Жер мәселесіне қатысты түсіндірме Қоғалыкөлде жүргізілді

Үлескерлер мен ауыл тұрғындарының, жеке шаруашылық төрағаларының арасындағы туындаған мәселеге қатысты аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, аудан прокуроры Асқар Кемалов арнайы барып тиісті қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес түсіндірме берді.
Үлескерлер мен құрылтайшылардың арасында бірнеше сот процестері өткен. Сот шешіміне сәйкес, үлескерлердің жерді бөлу туралы жалпы жиналыстары да өткен. Үлескерлердің арасында өзара келіспеушіліктер, сот шешімдеріне аппелация беру шаралары да орын алған.
Аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, жер бөлу, төраға сайлау секілді шаруашылықтың ішкі жұмыстары үлескер мен серіктестік немесе шаруа қожалықтарының өздерінің арасында шешілетіндігін жеткізе отырып, өзара ортақ келісімге келіп, егіс жұмыстарына бірлесе атсалысуға және ауыл тұрғындарын сабырлыққа шақырды. Ең алдымен үлескерлердің, яғни, халықтың сұранысы қанағаттандырылу керектігін, барлық тараптардың құқықтарының тең сақталу қажеттігін атап өтті.
Аудан прокуроры Асқар Жаметұлы өз кезегінде тиісті заң нормалары қатысты түсіндірме берді. Заңның баршаға ортақ екенін жеткізіп, кез келген даудың шешілу жолы болатындығын атады.
Ортақ келісімге келмеген жағдайда, барлық шаруашылықтың ішкі жұмыстары мен тараптардың мәселесі сот тәртібімен шешілу қажеттігін, заңсыз әрекетке бармауды ескертті.
«Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген бар. Ауыз бірлік болса елдің ырысы артып, туыстық пен бауырмалдылық артқан болар еді. Қоғалыкөлдіктердің бірлігі артып, егіні бітік болсын.