Қызылордада балықшылар қауымдастығы құрылды
Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен осы жылдың ақпан-наурыз айларында бірнеше рет «Балық шаруашылығын дамытудың проблемалары мен мүмкіндіктері» тақырыбында балық шаруашылығымен айналысып жүрген жеке және заңды тұлғаларға арналған теориялық семинар-тренингтер өткізілді.
Семинар-тренингте балық шаруашылығы нысандарының түрлерімен таныстыру, көлдік-тауарлы балық шаруашылығының ерекшеліктері, балық өсіру, тамақтандыру, күтім жасау жолдары және облыста осы саланы дамыту мүмкіншіліктеріне қатысты мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, облыс көлемінде орналасқан жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарын және учаскелерін жалға алған жеке және заңды тұлғаларға мемлекет тарапынан кәсіпкерлік субъектілеріне көрсетіліп жатқан қолдау бағыттарын түсіндіру мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ҚОФ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ҚОФ және «Қызылорда ӨИО» ЖШС мамандарының қатысуымен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Түсіндірме жұмыстарының барысында балық шаруашылығымен айналысатын субъектілерге көрсетілетін қолдау түрлері, қаржы көлемі мен мерзімі т.б сұрақтар қамтылды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қызылорда облысының балық өсірушілері мен балық шаруашылығы субъектілерінің бірлесуімен «Сыр суы маржаны» заңды тұлғалар Қауымдастығы құрылды.
Қауымдастықтың негізгі мақсаты - қауымдастық мүшелерінің мүддесін таныту және қорғау болып табылады.
«Осы уақытқа дейін балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мәселелерін әрқайсысы өз бетінше шешіп келді. Себебі, бастарын біріктіретін арнайы ұйым болмады. Сол себепті бұл азаматтардың проблемаларын шешуде қиындықтар болды. Құрылған Қауымдастық алдағы уақытта аталмыш саладағы жүйелі мәселелерді жедел әрі сапалы шешуге мүмкіндік береді деген сенімдеміз», - дейді Палатаның сарапшысы Алма Пірманова.
Барлыбек БАТЫР.