Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕМЕРЕВО. 25 НАУРЫЗ, 2018 ЖЫЛ

КЕМЕРЕВО. 25 НАУРЫЗ, 2018 ЖЫЛ


Көршілес елде қаралы күн жарияланды. Елдегі барлық мәдени-көпшілік шаралар тоқтатылып, мемлекеттік тулар төмен түсірілді.
Үстіміздегі жылдың 25 наурыз күні Ресейдің Кемерево қаласындағы «Зимняя вишня» деп аталатын ойын-сауық, сауда орталығында кенеттен өрт шығып, 64 адам ажал құшты. Оның көбі балалар. Тіпті бір үйден екі бірдей баланың ата-анасымен бірге опат болуы жантүршігерлік оқиға. Қазір тергеу-тексеру амалдары жүр­гізіліп жатыр. Кейбір деректерде ойын-сауық орталығы «әдейі өртелген» деген де болжамдар айтылуда. Осы оқиғадан кейін Ресейлік төтеншеліктер мен құқық қорғаушылар ірі сау­­да орталықтары мен ойын-сауық кешендерін жаппай тексеруге кірісіп кетті. Адамдардың бейбіт күнде тірілей жанып кетуі – адамзат баласының басына түскен зор қайғы. Мұның бас­ты себебі – жауапсыздық, немқұрайлылық деп атап көр­сетуде ресейлік ақпарат құралдары.
Қалай дегенмен ондаған адам өмірін жалмаған өрт апаты – адамдар өміріне қауіп төндірген тілсіз жау екенінің тағы бір дәлелі. Өткеннен сабақ алмаған адамдар әлі де сол жалқаулықтан, немкеттіліктен арыла алмауы өкінішті. Әрине, адамдар өмірін жалмаған оқиғаларды көптеп келтіруге болады. Дүниежүзі бойынша мұндай деректер өте көп. Ұшақ апаты, кемелердің суға батуы, автокөлік апаттары тағысын тағылар. Дегенмен сол апаттардың арасында балалардың болуы алаңдатады. Қазір Кемерево оқиғасында қаза тапқан балалардың саны ресми айтылмағанымен, олардың саны аз емес екені белгілі. Қалай болғанда да бұл оқиға мыңдаған адамға ой салды. Үш күнге созылған қаралы күндері (27,28,29) Ресейдің бүкіл қалаларында қарапайым тұрғындар қаза тапқандар үшін гүл шоқтарын қойып, көңіл айту жеделхатын жолдауда. Шетелдіктер де Ресей елшіліктерінің алдына келіп, қайғыға ортақ екендіктерін жеткізіп жатты. Астана қаласында орналасқан Ресей елшілігінің алдында жүздеген қала тұрғындары, қазақстандықтар жиналып, көршілес елдің қайғысына ортақ екендіктерін білдірді. Бірақ әр жүректің түпкірінде осынау шетсіз, шексіз қайғыға – өкініш сезімі, осыған жол бергендерге деген ашу-ыза, алдағы күнге алаңдаушылық қалғаны да рас. Мұндай ауыр жағдайды болдырмау жөнінде облыс басшысы да жиын өткізді. Халық көп шоғырланған, халыққа қызмет көрсету орындарында сақтық шараларын сақтау жүктелді.

С.ЕРІМБЕТ
31 наурыз 2018 ж. 1 002 0