Құрылыс сапасы тұрақты назарда
Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері орталық алаңның және Асқар Тоқмағамбетов ауылында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысына қоғамдық бақылау жүргізді. Оған аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров, ардагерлер, сала мамандары, мердігер мекеме өкілдері, кент және ауыл әкімі қатысты.
Осыдан 2 ай бұрын Тереңөзектегі орталық алаңды жаңғырту жұмысы қолға алынған болатын. Қазіргі таңда орталық алаңды абаттандыру мен көркейту-көгалдандыру бойынша «Асанас-Дар» ЖШС құрылыс жүргізуде. Тұрғындарға жайлы орта қалыптастыратын демалыс орны бүгінде 95 пайыз күрделі жөндеуден өткізілген. Мәселен, 9730 шаршы метр тас төсеніш, 27 жарықшам, 8 орындық, жаңа үлгідегі 12 қоқыс жәшігі орнатылған. Сонымен бірге 432 метр темір қоршау жүргізілген. Абаттандыру жұмыстарына 50 адам қамтылған.
Өз кезегінде аудандық қоғамдық кеңес мүшелері орталық алаңда жүргізіліп жатқан құрылыс сапасына мән беріп, бірнеше ұсыныс айтты. Өнер майталмандарының киелі орны саналатын сахнаны жаңғырту бойынша бірқатар мәселе көтерді. Сахнаны безендіру, идеологиялық маңызы бар көрнекілік орнату, қабырғаларды сапалы етіп бояу, ескірген материалдарды ауыстыру, өнерпаздардың күту бөлмесін қайта жаңғырту секілді маңызды мәселелерге көңіл бөлді. Қоғамдық бақылау кезінде брусчатка арасынан сала мамандары су жиналып қалмауы үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыру керектігін жеткізді. Алдағы уақытта құрылыс толықтай аяқталып, тұрғындардың демалыс орнына айналмақ.
Орталық алаңнан кейін аудандық қоғамдық кеңес мүшелері Асқар Тоқмағамбетов ауылына барды. Мұнда жаңадан салынған тұрғын үйлерді аралап көрді. Аталған 3 тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. «Намыс-Құрылыс» ЖШС салған тұрғын үйдің аумағы 67,4 шаршы метрді құрайды. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталуға жақын. Тұрғын үй бөлмелеріне есік, арнайы сантехникалық құрылғылар орнатылған.
Бұл ретте, ардагерлер мен сала мамандары баспана сапасын бақылап, заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар орнатылғандығына көз жеткізді. Мердігер мекемеге аулада орналасқан әжетхана мен сарайдың арақашықтығын қайта жоспарлау керектігін жеткізді.
– Орталық аланның жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Болашақта аудан тұрғындары демалатын жайлы орынға айналатына сенеміз. Қазіргі таңда кент келбетінің айшықты, көрікті болуы үшін барлық жағдай жасалуда, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ