Мүгедектер жағдайын кім ойлайды?
Жасы жиырма бестер шамасындағы мүгедек жанды көрген сайын жүрек қанжылайды. Мекеменің көше беттегі темір қоршауларын ұстап, әрлі-берлі сүйретіліп жүреді. Сондағысы «қос аяғының кемістігі оңалып, жүріс-тұрысым түзеле ме» деген үміт болса керек. Таңертеңнен қас қарайғанға дейінгі оның бұл тірлігіне қарап, адам бойындағы тағдыр-тауқыметіне қарсы тұра алатын күш таба білген сенім мен табандылықтың мықтылығына таң қалмай тұра алмайсыз.
Тағы бір арбаға таңылған мүгедек жан орталық көшелерде жүруді дағдыға айналдырған. Оның да жасы отыздарға таяп қалған. Төрт қабырғаға телміргенше таза ауа жұтып, қозғала берсем жаныма шипа болар деген ойы бар-ау, сірә?!.
Иә, мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісті көмектер керек-ақ. Бұл жөнінде Президентіміз Қ.Тоқаев аз айтып жүрген жоқ. Жоғарыдағыдай жандарға жан-жақты жағдай жасау, әрдайым қамқорлық пен қолдау көрсету маңызды міндеттер екенін сан мәрте мірдің оғындай сөздерімен санаға жеткізді. Алайда, тұрақты көзқарас, шынайы ықылас, нақты нәтиже әзірге байқалмайды.
Әлгіндегідей жас жігіттерге, өзге де мүгедек кісілерге орталықтан жаттығу залын ашып берсе деген ел тілегі ұзақ жылдардан бері ескерусіз келеді. Кентте мүгедектерді оңалту орталығын ашуға талпыныс болған. Бірақ, ол көп ұзамай жабылып қалды. Осы орталықтағы тренажерлік құрал-жабдықтар, медициналық құрылғылардың қайда кеткенін ешкім білмейді. Аудан орталығындағы кейбір кәсіпкерлердің ғимараттары, сондай-ақ жабылып қалған мекемелердің ғимараттары пайдаланусыз бос тұр. Соларды жалға алып, пайдалануға болмас па еді? Сол кезде жоғарыдағыдай мүгедек жандар жаттығулар жасап, көше кезіп кетпес еді ғой?!.
Бір кездері аудандық мүгедектер қоғамы некен-саяқ болса да мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізетін. Спорттық жарыстар, шахмат, дойбы, бильярд басқа да түрлерден жарыстар ұйымдастырып, ән айту, би билеу сияқты мәдени-шаралар ұйымдастыратын. Мұндайдың өзі мына пандемияның алдындағы жылдарда-ақ мақұрым қалды. Қазіргі таңда аудан бойынша 1200-дей мүгедек есепте тұрса, солардың тағдырына алаңдайтын тірі жан көрінбейді. Себебі, Тереңөзек кенті ғана емес, бүкіл Сырдария ауданы бойынша мүгедектер қоғамын аудандық Ауған соғысы ардагерлері, Чернобыль апатын жоюшылар, Семей полигонынан зардап шеккендер қоғамының төрағалығына жүктей салған. Былайынша айтқанда «Біреудің шаруасына бөтен біреулер өлең айтып қарайды» деген осындайда айтылса керек. Шынтуайттап келгенде мүгедектер қоғамын мүгедек жандардың қамын ойлайтын, жағдайын жүрекпен сезінетін адамдар басқаруы керек қой.
Аудан орталығынан шалғай орналасқан Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық, Қоғалыкөл ауылдарындағы мүгедек жандар бүгінгі таңда Тереңөзекке жете алмай қиналып жүр. Себебі, бір кездері тендер арқылы жеңіп алынған «Инватаксилер» қазір өзгелердің қолына өтіп кеткен. Сырқатына ем іздегендер де, қажетті құжаттарын ала алмай, зар қақсап қалғандар да енді мүлдем ауданмен қарым-қатынастарын үзіп, дел-дал күй кешуде. Бұл көкейтесті де өзекті мәселе жыл сайын аудан мен кент әкімдеріне айтылып та жүр. Бірақ, әзірге көңіл бөлінбей, назар аударылмай отыр.
Әрине, мүмкіндігі шектеулі мүгедек жандарға мүлдем қамқорлық көрсетілмейді деу қисынсыз. Аудандық халықты әлеуметтік қорғау және еңбекпен қамту мекемесі тарапынан тиісті шаралар атқарылуда. Мысалға жыл сайын облыстағы мүгедектерді оңалту орталығына барып екі айдай мерзімге ем алып, демалып жүргендер аз емес. Сондай-ақ, арнайы жолдамамен республика көлеміндегі шипажайларға барып, демалып әрі ем алып жатқан мүгедектер де баршылық. Қажетті дәрі-дәрмектерін, азық-түліктерін тегін немесе жартылай бағамен алып, жанына шипа тапқандар да жетіп артылады. Қабілет-қарымына орай жұмысқа орналасып кеткен мүгедектер бүгінде несібе-нәпақасын тауып жүр. Жалғыз басты мүгедек жандарға көмек көрсететін әлеуметтік қызметкерлер де жұмыстарын ширатып келеді. Алайда, кешенді түрде алғанда мұндай мүмкіншілікке мүгедек жандардың барлығы бірдей қол жеткізе алмай келеді. Көзге көрініп тұрса да өзінің мүгедектігін дәлелдей алмай жүрген кісілер көп. Салғырттық пен немқұрайлылық салдарынан құжаттарын дер мезгілінде тиісті жерлерге тапсыра алмағандар, не бюрократияға тап болғандар сауатсыздығы салдарынан өзіне тиісті құрал-жабдықтарды, дәрі-дәрмектерді ала алмай жүргендер өз алдына бір төбе.
Тоқетерін айтсақ, мүгедектер қоғамының жұмысын жандандыру керек. Бұған сала басшылары бас болып, олардың заңды құқықтарын қорғаса құба-құп. Сонымен қатар мүгедектердің мұң-мұқтажын білетін, олардың жағдайын жан жүрегімен түсінетін басшы-жетекші қажет. Сол кезде бұл мәселе бір шешімін тауып, мүгедектердің мүддесі қорғалып, үлкен бір сауапты іс атқарған болар едік.
Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ,
ардагер журналист