлекеттiк қызметте болуына байланысты шектеулерді сақтамағандығы анықталды. Соның ішінде коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді сенiмгерлiк басқаруға бермеген 34, кәсiпкерлiк қызметпен айналысқан 2, ақы төленетін қызметпен айналысқан 1 қызметші анықталды. Сырдария ауданының жергілікті атқарушы органдарының 12 мемлекеттік қызметшісі коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді сенiмгерлiк басқаруға бермегендігі белгілі болды. Осыған орай мемлекеттік органдардың басшылары, Әдеп жөніндегі уәкіл және Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мемлекеттік қызметшілерінің тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауына тоқсан сайын мониторинг жүргізу, еңбек уақытының сақталуына, БАҚ көздерінде жарияланған сыни пікірлерге тұрақты түрде талдау жүргізіп, тиісті шаралар қабылдау қажет, – деді Ғ.Тұрсынбаев.
Ал облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Б.Үмбетова мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексінің жаңа редакциясын таныстырып, мінез-құлық стандарттарын түсіндіріп өтті.
– Жаңа Әдеп кодексі ең алдымен қызметтік әдеп стандарттарын белгілеуге бағытталған және мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді орнықтырудың негізі болып табылады. Мысалы, мемлекеттік қызметші іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға, азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеуге тиістігі жөнінде өзге де талаптар енгізілген. Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған, – деді Б.Үмбетова.
Жұмыс сапары барысында Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы азаматтарға жеке қабылдау жүргізді. Қабылдауда мемлекеттік қызметті өткеру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелеріне қатысты сұрақтармен жүгінген азаматтарға түсіндірмелер берілді. Департамент басшысы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен де танысты. Қызмет алушыларға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтердің сапасына мониторинг жасалды. Мекеме жұмысымен аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының директоры, аудандық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов таныстырды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ