Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Балаңыз от баспасын десек...

Балаңыз от баспасын десек...

Баланың болашағы үшін ата-ана ештеңеден аянып қалмайды. Бір отбасында қанша бала болса, үлкендерге де соншалықты жауапкершілік жүгі артыла түседі. Күнделікті өмірде жасөспірімдердің қатысуымен сан түрлі оқиғалар орын алады. Қазіргі уақытта алып-ұшып тұрған жастардың көбі құқық бұзушылық, үлкенді-кішілі қылмыстарды жасауға бейім екен. Ата-ана тәрбиесі босаңсыса, жасөспірім балалар да қадағалаудың бұғауынан шығып кетеді. Осылайша, бұзақылық әрекеттердің орын алуына тікелей себепкер болады.

Қазақта «Ұры – қарының серігі» деген сөз бар. Қазіргі уақытта ұрлық қылмысына қатысы бар жасөспірімдердің көбеюі өкінішті. Ұсақ-түйек ұрлық жасауға барған жас бала жаман әдетінен дер кезінде арылмаса, өзіне өмір бойы сор болып жабысарын білмейді.
Баласы үшін шырылдаған ата-ананы көзі­міз көріп жүр. Баланың жаман әдеті арқылы қылмысқа барып, тіпті өзгенің мүлкіне қол сұғу арқылы жеңіл жолмен табыс табуды көз­дейтіндер де кездеседі. Жалпы, ұрлық жасаған адамға шариғатта ауыр жаза тағайындалатыны айтылады. Анығын айтқанда, балалар 8 жасқа дейін жекеменшік ұғымын жіті түсінбеуі мүмкін. Баланың ойында «үлкендер жақсы көрмейді» деген, өздерін керексіз сезіну факторы басым болғандықтан ұрлық жасауға қалай барғанын да сезбейді. Жасөпірімдер ұрлық қылмысына өз қатарластарының арасында жоғары «мәртебе» алу үшін баруы мүмкін. Бәрінен бұрын жай ғана қызығушылық та ұрлық жасауға итермелейді. Отбасындағы әлеуметтік мәселелер де ұрлық факторларын көбейтеді.
Мысалы, өткен жылы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жасөспірімдердің қаты­суымен 2 қылмысты анықтаған. Биыл тәр­тіп сақшылары жасөспірімдерге байланысты жұ­мыс­тарды жалғастыруда.

«Ұрлық – түбі қорлық» екенін жастар бағ­дарлай алмас. Ал заңсыз әрекеті үшін ата-ана қай кезде де жауапкершілік арқалайды. «Балалар не себепті ұрлық қылмысына барады?» деген сауалға аудандық Жастар ден­сау­лығы орталығының психологы Назерке Қожа­гел­диева жауап берді.

– Ең алдымен, ұрлық және басқа да қыл­мысқа балалардың баруына қандай жағдай себепкер болғанын анықтап алған дұрыс. Балалар мен жасөспірімдердің саналы азамат болып қалыптасуына оның отбасында, мектеп қабырғасында, көшеде көріп-білгендері ерекше рөл атқарады. Қазіргі таңда ата-ананың мейірімі мен көңіл бөлуінің аздығынан балаларда девиантты мінез-құлық көбірек кездесуде. Олардың қараусыз қалуына жеткізетін негізгі себептің бірі – ата-аналардың жұмысбастылығы. Мұн­дай ата-аналардың балалармен байланысы жеткіліксіз болғандықтан тәрбиеде көп қате­ліктер кетеді. Яғни, девиантты мінез-құлық кез келген әлеуметтік ережелермен байланысады. Мысалы, баладағы ауытқудың екі түрі – жағымды-жағымсыз әрекеттерге қатысты. Бала жағымсыз әрекеттерге бейім келсе, қыл­мыс, қоғамдық тәртіпті бұзу, адамгершілік қа­сиет­терді, дәстүрді, әдет-ғұрыптарды аттап өту, өзіне-өзі қол жұмсау секілді тағы да басқа ауытқушылық белгілерін білдіреді. Түрлі дең­гейдегі қылмыстың жасалуына – бос уақыттың көптігі, пайдалы іспен айналыспау, ата-ана тарапынан бақылаудың өз дәрежесінде болмауы, құқықтық білімнің аздығы, интернетке тәуелділік, әлеуметтік желілердегі өзіне тартатын әртүрлі ойындар мен клубтардың болуы қатты әсер етеді. Девиантты мінез-құлықтың алдын алу бойынша мектеп пен отбасының өзара әрекеттестігі бағытында ата-аналармен жүргізілетін алдын алу, түзету, педагогикалық мәдениетін көтеру маңызды рөлге ие. Негізінен, ата-аналарға құқықтық тәрбие сұрақтары бойынша дәрістер оқу, әңгімелесу, педагогикалық өзіндік білімін көтеруге арналған нұсқаулар беру, ұжымдық және жеке тақырыптық кеңестер беру керек. Жағымсыз мінез-құлықты оқушының ата-анасына тікелей әсер ету әдістері бар. Девиантты мінез-құлықты кәмелетке толмағандардың отбасында қарым-қатынасты түзету маңызды. Отбасылармен жеке жұмыстар жүргізіп, қам­қорлығына алу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан девиантты балалармен тіке­лей жұмыс жасау міндетті. Себебі өсе келе балалар бұл әдетті күнделікті кәсібіне айналдырмасына кім кепіл, – дейді психолог.

Жалпы, кәмелет жасқа толмаған жасөс­пірім­­­­дер мен жастардың ісімен аудандық Жер­гілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция тобы айналысады. Жаппай бұзақылық, жастар арасындағы төбелес, түн мезгілінде жүру секілді жастардың қатысуымен болатын қылмыстар жиі орын алады. Осыған байланысты Жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция тобының инспекторы Айгүл Нұрымбетова жасөспірімдер арасында қылмысты болдырмау мақсатында ат­қарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Жыл басынан бері аудандық полиция бөлі­мінің қызметкерлері кәмелетке толмаған жас­тардың ісі бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Яғни «Абайлаңыз, балалар!», «Ба­лалардың жолдағы қауіпсіздігі», «Жасөспірім» тақырыбында жедел-профи­лак­ти­­калық іс-ша­ралары аясында балаларды қыл­мыс жасауға итермелейтін факторлардың алдын аламыз. Жыл басынан бері ювеналдық полиция тобының қатысуымен 30 құқық-бұзушылық анықталды. Кейбір балалардың ісі сотқа жолданып, ата-аналарына айыппұл салынды. Барлығына тиісті шаралар көрілді. Білім беру саласының қызметкерлерімен бірлесіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша ата-аналар жиналысы өткізілді. Арнайы бейне-ролик көрсетілді. Қазақта «Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы» деген сөз бар. Балалардың қылмыс жасауына себепкер болатын факторларды жоюға міндеттеміз. Үйге келгенде ата-ана баласынан беймізгіл уақытта қандай іспен шұғылданатынын сұрауы керек. Сынып жетекшісімен берік байланыс орнату қажет. Қолайсыз отбасыларда орын алатын жанжалдар балаларды шаршататыны рас. Үйдегі тәрбие дұрыс болмағандықтан құқық-бұ­зушылық жасауға балалар бейімделіп кетеді, – дейді А.Нұрымбетова.

Шын мәнінде, ұстаздар түнгі мезгілде рейд жүргізеді. Мезгілсіз уақытта жүрген балаларды үйіне қайтарып, қылмыстың алдын алады. Ал түнгі уақытта жүрген мектеп оқушыларына «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен ба­­лалардың қадағалаусыз және панасыз қа­луының алдын алу туралы» ҚР Заңы бойынша тиісті шаралар қолданылады. Бұдан бөлек сауда орындарда жасөспірімдерге шылым мен ішімдік сатпау қатаң қадаланғаны абзал. Сонымен бірге ата-аналар кәмелетке толмаған балаларынан автокөлік тізгіндеуге жол бермегені жөн. Себебі қазіргі уақытта жастардың қаты­суымен жол-көлік оқиғалары жиі кездесуде.

Бала «ұяда не көрсет, ұшқанда соны іледі». Сол себепті бала тәрбиесіне мән беріп, олардың өміріне жастайынан балта шаппау керектігін есте сақтайық! Жарқын болашақ – жастардың қолында.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
12 сәуір 2022 ж. 466 0