Облыста кәсіпкерлікке қолдау қарқынды жүруде

-Былтыр облыста кәсіпкерлер саны 4,2 пайызға, жұмыспен қамтылғандар 8,7 пайызға, ал өндірілген өнім көлемі 15,7 пайызға артты. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың нәтижесінде оң көрсеткішге ие болдық. Сонымен қатар, 3 885 кәсіпкерлік бастамаға 2,4 млрд. теңге көлемінде мемлекеттік грант табысталды. Биыл мемлекеттік қолдау шаралары жалғасатын болады. Атап айтсақ, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығына» - 950 млн. теңге, «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасына - 2,5 млрд. теңге және мемлекеттік гранттар беру үшін «Еңбек» бағдарламасына - 2,4 млрд.теңге бөлінді, - деді Мұрат Тасқараев.
"Қызылорда жантақ балы" ЖШС-нің директоры Асхат Раисов былтыр "Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы" арқылы "Бал шығару" жобасына 50 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Қазіргі таңда кәсіпкердің өнімі бірнеше сауда орталығында сатылуда.
-Мемлекеттік қолдаудың арқасында жеке кәсібімді ашуға мүмкіндік туды. Біз үш түрлі балды шығарудамыз. Әзірге бес адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы уақытта жеке кәсібімді кеңейтіп, кең көлемде бал өндіруді қолға алмақпын, - деді жеке кәсіпкер Асхат Раисов.