Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңақорған жұрты Жандарбекті төбесіне қойды

Жаңақорған жұрты Жандарбекті төбесіне қойды

Биылғы ҚР Мемлекеттік Рәміздерінің 30 жылдығы мерейтойын лайықты атап өту шаралары ерте басталып кетті. Тағы қайдан, Жаңақорғаннан бастау алды. Оның себебі бар, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы осы өңірдің тумасы, оның үстіне ол 80 жасқа толып отыр. Қос мерекенің қуанышын Сыр елінен сабақтаудың сырын осы ерекшеліктер білдірсе керек.

–Жаңақорғанның жері киелі, бұл топырақтан тарихи тұлғалар түлеген, анығында абыздар елі екенін екінің бірі біледі. Ұлы Қыпшақ мемлекетінің, Ақ Орданың, Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ арқылы ұлт шежіресі қалыптасқан жәдігерлер жері. Мұнда Қаратау мен Сырды тел емген қадірменді халық тұрады. Осындай қасиетті жұрттан Жандарбек аға Мәлібекұлы шықты. Яғни, қай жағынан алсаңыз да, қазақтың мерейін тасытатын табиғи, тарихи ерекшелік басым. Сондықтан мемлекеттік Рәміздердің 30 жылдығы алауын Жаңақорғаннан жаққанды жөн санадық, – дейді аудан әкімі Руслан Рүстемов.

Сонымен, қасиетті жұма күні, 25 наурыз күні ҚР Мемлекеттік Рәміздерінің 30 жылдығына және Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлының 80 жасқа толуына арналған «Тағылымы мол тұлға» атты салтанатты жиын өтті.
М. Көкенов атындағы Жаңақорған аудандық мәдениет үйі залына халық лық толды. Алдымен аудан басшысы облыс әкімі Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықованың құттықтау хатын салтанатты жағдайда тапсырды. Мұнан соң ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының «Арман шаңырақ» пьесасын жергілікті өнер шеберлері көрермен назарына ұсынды. Пьеса Елтаңбаның шығу тарихын суреттейді. Оның желісі Жандарбектің бала күнгі арманы арқылы ұлт болмысын баяндап, шаңырақтың қасиетін қанықтырған. Өте әсерлі шығарма рух пен руханияттың жемісін ұсынды.

Шараның екінші бөлігі аудан әкімі Р. Рүстемовтың модераторлық жүргізуімен Елтаңба авторының жерлестерімен жүздесуі бағытында жалғасты.

Өз кезегінде мерейтой иесіне ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбиев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің деканы, техника ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Толқынбаев, ағайындар атынан қаржы саласының ардагері Дайрабай Ысқақов, «Айғақ» телерадиокомпаниясының басшысы, Түркістан облысы мәслихатының депутаты Дулат Әбіш, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» Алшынбай Тұртанұлы ыстық лебізін білдірді. «Елтаңба – елдіктіктің белгісі» тақырыбын қозғаған тарихшы, өлкетанушы Әлімжан Ержанов рәміздер құндылығына кеңінен талдау жасады. Ал, айтыстың ақтаңгері Әбілқайыр Сыздықов Елтаңба авторына арнау өлеңін арнады.

Құрметті қонаққа мол сый-сияпат жасап, иығына зерлі шапан жабылды. Студенттік досы, ел ағасы Алшынбай Тұртанов Жандарбекке тұлпар мінгізді.

Мерейтой иесі халық алдында иіліп, киелі топыраққа тағзым жасап, Елтаңба туралы тағылымды ойын жеткізді. «Шаңырағың биік болсын, керегең кең болсын, босағаң берік болсын!» Қазақтар үшін ең бастысы – осы тілек-бата!» деп еске алды Жандарбек Мәлібеков.
Шараны аудан әкімі Руслан Рүстемұлы қорытындылап, Елтаңбаның қасиетін жеткізді, ал, сәулетші үшін өнер туындысын тарту жасады.

Ең бастысы, Жаңақорған жұрты Жандарбекті төбесіне қойды.

Қаныбек Әбдуов
27 наурыз 2022 ж. 480 0