Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Баға мен байлам

Баға мен байлам

Соңғы жылдары теңгенің нарықтағы бағасының өзгеріске ұшырауы халық тұтынатын тауарлар бағамына тікелей әсерін тигізіп келеді. Оның үстіне бұл жағдай азық-түлік бағасының күрт өсуіне себепші болып отыр. Осының әсерінен болған базар бағамындағы өзгерістер тұрғындардың титығына тиіп, оған көпшілік наразылық білдіруде.

Еңбекақы өсті дегенше...

Жыл сайынғы Президент Жолдауында бел­гілі бір сала қызметкерлерінің еңбекақысы мен зейнеткерлердің зейнетақысын көтеруге пәр­мен беріледі. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын медицина саласының қызметкерлеріне қолдау көрсетіліп, жалақылары үстемеленді. Одан ке­йін білім қызметкерлерінің мәртебесін көтеру үшін әр жыл сайын еңбекақылары өсіп жатыр. Биыл мемлекеттік қызметкерлердің де табысы көбейді. Иә, еңбекке байланысты жалақының көтерілгенін екі қолдап тұрып құптаймыз. Қа­жырлы қызметке лайықты қаржы төленгені құба-құп. Десе де, осы тек белгілі бір сала қыз­меткерлерінің жұмыс ақысының көбейгені қарапайым халыққа қиындық туғызуда. Неге дейсіз ғой? Еңбекақы өсті дегенше базар ба­ғамының тұрақсыздығын байқаймыз. Азық-түлік бағасы өсіп, тұрғындар тұтынатын тауарлар қымбаттай түседі. Бір ғана мысал, жыл басында және екінші жартыжылдықта жалақы көбейіп еді, азық-түлік тауарларының бағасы елімізде 10,3 пайызға дейін жоғарылап, оның ішінде облысымызда да азық-түлік бағасы қымбаттады.

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жос­парлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы бір айдағы баға бағамын мәлімдеді. Онда инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағасының индексі әсерінен халықтың жеке тұтыну үшін сатып алатын тауарлары мен қызметтері бағасының өзгеруі көрсетілген. Мәселен, бір айда (2021 жылғы тамыз 2021 жылғы қыркүйек) баға азық-түлік тауарларына – 0,1%, азық-түлік емес тауарларына – 0,6%, ақылы қызметтерге 0,7% жоғарылаған. Тиісінше, бағаның өсуі құс етіне – 2,3%, қарақұмық жармасына – 1,7%, сиыр етіне – 1,6%, жылқы етіне – 1,4%, қаймаққа – 1,2%, пастерленген сүтке, айранға, сүзбеге, құмшекер қантқа – 1,1%-дан, макарон өнім­деріне – 1%, сары майға, нанға – 0,9%-дан, ұнға – 0,8%, кондитерлік өнімдерге – 0,7%, күнбағыс майына, ірімшікке 0,6-%-дан белгіленіпті. Темекі өнімдері де 0,5% қымбаттаған. Яғни, бір айдың ішіндегі өсім осындай болса, баға тұрақтылығын бақылау қиынға соғып тұр деген сөз. Оның үстіне, соңғы кезде азық-түлік бағасының өсуі жиілеп кетті. Атап айтқанда, аудан көлемінде нан бағасы соңғы онкүндіктің көлемінде 90 теңгеге өсті. Бір қап ұнның бағасы да 10 мың теңгеге жуықтады. Екінші нан саналатын картоптың бағасы да тұрақсыз. Осыдан бір апта бұрын көпшілік 170-тен сатып алып еді, бүгінде баға 190-200 теңгеге барды. Басқа да азық-түлік бағасы өспесе, арзандаған жоқ.

Жақында ғана ҚР Премьер-Министрі А.Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнім­дері мен жанар-жағар май бағасы мәселесі бойынша кеңес өткізді. Онда нан бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында биылғы жыл­дың соңына дейін өңірлік тұрақтандыру қорла­рынан интервенциялар жүзеге асырылатыны, ал кейіннен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-дан арзандатылған бидай сатып алу арқылы жүзеге асатыны айтылды. Заң­намаға тиісті түзетулер енгізу мемлекеттік органдардың қарауында екені жеткізілді. Ал түзетулер қа­рауда жатқанда баға бағамы қа­раусыз қалмаса игі дейміз.

«По талонам»

Жанармай құю бекеттерінен осы жазуды оқысақ болды, жанар-жағар май қымбат­тайтынын білесің. Бұған халықтың «еті» үйреніп кетті. Оған осы күні де куә болып отырмыз. Мәселен, қазір көпшілік көлігіне тиімді болған соң газ орнатып алған. Ал өткен аптада ғана литрі 78 теңгеден сатылған газ осы күні 90 теңгеге өсті. Жанар-жағармайдың, газдың тапшылығын сылтауратып, баға өсіру әдетке айналуда. Қазіргі күннің өзінде облыс орталығындағы біраз газ құю бекеттерінде «По талонам» деген жазу ілініп тұр. Алдағы уақытта оның бағасы 100 теңгенің үстіне шығады деген болжамдар бар. Бүйте берсе, газ бен бензиннің бағасы шамаласып қалады. Әзірге жаздағы қымбаттағаннан кейін бензин бағасында өзгеріс жоқ. Десе де жыл соңына дейін бензин бағасының да өспейтініне ешкім кепілдік бере алмайды.

Қазіргі егін жинау науқанында дизель де тек талон арқылы үлестірілуде. Бұны да жа­нармайдың тапшылығына әкеліп тіреп қойған. Десе де, Премьер-Министр өткіз­ген кеңесте бұл мәселеге арнайы тоқтал­ған. Бүгінде ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету үшін автомобиль көлігі­мен мұнай өнімдерін тасымалдауға тыйым салынған. Соған сәйкес, биылғы жылдың сәуір айынан бастап дизель отынының экспорты тоқтапты. 1 қыркүйектен 5 қазанға дейін көршілес Ресейден 55,9 мың тонна дизель отыны импортталып, дизель тапшылығын болдырмау үшін басқа да шаралар қабылданған. Сонымен қатар, Павлодар мұнай-химия зауытының мұнайды бастапқы өңдеу кешенін жөндеу мерзімін 1 қазаннан 9 қазанға ауыстыру қосымша 30 мың тонна дизель отынын өндіруге мүмкіндік берген. Осыған байланысты егін жинау науқанын ойдағыдай аяқтауға барлық жағдай жасалуда.


Орайы келсе ойдағы бағаны айтады

Күз мезгілі келген соң күздік аяқ киім киіп, аяқтан сыз өтпеудің қамын жасайсың. Осы мақсатта жақында облыс орталығындағы базарға бардым. Киім, аяқ киімге келгенде бірінші базарға барып, кейін үлкен сауда нысандарын аралауға көпшілік қалыптасып қалған. Үлкен сауда үйіндегі киімдерді көпшілік қымбат деп ойлайды да, базардан кейін қайтады. Алайда, оның керісінше екенін жұртшылық біле бермейді. Әшейінде, бірінші сауда нысандарын көретін едім, бұл жолы бірден базарға бардым.

Базар іші әдеттегідей ығы-жығы, толған адам. Оның үстіне саудагерлер де алдыңнан «анау керек пе, мынау керек пе» деп атып шығады. Кәсібі ғой оған дауымыз жоқ. Бірақ осы жолы базарға барғанда саудагердің ынсапсыздығына қынжылдым. Өзі базардың алғашқы қатарында ұзыннан аяқ киім сатылады. Өзіме ұнағандарын киіп көріп жатырмын. Бағасы 15000-нан басталады. Әрине, кім болса да сапалысын, одан кейін қалтасына қарап, арзанын іздейді ғой. Бірақ өзіңе ұнаса, қымбат бағаға да қарамайтын кездер болады.

Бір күздік аяқ киім аяғыма «тұра қалды». Саудагер де белгілі ғой «таза кожа, аяғыңызға құйып қойғандай» екен деп барынша өткізудің амалын жасауда. Бағасын сұрадым. «16000 теңге» деді. «Қанша түсесіз» дегенімде «15200» деп аяқ киімнің екінші парын ұсынды. «14000-ға беріңіз» деп едім, «Алған бағасына келмейді ғой» деп қипақтай түсті. Сонымен не керек, сол айтқан бағама күздік аяқ киімді алдым. Мен риза, ал саудагерге қарап «шынымен алған бағасына келмей қалды ма» деп ойлайсың. Сөйтіп, базардан кейін сол маңайдағы сауда үйлерінің біріне кірдім. Тағы да керек дүниелерді алу үшін барып, көзім сөредегі аяқ киімге түсті. Дәл базардан алған аяқ киімге ұқсас. Жақындап барып қарасам, ұқсас емес, дәл сол күздік аяқ киім, бір фирмадан шыққан. Содан бағасына қарасам әлгі 16000 теңге деген аяқ киімім 9100 теңгеден сатылымға шығарылыпты. Сол арада тілімді тістедім де қалдым. Сауда үйі де одан пайда табатыны анық. Аяқ киімнің түпкі бағасы 6-7 мың теңге болғанның өзінде базардағы саудагердің ынсапсыздығы көпшілікке жасап жатқан қиянат екені анық.


Қазақта «Зұлмат есіктен кірсе, ынсап түндіктен шығады» деген нақыл бар. Біле білгенге әрбір ізгілікті, иманды адамның адамгершілік қағидасының алтын діңгегі – ынсап. Хәкім Абай «Ын-сап, ұят, терең ой – ақыл, зейнет біліп қой» деп осы асыл қасиеттің маңызын ұғындырса, дана халқымыз «Ынсапсызда ұят болмайды» деп бекер айтпаған. Сондықтан орайы келсе ойдағы бағаны айта салатын кәсіп иелері мен саудагерлер ар-ұяттан безбей, мұқым елге қиянат қылмауды естен шығармағаны абзал.

Түйін. Жалпы, базар бағасын қымбаттатпауға қатысты түрлі жиын-кеңестер өткізіліп, оның барысында баға тұрақтылығын сақ­тауға қатысты тапсырмалар жүктелуде. Сол тапсырмалар жиын барысында ғана айтылып, орындалуы шет қалмаса игі дейміз. Әйтпесе, қазір өмір сүрудің өзі «қымбаттап» барады...


Ердос БЕРКІНБАЕВ

12 қазан 2021 ж. 306 0