Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Орталық алаң – аудан ажары

Орталық алаң – аудан ажары

Туған жерге тағзым еткен түлектердің игі бас­тамасы мен жергілікті әкімдіктің тікелей қол­дауы негізінде бірер жыл бұрын Тереңөзек кентіндегі Орталық алаңға абаттандыру жұ­мыстары жүргізілген болатын. Соның нәти­жесінде Орталық алаң аз уақыттың ішінде адам танымастай кейіпке еніп, тамаша демалыс айма­ғына айналды. Бұл – бірлесе атқарылған жұ­мыстардың мәуелі жемісі.

Өткен аптада аудандық газет тілшілері Орталық алаңды аралап, ардагерлермен, тұрғындармен және кент әкімдігінің қызметкерлерімен пікірлесті. Күннің шуағында өзара әңгіме-дүкен құрып отырған ардагерлер алаңның аудан ажарына, сән-салтанаттың базарына айналғанын айтса, бірқатар тұрғын демалыс аймағының тазалығына жоғары баға берді.

– Күніне бірнеше шақырымды артқа тастап Орталық алаңға келемін. Осында ардагерлермен сөйлесіп, пікірлесіп, әңгімелесеміз. Қазіргі жағдайды бұрынғы кезеңмен салыстыруға келмейді. Бүгінде кентіміздің келбеті көркейген. Аудан орталығына кіреберістен бастап көшелер қалыпқа келтіріліп, жолдар жөнделуде. Жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр. Тұрғындардың жақсы өмір сүруі үшін жағдайлар жасалуда. Сондықтан аудан орталығының көркейгені – ортақ қуаныш, – дейді соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыров.

Кент әкімдігінің мәлімдеуінше, алаңның тазалығы мен абаттандырылуы күнделікті бақылауда екен. Бұл маңда бүгінде 10-ға жуық жұмысшы гүл егілетін орындарды әзірлеу, тырмалау жұмыстарымен айналысуда. Олардың айтуынша, келесі айда алаңға әсем гүлдер егіледі деп жоспарлануда.


А.СЕЙІЛОВ
05 сәуір 2022 ж. 628 0