Орталық алаң демалыс аймағына айналды
Біреу білер, біреу білмес, осыдан тура 115 жыл бұрын «Орынбор-Ташкент» теміржолының салынуына байланысты Тереңөзек кентінің негізі қаланған екен. Аудан орталығының 115 жылдық мерейлі мерейтойы қауіпті індеттің тасасында қалып қойған сыңайлы. Өйткені, жыл басынан бері атаулы датаға байланысты ұйымдастырылған іс-шаралар туралы естігеніміз жоқ. Десе де биыл Тереңөзек кентінің Орталық алаңы жаңа кейіпке еніп, тұрғындарға тамаша тарту жасалды. Газетіміздің бүгінгі санында демалыс аймағына айналған Орталық алаңның бүгіні мен болашағы, тұрғындардың пікірі туралы қалам тербейтін боламыз.
ТҮЛЕКТЕР ТАРТУЫ
Көзі қарақты оқырман жақсы біледі, Орталық алаңды абаттандыру жұмыстары туған жерді түлетуді мақсат еткен түлектердің бастамасынан туындады. 1980 жылы №36 мектепті бітірген түлектердің былтырғы жылы қолға алған жемісті жұмысын бұған дейін де кеңінен ақпараттандырдық. Көз сүйсініп, көңіл марқаятын іргелі іс бүгінде өз жемісін берді. Түлектер идеясынан туындаған игі жұмысқа аудан тұрғындары мен қонақтары дән риза.
Көзі қарақты оқырман жақсы біледі, Орталық алаңды абаттандыру жұмыстары туған жерді түлетуді мақсат еткен түлектердің бастамасынан туындады. 1980 жылы №36 мектепті бітірген түлектердің былтырғы жылы қолға алған жемісті жұмысын бұған дейін де кеңінен ақпараттандырдық. Көз сүйсініп, көңіл марқаятын іргелі іс бүгінде өз жемісін берді. Түлектер идеясынан туындаған игі жұмысқа аудан тұрғындары мен қонақтары дән риза.
Туған жерге тарту жасауды көздеген түлектердің бірі Тыным Ибраева. Ол бірліктің арқасында біраз іс атқарылғанын, мұның бәрі туған жердің алдындағы перзенттік парыздары екенін айтады.
– Былтыр мектеп бітіргенімізге 40 жыл толуына орай сыныптастарымызбен ақылдаса келе, туған жерімізге тарту жасайық деген ниетте шешім қабылдадық. Аталған игі бастамаға Калининград, Санкт-Петербург, Мәскеу, Татарстан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Түркістан, Байқоңыр, Қызылорда және Тереңөзекте тұратын достарымыз белсене атсалысты. Біз туып-өскен өңір – қазақстандық ақ күріштің Отаны және ауданымыз үшін одан маңызды дақыл жоқ. Күріш өсіру жағынан Сырдария ауданы жылма-жыл үздік табыстарға қол жеткізіп келеді. Сондықтан ескерткіш-стелла арқылы Сыр маржанын бейнеледік. Бұл игілігін бүкіл ел көріп отырған күрішіміз алдағы уақытта да жайқала өсіп, халықтың ырысына айнала берсін деген тілектен туындады. Күріш сабағының ұшындағы алып сағат уақыттың қаншалықты құнды екенін, оны бағалау керектігін еске салып тұрғандай. Ал оның күн сайын сағат 07.00-21.00 аралығында соғатын дабылы тереңөзектiктердi оятып, белсендi болуға, еңбектенуге ынталандыруда деп ойлаймыз. Осы сыйымыз арқылы, бір жағынан перзенттік парызымызды орындайық, екінші жағынан түлектерден жақсы естелік болсын әрі кенттің көркін аша түссін деп ойладық, – дейді Тыным Ибраева.
Сыныптасының пайымды пікірін тереңөзектік Әділбек Серікбаев жалғай түсті. Ол барлық істің бастауында туған жерге құрмет тұратынын атап өтті.
– Халқымызда «Бірлік – барлық берекенің бастауы» деген қанатты сөз бар. Бабаларымыз «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп бекер айтпаса керек. Міне, осы қанатты қағидалар біздің сыныбымыздың ұранына айналды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған жігіттер мен қыздардың арқасында бірқатар жақсы істер атқарып келеміз. Барлық істің бастауында біздің туған жерге деген құрметіміз тұр. Ол құрметте біздің балалық арманымыз, бозбала шақтағы сеніміміз, азамат ретіндегі сезіміміз және шынайы ниетіміз бар. Сондықтан туған жеріміз Тереңөзекке қалай қызмет етсек те жарасады, қандай құрмет көрсетсек те лайықты. Біз аудан орталығындағы орыс орта мектебінен 1980 жылы үлкен өмірге жолдама алып, қанат қақтық. Бәріміз сыныпта жақсы оқыдық, үлгілі оқушы болдық, ұстаздарымыз да ұлағатты жандар еді. Мектеп қабырғасында алған біліміміз бен тәрбиеміз біздің саналы азамат болуымызға жол ашты. Енді сол білімімізді, өмірлік тәжірибемізді туған жеріміздің гүлденуіне жұмсап жатырмыз. Қай тарапта, қай талапта жүрсек те мектебімізді ұмытпаймыз. Ең бастысы, бізді байланыстыратын мектеп, бірге оқыған жылдар және бала күнгі естеліктер бар. Алдағы уақытта қолға алған жұмыстарымыз жалғасын табады деп сенеміз. Тереңөзектің қиырда жүрген ұл-қыздарын туған жерді түлетуге шақырамыз, – дейді Әділбек Серікбаев.
КЕНТ КЕЛБЕТІ КӨРІКТЕНЕ БЕРЕДІ
Орталық алаңның тазалығы кент әкімдігінің күнделікті бақылауында. Тереңөзек кентінің әкімі Нұржан Бисембаевтың айтуынша, демалыс аймағына жергілікті тұрғындармен қатар көршілес аудандардың да халқы қызығушылық танытуда. Сондықтан бұл маңда кәсіпкерлікті дамытудың маңызы зор.
– Кешкі уақытта орталық алаңға 200-ге жуық адам жиналады. Ата-аналар балаларын ойнатуға, серуендеуге алып келеді, естелік суретке түседі. Жақында аркалы жарықшамдарды іске қостық. Бұрын мұндай аркалы жарықшам тек қала орталығында болатын. Сондай-ақ бірнеше жыл істемей тұрған субұрқақты ретке келтірдік. Алдағы уақытта Майжарма каналының бойын жөндеп, жарықшамдар мен орындықтар орнатып, жаяу жүргіншілер арбатын қалыптастыру жоспарда бар, – дейді кент әкімі.
Кент – ортақ үйіміз. Оның таза, жинақы, жайлы болуына әрбір тұрғын атсалысуы қажет. Кент орталығының тазалығы мен жасыл желегіне жауапты Роза Рахымбаева былтырғыға қарағанда биыл гүлдердің жақсы өсіп тұрғанын айтады.
– Көздің жауын алатын, айналаға көрік беретін әдемі гүлдерге қызықпайтын адам кемде кем. Сондықтан кент орталығының ыңғайлы деген жерлеріне гүл отырғызып, оны күтімге аламыз. Бұл жұмыстарға қоғамдық негізде жұмыс істейтін еңбеккерлер тартылады. Олардың еңбегі адал, күннің ыстығында гүлдерді суарып, арамшөптерді жұлады. Жалпы кентте гүлдің 10-ға жуық түрі егіледі. Оның ішінде петуния, каан, георгина гүлдерінің үлес салмағы басым, – дейді білікті маман.
Жергілікті әкімдік өкілдері кент келбеті көріктене беретініне сенімді. Бұл ауданымыз үшін аса маңызды. Себебі кент – ауданның айнасы. Кент гүлденсе, ауылдар да өркендеп, жақсы істерді жүзеге асыруға ұмтылады. Сондықтан алдағы уақытта кент әкімдігі кешенді жобаларды жүзеге асыру бағытында еңбек ете бермек.
ЕРАЛИЕВТЕР ЕРЕКШЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУДЕ
Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев пен «Мағжан және К» ЖШС төрағасы Дархан Ералиевтің Тереңөзек кентінің Орталық алаңын абаттандыруға бағыттап жатқан қолдауы ерекше. Абзал Жұмашұлы Орталық алаңның жұмысымен апта сайын танысуды әдетке айналдырған. Қауырт жұмыстан қолы қалт етсе, Тереңөзекке келіп, демалыс аймағының жай-күйін көзбен көріп кетеді. Мамандармен пікірлесіп, өзінің мол тәжірибесімен бөліседі. Өткен жолғы кездесуде туған жердің ардақты азаматы Орталық алаңды абаттандыруға көп көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.
– Әркімге өзінің туған жері – Мысыр шаһары. Біз Сырдария ауданының тумасы ретінде өскен өлкеміздің өркендегенін жүрегімізбен қалаймыз. Маған түлектердің идеясы, мақсаты өте ұнады. Олардың ниетінен шынайы патриотизм анық аңғарылады. Сондықтан қолдан келген көмегімізді көрсетіп, қолдау көрсетуді жөн санадық. Гүл өсіруші білікті мамандарымызды кентке жұмылдырып, «Алтын сағаттың» айналасын бақылауымызға алдық. Калининград, Санкт-Петербург, Мәскеу, Татарстан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Түркістан, Байқоңыр, Қызылорда қалаларында тұратын түлектердің қолы көп тие бермейтіні белгілі. Сондықтан жергілікті азаматтар жанашырлық танытып, бір-бірімізді қолдап, жақсы істердің жемісті жүзеге асуына өз үлесімізді қосуымыз қажет. Бұл біздің азаматтық парызымыз, – дейді Қазақстанның Еңбек Ері.
Абзал Ералиев аудан әкімдігі алдағы уақытта Орталық алаңды кәсіпкерлікті дамыту бағытында пайдалану қажеттігін де айтты. Ол үшін тереңөзектік кәсіпкерлермен сөйлесіп, жобаларды бірге талқылау қажет. Бұл әкімдікке де, кәсіпкерлерге де тиімді болары анық. Алысты көре білетін, бағамдай алатын азаматтың бұл пікірі орынды. Жалпы Ералиевтердің ерекше қолдау көрсетуін жанашырлықтың белгісі ретінде қарастырсақ болады. Ол жанашырлық туған жерге деген махаббаттан, түлектердің идеясына деген құрметтен туындағаны анық.
ТҰРҒЫНДАР РИЗАШЫЛЫҒЫ ШЕКСІЗ
Орталық алаңға егілген талдар мен гүлдерді күтіп баптаудан бөлек бұл маңда кәсіпкерлікті дамыту да маңызды. Өйткені, демалуға келген халық тәтті сусындар ішіп, балмұздақ жегісі келеді. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлер онға жуық ойын машинасын жалға беріп, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауда. Мұнан бөлек Орталық алаңға жақын орналасқан «Серікбол» дүкеніне де келушілер көп. Мұның бәрі алаңға жақын аумақтарда кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беру қажеттігін білдіреді. Осы ретте ойын машиналарын жалға беруші кәсіпкермен пікірлестік. Жас кәсіпкер Шыңғыс Болатов өзінің жоспарларымен бөлісті.
– Үлкен қалалардағы демалыс саябақтарында ойын машиналары, велосипедтер, самокаттар жалға беріледі. Біз осы жұмысты Тереңөзекте жүзеге асырып жатырмыз. Тұрғындар біздің қызметімізді жақсы қабылдады. Кейде кезекке тұрып, балалардан машина ауыспай қалып жатады. Бұған біз қуанамыз, себебі сұраныс жоғары. Кәсіпкерлікті дамытуға ынтамыз жоғары, – дейді жас кәсіпкер.
Кент орталығының көркейіп, халыққа жаңа заман талабына сай қызмет көрсету бағытында жанданғанына аудан тұрғындары мен қонақтары дән риза. Солардың бірі жақында туған жерге елорда төрінен демалуға келген Әсем Ерболатқызы.
– Жақында Нұр-Сұлтан қаласынан Тереңөзекке келдік. Орталық алаң адам танымастай өзгеріп кетіпті. Әсем гүлдер, жайлы орындықтар, жарықшамдар мен субұрқақ кенттің келбетін ашып тұр. Бірнеше жыл бұрын бұл аумақ бос кеңістік еді. Қазір жайлы, ыңғайлы демалыс аймағына айналды. Осындай жақсы жобаны жүзеге асырған жергілікті әкімдікке алғысымыз шексіз. Жырақта жүріп, туған жерді сағынып келгенде абаттанған, көркейген туған жерімізді көріп, марқайып қалдық, – дейді Тереңөзектің тумасы Әсем Ерболатқызы.
Түйін
Іс пен сөз бір арнаға тоғысып, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін бекем бірлік пен шынайы ниет керек. Бұл қасиетті құндылықтар 1980 жылы аудан орталығындағы №36 А.Жданов атындағы орта мектебін бітірген түлектердің көңіліне нық ұялаған. Түлектердің бастамасымен, жергілікті әкімдіктің қолдауымен Орталық алаң аз уақыттың ішінде адам танымастай өзгеріп, демалыс аймағына айналды. Ең маңыздысы, аудан халқы демалуға, серуендеуге қала орталығына барып әуре болмайтын болды. 115 жыл бұрын негізі қаланған Тереңөзек кентінің алдағы уақытта да гүлденіп, көркейе беруіне тілектеспіз!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ