Өмірі мен өнері өнеге
№131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектепте «Өмірім – өнеріммен өрнектелген» тақырыбында өнер иелерімен кездесу кеші өтті. «Біз еңбекті, өнерді сүйетін мәңгілік ел болашағымыз» атты апталық аясында ұйымдастырылған кешке ауданда өз салаларында майталман атанған жандар қатысып, өскелең ұрпаққа өнегелерімен бөлісті.
Кездесуге құрметті қонақ ретінде «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Жәнібек Маханбет, ҚР «Білім беру ісінің үздігі», «Мәдениет саласының үздігі», «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Сансызбай Сәдуақасов, еңбек ардагері, қолөнер шебері Алтын Нұртаева, «Сырдария аграрлы техникалық колледжінің» оқу өндірістік ұстазы Алтын Қожақова, таланты сазгер, мәдениет саласының майталманы Марат Қошық шақырылды.
Тағылымға толы кешті №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің директоры Айнұр Әлиева ашып берді.
– Жыл көлемінде мектебімізде танымдық іс-шаралар жиі ұйымдастырылып келеді. Ұстаздарымыз әрбір пән апталықтары аясында өзара тәжірибе алмасуда. Бүгінгі кеш барысында мұғалімдер мен оқушылар өмірі ғибратқа толы шығармашылық иелерінің жұмысымен танысатын болады. Үлкендеріміз бастаған істі кішілеріміз қостайтынымыз анық. Аудан мерейін асқақтатып жүрген аға-апаларымыз еңбегімен елге танылған. Олардан рухани құндылықтар жайында мол мағлұмат алуға зор мүмкіндік алып отырмыз. Әлі де шығармашылық иелері қазақтың өнерін дамыту үшін барын салады. Жас ұрпаққа құнды жәдігерлерімізді тұрақты түрде дәріптеуіміз керек, – дейді А.Әлиева.
Танымдық кездесудің қонақтары жиналған көпшілікке өз шығармашылықтары жөнінде кеңінен айтты. Музыка, қол өнер, тігін, сурет өнерінің қыр-сырына қаныққан жандар өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Қазақтың ертеден келе жатқан құрақ құрау, ән айту, мүсін жасау, тігін тігудегі өзіндік ерекшеліктер жайында сөз қозғалды. Біліктілігі жоғары жандар жекелей сөз алған тұста өз мамандықтарының майталманы екендіктерін байқатты. Кәсіби шеберлікті сан қырынан сараптай білді.
Өз кезегінде №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің ұстаздары мен оқушылары ән айтып, би биледі. Халық аспаптарымен музыкалық шығарма орындады. Мектеп жанынан ашылған «Драма» үйірмесінің мүшелері Мұқағали Мақатаевтың «Соқыр ана» және Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасын сахналады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ