Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындар мәселесін тыңдады

Тұрғындар мәселесін тыңдады

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының мобильді көшпелі қабылдау топтары аудандардағы шалғай елді мекен тұрғындарымен кездесті. Сырдария ауданында Іңкәрдария ауылының тұрғындарының мәселесін тыңдады.

Топ құрамында облыстық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары бар. Сонымен қатар халықпен кездесуде аудан әкімі М.Ергешбаев, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Е.Жақып болды.

Қоғамдық қабылдауда іңкәрдариялықтар елді мекендегі білім ордасына күрделі жөндеу, балабақшаны үлкейту, жұмыссыздық, дәрігер қажеттілігі, жарықтандыру, тұрғын үй, интернет жылдамдығын арттыру мәселесін көтерді. Сондай-ақ ауылдық жерде кепілге қоятын үйлердің бағалануы төмен болуына байланысты жас кәсіпкерлерге кепілсіз және төменгі пайызбен несие қарастырылса деген ұсыныстарын жеткізді.

Мобильді топ мүшесі, облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Л.Төрешова барлық өтініштердің орындалуы партияның жіті бақылауында болатындығын атап өтті.

– ««AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлімелеріне жыл басынан бері тұрғындардан 800-ден астам өтініштер түсіп, олардың 60%-ы оң шешілді. 298 азаматқа заңнамалық тұрғыда кеңестер берілді. Бүгінгі мобильді қабылдаулар барысында азаматтардан түскен өтініштер шешімін тапқанша партияның тікелей бақылауында болып, нақты жұмыстар жасалады. Мұндай қабылдаулар алдағы сәуір және мамыр айларында облыстағы шалғай 20 елді мекенде ұйымдастырылады. Мобильді қабылдаулар жыл соңына дейін барлық аудандарда жалғасатын болады, – деді Л.Төрешова.

«ТТ» ақпарат
28 наурыз 2022 ж. 644 0