Өндіріс өркендемесе, өсім болмайды
Әлемде дамыған елдердің көш басындағы Жапонияның өндіріс саласындағы жетістігі адам таңғаларлық дәрежеде. Күншығыс елі сонау сұрапыл соғыс жылдарынан кейін-ақ экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін жасыл экономикаға бірден бетбұрыс жасады. Сол арқылы өңдеу өнәркәсібі дамыды, ірі өндіріс орындары қызмет көрсете бастады. Жаңа технологиялар өндіріске енгізілді. Нәтижесінде, айналасы 20-30 жылдың ішінде экономикасы өркендеген елдердің көш басынан шыға келді.
Қазақстанның өндіріс саласына бет бұрған уақыты өткен ғасырдың еншісінде деп айту қиын. Мемлекетте егемендікке қол жеткізгеннен кейін экономиканы тұрақтандыру үшін ірі өнеркәсіп орындарын салу алдыңғы қатарға қойылмады. Оған тек осы ХХІ ғасырдың басында ғана мән беріле бастады. Оның өзінде қомақты қаржы құйылып, сән-салтанатымен ашылған өндіріс ошақтарының есігіне 2-3 жылдан кейін «қара құлып» салынды. Президенттің қатысуымен жалпыұлттық телекөпірлер ұйымдастырылып, жаңа индустрияландыру бағдарламасымен ашылған өндіріс орындарының көбісінің жұмысы жүйеленіп кетті дегенге бүгінде сенетіндер аз. Жүйелі жүзеге асырылуда дегендердің өзі өндіріс саласын өркендетіп жіберген емес. Бір ғана мысал, Өскемендегі машина жасау зауытының жұмысын айтуға болады. Мұнда аты айтып тұрғандай отандық автокөліктерді өндіріп, жасап шығармайды. Тек шетелдік автотехника мен ауыл шаруашылығы техникаларын бөлшектеп сатып алып, жинастырып, құрастырып береді. Оның өзінде сапасына, бағасына уәж айтатындар қатары жетерлік.
«Forbes Kazakhstan» журналының мәліметіне сүйенсек, индустрияландыру бағдарламасының бірінші және екінші бесжылдықтары аясында Сыр өңірінде құны 150 млрд теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асқан екен. Мақұл делік. Ал аталған бағдарлама аясында жыл сайын «биыл іске қосылады» деп әупірімдеп жүріп өткен жылдың аяғында іске қосылған шыны зауытының да әлі игілігін көріп отырған жоқпыз. «Іске қосылды» деген аты болмаса одан әлі де болса өндіріс өндірілмеді. «Tengrinews.kz» ақпараттық порталының ««Орда Гласс ЛТД» мамандарының болжамы бойынша бірінші шыныны 2022 жылдың сәуір айында өндіру жоспарлануда» деген ақпаратына сенсек, алдағы айда жаңалық болып қалар. Болмаса тағы бір «сылтау» табылар...
Міне, ірі өндіріс орындарының ашылып, одан өнім өндіру 2-3 жылды емес, он шақты жылды қамтитын болса, «Қазақстан экономикасы қарқынды дамиды» дегенді айтудың ауылы әлі алыс. Замана көшінен қалмай, жаңа технологияларды қолданысқа енгізіп, ірі өндіріс ошақтарын көбейтпей, болашақтың жарқын боларына да сеніммен қарау күмәнді. Біз санитарлық тазалық айлығын жариялап, сенбіліктерде ғана көшелерді күл-қоқыстан тазартып жүрміз. Бұл түрімізбен жасыл экономиканың жапондық үлгісіне жетуіміз неғайбыл. Ал олар бүгінде жасыл экономиканы өндіріске айналдырып жіберген.
Өндірмейміз, өңдейміз
Біз ірі кәсіпорындарда өндіріп жүрген жоқпыз, әзірге өңдеу өнеркәсібімен айналысып келеміз. Ел экономикасын тұрақты ұстап тұрған да осы сала. Яғни әр өңір өзінің сипатына сай қажеттіліктерді өңдеп, соны импорттап және экспортқа шығаруда. Мәселен, жерасты байлығымен танылған Қарағанды көмірді өңдейді. Ал Сыр елі – күрішті өлке саналады. Аймақ басты дақылды өңдеуден алдыңғы қатарда. Осыдан 10-15 жыл бұрын мұнаймен өңір экономикасы қарыштап тұрған. Жерасты байлығы сарқыла бастағаннан жұмыссыздық көбейді, экономикамыз да әлсірей бастады. Дәл сол уақытта біз өңдеуді өндіріске айналдыра алмадық. Салдарын бәріміз көріп отырмыз.
Ал енді күрішті өлкенің де дәуірі жақындап келе жатқандай. Сарқылмастай көрінетін Сырдария суының да тобыққа жетпей қалғанын көрдік. Өткен жылғы шаруалардың жан айқайы биыл егін егілер науқаннан-ақ басталды. Су тапшылығы басты дақыл күріш өңдеуге айтарлықтай кері ықпалын тигізбек. Бұл ретте, күріш сапасын арттырып, өңдеуде аймақтағы шаруашылық құрылымдары заманауи технологияларды қолданысқа енгізгенін айта кеткен жөн. Өткен жылдың өзінде Сырдария ауданында күріш ақтау зауыты іске қосылды. Десе де биыл ауданда 5000 гектар күріштік жерді азайту қажеттілігі туындап отыр. Жыл сайын күріш көлемі азая беретін болса, тағы да облыс экономикасына салмақ түседі. «Мұнай азайса, күріш бар» дедік, енді күріш көлемі азайса, экологиялық аймақ экономикасына қайдан қаржы құйылады?
Дәл осы сәтте біз мұнай сарқылғандағы қателікті қайталап алмауымыз қажет. Күріш көлемі азаямын дегенше өңдеуден өндіріске кірісіп кеткен жөн.
Өңдеу өнеркәсібі бойынша ауданда жетістік бар. Облыстық статистика департаментінің есептік көрсеткіштері бойынша 2022 жылдың 1 наурызына ауданның өнеркәсіп орындары қолданыстағы бағамен 1 545,1 млн теңгенің өнімін өндірген. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға артық. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі бойынша 1 409,9 млн теңгенің өнімі өндіріліп, былтырға қарағанда нақты көлем индексі 104,7 пайызды құраған. Бұл көрсеткіштің басым бөлігі егін саласына қатысты екені айқын.
Өңдеу өнеркәсібі саласында кемшін тұстарымыз жоқ емес. Мәселен, тері өндіру бізде қалыс қалды. Бұрындары төрт түліктің терісін, қойдың жүнін жұртшылық жарысып өткізіп жататын еді. Қазір ауданда сойылған малдың терісі, қырқылған қойдың жүні кәдеге жарамай, енсіз далада сасып жатыр.
Төрт түліктің терісі – өте қымбат шикізат. Дегенмен оны қабылдайтын орындар ауданда жоқ. Біз қазір шетелдік киім, былғарыдан тігілген аяқ киімдерді қымбатқа сатып алып жүрміз. Ал сол қымбат былғарылар өзіміз сойып жүрген төрт түлік терісінен жасалады. Енді қараңыз, сол терілерді өзіміз өңдеп, содан киім, аяқ тиім жасайтын болсақ, өзімізге арзан болар еді. Алайда бізде тері өңдейтін ірі кәсіпорындар мүлдем аз. Содан да болар кейбір өңірлердегі төрт түліктің терісі шет мемлекеттерге көптеп экспортталады. Тиісінше олар өз өнімімізді өзімізге еселеген бағамен сатады.
Статистикаға сүйенсек, жылына елімізде 2,5 млн-нан аса ірі қара мал сойылатын көрінеді. Соның 30 пайызы ғана елімізде өңделсе, қалғаны шетелге шығарылуда және тері қабылдайтын орындардың жоқтығынан күл-қоқыстың арасында жатыр. Кім ұтып, кім ұтылып отырғанын бағамдай беріңіз.
– Аудандағы шаруашылықтарда, жеке тұрғындарда төрт түлік мал жеткілікті. Бізде мал шаруашылығы жақсы дамыған. Бірақ мал өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар жоқтың қасы. Бүгінде бізге малдың етінен басқасы қажетсіз болып тұр. Терісі қуыста шашылып жатыр, болмаса өртеледі. Осыдан барып «төрт түліктің терісі, жүні, мүйіз, тұяғы, тіпті сүйегіне дейін кәдеге асыруға, кәсіп ретінде дамытуға нақ осы кезеңде не кедергі болып тұр?» деген заңды сауал туындайды. Бірақ ауданда осыны кәсіпке айналдыратын азаматтар болмай отыр. Жастар жағы осыған мән беріп, бейнетіне төзсе «қып-қызыл» ақша. Ата-бабамыз «төрт түлікті жесе – тамақ, ішсе – сусын, мінсе – көлік, кисе – киім» деп бекер айтпаған. Сондықтан мал терісін өңдегеннен ұтарымыз көп, – дейді аудандық мәслихат депутаты Бағдат Есназар.
Бетбұрыс бар, кедергі көп
Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамутыға басымдық берілген. Соның ішінде ірі болмаса да кіші өндірістерге бетбұрыс бар. Қазір облыс, аудан төңірегінде мемлекеттің қолдауымен инновациялық жобалар қаржыландырылып, қайтарымсыз несиелер беріліп жатыр. Соның ішінде шеге, шағын арматура шығару, сабын өндіруде серпін бар. Бірақ қаншалықты ауданда жоқ дүниені өндіруге бет алсаң, соншалықты «аяқтан шалатын» кедергілер алдыңнан шыға келеді. Инновациялық жобалардың да басты ерекшелігі сол – еш жерде жоқ кәсіпті бастау, тың идеяны жүзеге асыру. Десе де «аға, көке» әлі белең алып тұрған қоғамда тың дүниені бірден қолдауға әлі қауқарсызбыз.
Мәселен, ауданға қарасты С.Сейфуллин ауылындағы жас кәсіпкер Абай Тоқтаровтың «Макарон өнімдерін өндіру» жобасын бастай алмай жүргеніне биыл үшінші жыл. Бұл аудандағы тың жоба екені шүбәсіз. Өйткені, мұндай жоба бұған дейін қозғалмаған.
– Алғашқы 2019 жылы жаңа жобаны дайындап, ауданда қорғадым. Аудандағылар аса құптай қоймады. Тиісінше облыстағы комиссия мүшелері де қолдау танытпады. Алған бетімнен қайтпадым. Өткен жылы қайтарымсыз грант алу үшін жобамды қайта қорғадым. Былтыр онлайн форматында болды. Онда да облыстағы комиссия мүшелері «таңдаған ғимарат дұрыс емес» деді, тағысын тағы сұрақтар қойып, жобам тағы да қолдаусыз қалды. Тың жобаның бастапқы құны 3 млн теңге болды. Оған қажетті 2 аппарат және құрал-жабдықтарын аламын. Сол арқылы кемінде макарон өнімдерінің 5 түрін шығаруды жоспарлағанмын. Биыл қайтарымсыз грант алуға тағы ниеттеніп отырмын. Екі жыл көлемінде қажетті құрылғылар бағасы да өсіп, жоба құны 5 млн теңгені құрады, – дейді жас кәсіпкер.
Ауылда кәсіпкерлікті дамыту ауыл әкімінің тікелей міндетіне кіреді. Ауыл әкімі Бекзат Қыдырбаев биыл жас кәсіпкер жобасының қолдау табуына облысқа бірге баратынын айтады.
– Тың жоба екені көрініп-ақ тұр. Бірақ қолдау жоқ. Осы жобаны жан-жақты зерттеп, жас кәсіпкермен бірге Қармақшы ауданының Тұрмағанбет ауылындағы осы кәсіпті дөңгелетіп отырған кәсіпкерге арнайы бардық. Тәжірибесін көріп, білдік. Одан кейін қажетті аппараттарды Шымкенттен алуға да келісіп қойдық. Тек жоба қолдау тауып, қаржы берілсе, жас кәсіпкер кәсібін бастап кетеді, – дейді ауыл әкімі.
Ал Аманкелді ауылының жас кәсіпкері Бахытбек Жаппар жаздық аяқ киімдер өндірісін қолға алған. «Эва» резеңкесінен жасалатын тәпішкелер шығару жобасы бойынша өткен жылы 2 млн теңге қайтарымсыз грант жеңіп алады. Оған көршілес Қытай мемлекетінен қажетті құрылғыларды әкелген. Тағы бір қажетті құрылғыны алуға тапсырыс берген. Елде орын алған қаңтар оқиғасынан кейін керекті материалдардың келуінде кедергілер туындаған. Сондықтан бұл жобадан да әзірге өнім өндірілмей тұр.
Айта кететіні, қазіргі жастардың тың жобаларды жүзеге асыруға деген құлшынысы қуантады. Алайда, «бармақ басты, көз қыстының» әсері біздегі кәсіпкерліктің, өндірістің жылдам дамуын тежеуде. Осы мәселе түбегейлі шешім тапса, алдағы жылдар еншісінде кішіден басталған өндіріс ошақтары іріге айналып, халықтың әлеуеті бүгінгіден жақсы болары хақ.
Түйін
Өндірісті өркендету туралы сөз қозғағанда «экономикалық патриотизмді» ұмытпау қажет. Ол дегеніміз қанша жерден шетелдік технологияларды қолданғанымен отандық өндірісті дамытуға күш салумыз керек. Қолданыста отандық брендтерді тұтына бастау өндіріске тың серпін берері сөзсіз. Бұл жоғарыда айтқан кедергілерге де тосқауыл болары анық. Ал түптің түбінде, өрдіріс өркендемесе, ел экономикасында өсім болмайды, мемлекет қарыштап дамымайды. Бұл – бұлтартпас аксиома.
Ердос БЕРКІНБАЕВ