Балғындар ордасы – Нұ р б ө б е к
Биылғы жыл еліміз үшін, балалар үшін маңызды. Ел Президенті 2022 жылды балалар жылы деп белгіледі. Сондықтан балғындарға айрықша мән беретін жылда аудандық басылым бетінде балабақшалар жұмысын насихаттайтын арнайы айдар ашылғанын жазған болатынбыз. Бүгінгі мақаламыз кент орталығындағы №13 «Нұрбөбек – Тереңөзек» балабақшасына арналады.
Мектеп жасына дейінгі балаларға тәлім-тәрбие беру – балабақшаларға жүктелген міндет. Тәрбиешілер еліміздің ертеңі – ұлт болашағын тәрбиелеуде. Балғындардың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіруге атсалысып келе жатқан балабақша ұжымын бүгінде білікті маман Гүлдана Асықбаева басқарады.
Кент орталығынан 2010 жылы пайдалануға берілген жаңа балабақшаның ғимараты көне ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу негізінде ыңғайландырылды. Тозығы жеткен ескі ғимарат әуелгі баста Тұрмыстық қажетті өтеу комбинаты болған. Тоқырау заманының ығына жығылып кеткен мекеме көп жыл тоз-тозы шығып, халыққа қызметін біржолата тоқтатып, қызметкерлері тарап кетті. Жергілікті билік қолданыстан шығып қалған осындай ғимараттарды халыққа қажетті мекемеге айналдыру қолға алған кезде еңселі ғимаратты балабақшаға ықшамдауды жоспарлады. Кенттегі балабақшалардың санын көбейту мақсатында, сондай-ақ балабақша кезектілігін азайту үшін 50 орындық балғындар мекені аз уақыттың ішінде есігін айқара ашты.
Шын мәнінде қазір көркі көз тартатын ғимаратқа қарап сол кездегі бастаманың сәтті болғаны көрініп тұр. Дегенмен балабақшаның бой көтеруіне, басынан аяғына дейін атсалысқан білікті педагог, ардақты ұстаз Зәуре Момынованың қосқан үлесін әріптестері жақсы біледі. Тәжірибелі басшы құжаттардан бастап, күрделі жөндеудің сапалы атқарылуын қадағалады. Ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарған, балаларға білім мен тәрбие берген ардақты жан қазір зейнет демалысына шықты.
Қайта жаңғырудан өткен қос қабатты ғимараттың бірінші қабатында мамандарға арналған жұмыс бөлмелері бар. Әдіскер, психолог, логопед, есепші, меңгеруші, шаруашылық бөлмесі, асхана, кір жуу жұмысы осында атқарылады. Екінші қабаттағы екі топқа лайықтандырылған ойын бөлмесі, жатын бөлмесі, тазалық бөлмесі санитарлық талапқа сай жабдықталған. Кең, әрі ыңғайлы етіп жасалған бөлмелерде бүлдіршіндер таңертеңнен бастап, кешкі уақытқа дейін тынығып, мезгілімен тамақтанып, ойнайды, тәрбиешілерден тәлім алады.
– Балабақша тізгінін ұстағаныма екі жыл болды. Осы ғимараттың күрделі жөндеуден өтіп, ұжымның қалыптасуына атсалыстым. Зәуре апайдың балабақшаның қалыптасуына қосқан үлесі зор. 12 жылдан бері балабақша балғындарға тәлім-тәрбие беруде. Өткен жылдың соңында ғимарат табиғи газға қосылды. Бүлдіршіндерді күн сайын құрақ ұша қарсы алатын тәрбиешілермен қатар басқа да арнайы мамандар бар, – дейді балабақша меңгерушісі Г.Жетпісбайқызы.
Тұрғындар арасында «Нұрбөбек» аталып кеткен балабақшада қазір 3-5 жас аралығындағы 50 бала тәрбиеленуде. Балалар «Балапан» және «Қарлығаш» топтарына бөлінген. Түске дейінгі уақытта тәрбиешілер ұйымдастырылған оқу қызметін ұсынады. Ал түстен кейінгі мезгілде белгіленген кестеге сай әуез жетекшісі, логопед, психолог мамандар балалармен жұмыс жасайды. Түрлі қимыл-қозғалыс ойындары ұйымдастырылып, шығармашылық, денсаулық, айналамен танысу бағыттары бойынша сабақтар өткізіледі. Мерекелік іс-шараларға дайындықтар жүргізіліп, балалар ертеңгілікте тақпақ айтып, ән айтып, би билеуге үйренеді.
– Бір жылдан бері балабақшада логопед маманы жұмыс істей бастады. Балалар үшін өте қажетті маман. Қазір балалардың тілі кеш шығады. Мұны мамандар баламен тығыз қарым-қатынас орнамағанның салдары деп түсіндіреді. Ұялы телефонға телмірген бала айналысындағы әлемнен бейхабар күйде жүреді. Сондықтан бала денсаулығында кінәрат пайда болады. Психолог, логопед мамандар бүлдіршіндермен жұмыс жүргізіп, тілдегі ақауды ерте анықтауға және қалпына келтіруге көмектеседі. Кейде ата-аналар тарапынан түсініспеушіліктер болады. Бірақ баланың дұрыс жетілуін қадағалайтын маманға сенген дұрыс. Қандай да болсын кемшілікті ерте кезден анықтау жақсы нәтиже беретіні сөзсіз. Балабақшада «Баланың сөйлей алмау себептерін анықтау» тақырыбында өткен семинарда мамандар өзара тәжірибе алмасып, пікірлесті, – дейді әдіскер Г.Исабаева.
ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын негізге алып жұмыс жасайтын тәрбиешілер оқу қызметін барынша ықшам, бала тіліне түсінікті, ыңғайлы, әрі қызықты етіп өткізуді жоспарға енгізген. Балабақшадағы педагог-сарапшы Г.Нұрмаханова, педагог-модератор Г.Исабаева, С.Қонаева тәжірибелі мамандар. Үлгілі тәрбиешілер үнемі бала тәрбиелеудегі үздік тәжірибелерімен бөлісіп отыруға машықтанған. Бүлдіршіндердің танымдық қабілетінің шыңдалуына, қайырымды, кішіпейіл, қамқор болуға үйретуде тың тәсілдерді қолданып отырады.
Жыл бойы атқарылған жұмыстың нәтижесі ретінде тәрбиешілер жетістікке жетуде. Сонымен қатар жас маман Н.Утеулиева, психолог Ғ.Раманқұлова, әуез жетекшісі Н.Маханбетжанованың еңбектерін ерекше атауға болады. Сөзімізге дәлел ретінде балабақшаға қатарынан 2-3 баласын әкеліп жүрген ата-аналардың жақсы пікірін айтуға болады. Олар Жансая Назарова мен Гүлжан Құлмағанбетова.
– Көп балалы анамын. «Нұрбөбек» бала бақшасына үшінші балам келеді. Алдыңғыларым да осы балабақшада болған. Құдай қаласа кішкентайларымды да кезекке қойдым. Маған ұнайтыны тәрбиешілердің кішіпейілділігі, балалардың тілін тауып жұмыс жасауы. Әсіресе Назым апайымыз жылы қабақпен, басынан сипап, айналайын деп күтіп алады. Кешке баламызды алып кетуге келгенде апайларымен қимай қоштасады. Баламыз мезгілімен демалып, тамақтанып, өнерге үйренуде, – дейді кент тұрғыны Жансая Назарова. Осындай жылы лебіз білдірушілердің қатарында Гүлжан Құлмағанбетова да бар. Көп балалы ана бала бақшаға төртінші перзентін әкелуде. Жан жақты болып өсіп келе жатқан балақайдың бала бақшадағы жетістігіне ана дән риза.
Жыл сайын 20-23 баланы мектепке шығарып салатын балабақша тәрбиешілері әрбір балғынның ата-анасынан сауалнама алады, айтқан пікірлерін жұмыс барысында ескереді. Баланың даму деңгейін қалыптастырып, болашаққа нық қадам басуына атсалысып келе жатқан ұжымның әрбір қызметкерінің өзіндік орны бар.
Бибісара ЖАНӘЛІ