Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛЫҢ ҰЛЫҚТЫ, ҚЫЗЫҢ ҚЫЛЫҚТЫ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ...

ҰЛЫҢ ҰЛЫҚТЫ, ҚЫЗЫҢ ҚЫЛЫҚТЫ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ...

Бала дегеніміз – болашақ. Сол өсер ұрпағымызды қалай тәрбиелесек, болашағымыз солай болмақ.
«Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз». Ұрпағының санасына ұят ұялатқан, бала күннен дұрыс тәрбиенің негізін қалауда ана мен әкенің орны ерекше. Өз ұрпағына тура жол сілтеу ата-ананың басты міндеті. Жалпы ешқандай ата-ана баласын жаман болсын демейді. «Құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тұщымды мәтел орынды. Бұл жерде баланың өмірге келгені ата-ана үшін қаншалықты қуаныш болса, оның астарында соншалықты жауапкершілік те жатады. Тәрбиенің құдіретті күші мән бере қараған ата-ананың әрдайым биікке қолы жетеді. Балам жақсы болсын деп армандап қана қою аз. Сол баламызды білімді, тәрбиелі, мейірімді болып өсіп-жетілдіру үшін күндіз-түні танымсыз тер төгіп, өзі де үздіксіз жетілу үстінде болу қажет. Ендеше бар махаббатыңды төгіп, көп көңіл бөліп, баптап күтсең ғана жеміс ағашы секілді, кейін өскенде жайқалған жапырағынан саялап, жемісін жейтініңді өмір көрсетіп отыр емес пе? «Ата-ананың міндеті – тәрбиелеу және жақсылыққа үйрету» деген бір ұлы данышпан. Сол жақсылықты, ізгі істерді ата-ана, өзіміз істеп, үлгі болсақ қандай ғанибет. Бұл мақалада ұрпақ тәрбиесіндегі көп жылдық тәжірибеден көңілге түйген кеңестерімді жариялауды жөн көрдім.
«Тәрбие басы – тал бесік» дейтін сөз текке айтылмаған. Баланы тәрбиелеуде ата-ананың бір-біріне деген қарым-қатынасы, қалай сөйлейтіндігі, туған-туыспен, көрші-көлеммен қалай араласатындығы, келген қонақты қалай сыйлайтыны тіпті ұсақ-түйек болса да, қалай тамақтанатыны, дастархан басындағы әдептілігі, қалай киінетіні – бұның барлығы балаға әсер етеді.
Бала үлкенге қарап өседі. Балаға пайдасыз ақыл мен қатты ұрып соғу емес, қателескен жерін ақылмен, мысал келтіре отырып түсіндіре тәрбиелеу керек. Әр заманның өзіндік ерекшеліктері мен талабына сәйкес тәлім-тәрбиесі жаңарып, жетіліп отыратыны айдан анық. Ата-ана да осы тұрғыда мән берген дұрыс. Ер бала тәрбиесінде әкесі баласына ең алдымен «сенімділік» деген қағиданы үйрете білсе, көп нәрсені ұтады.
Себебі, сенім бұл тәрбиенің бастауы. Онан әрі ер баланың үсті-басын таза ұстауын, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, яғни аз сөйлеп, көп тыңдауды үйреткен абзал. Дене еңбегімен айналысуына мән бере отырып, үлкейгенде адал жолмен нан табуды, әр адамның өз күшімен білімімен ақша табуға мүмкіндігінің бар екендігін айтып отыруымыз керек. Азаматтық дәрежеге жеткен әрбір ер адам тек өзіне ғана емес, отбасына, Отанына шексіз, шынайы, адал тұрғыда қызмет етуі керектігін құлағына құю, жүрегінде махаббат пен сүйіспеншілік сезімін орнықтыра түседі. Ер жігіттің арманы мен мақсаты анық болуы шарт. Сондықтан, жұқпалы аурудай жаман әдет-қылықтардан ер баланың бойын аулақ ұстауға тәрбиелей білген жөн. Ащы да болса шындық, жасөспірімдер арасында адам ағзасын аздыратын орны толмас өкінішке соқтырар ішімдік пен темекіге әуестенушілер, ұрлық-қарлық, бопсалау мен әлімжеттік көрсету, төбелес ұйымдастыру, тіпті кісі өліміне бару әрекеттері көрініс табуда. Бұл «қамысты бос ұстаудан» шыққан ақау.
Отбасының тірегі әкесінің жадында сақтайтын нәрсенің бірі – тілі енді шығып келе жатқан сәбидің тілін қызықтап, балағат сөз айтқызбау.
Отбасында қыз баланың тәрбиесінің жүгі ауыр. «Қыз өссе елдің көркі» демекші, бүгінде тұлымшағы желбіреген қызымыз – ертеңгі бір азаматтың аяулы жары, келешекте ақ жаулықты ана болатынын әсте ұмытпауымыз керек. Ана болған соң ол өмірге ұрпақ әкеліп, оны биік сатыға көтеру үшін үлкен бір жауапкершілікті көтеретіні анық. «Қыз қырық шырақты» деген сөздің жаны бар. Қыз балаға анадан артық сырлас адам жоқ екенін ұмытпаған жөн. Кез келген мәселе туындағанда қыз баланың жанынан табылатын жан – анасының ақыл кеңесіне мән берсе, көп нәрсе өз жүйесін тауып тура жолға салып отырары сөзсіз. Әрбір ана өз қыз баласының кекшіл болмауына, адамдарға күлімсіреп, жылы ілтипатпен жауап беруге үйреткені жөн. Әрине әйелдің әдемілікке құмартуы заңды. Осы тұрғыда қыздардың әдемі, көрікті, сымбатты болып жүруі, табиғи сұлулықты сақтауға мән беруі де ана айтар ақылының бірі. Ерте тұру, тігін тігу, тазалық жұмыстарын жүргізу қыздар үшін болашағына аса қажетті іс-әрекеттер. Әйел адамның денсаулығы келер ұрпағының өміріне дем береді. Сондықтан ана болу үшін қыздарға жастайынан жағымсыз құбылыстардан ада болып, денсаулығына аса жауапкершілікпен қарау міндет.
Жан-Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шимайды қалай салсаң солай түседі. Бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, солай тәрбиеленеді» деген екен. Бұдан шығатын түйін «Ұлыңыз – ұлықты, қызыңыз – қылықты болсын» десеңіз ең әуелі оның өз ата-анасының еңбекқорлығы, ұстамдылығы, ақыл-ойы, сана-сезімі адамгершілігі әсер етпек.

Нағман ӘЙТЕНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
18 мамыр 2019 ж. 2 477 0