Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыста азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 300-ге жуық меморандум жасалды

Облыста азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 300-ге жуық меморандум жасалды

Бүгінде облыста азық-түлік тауарларына баға белгілеудің делдалдық тізбектің 5 533 қатысушысы анықталды. Сондай-ақ азық-түлік тауарларын өндірушілер және сауда субъектілерімен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу туралы 300-ге жуық меморандумға қол қойылды. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.


"Аймақта негізгі азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру бағытында өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс жасауда. Бұдан бөлек, облыс тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін төмен бағада қамтамасыз ету үшін сауда желілері арқылы облыс кәсіпкерлеріне айналым схемасы бойынша зайым берілуде. Тұрақтандыру қорының және зайым арқылы қамтамасыз етілген әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарлары облыстағы 34 әлеуметтік дүкен мен 18 ірі сауда үйінің әлеуметтік бұрыштары арқылы сатылуда. Тұрақтандыру қорын өнімдермен толықтыру және кәсіпкерлерге зайым беру үшін соңғы екі жылда облыстық бюджеттен 2 134,3 млн. теңге бөлінген. Ал, 2022 жылы тұрақтандыру қорына 1 300,0 млн. теңге бөлініп отыр. Оның 800,0 млн. теңгесі тұрақтандыру қорына өнім алуға, 500,0 млн. теңгесін айналым схемасы бойынша кредит беруге бағытталуда. Ал, бүгінде облыстық тұрақтандыру қорында 1398,7 тонна өнім қоры бар", деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Тұрсынұлы.

Сонымен қатар, осы жылдың қаңтар мен тамыз айлары аралығында республика бойынша нан бағасын тұрақтандыру мақсатын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-мен астық өндірмейтін оңтүстік өңірлерге арзандатылған бидай бөлу шаралары қабылдануда.
20 қаңтар 2022 ж. 469 0