Облыс әкімі азық-түлік өнімдерінің бағаларын бағдарлады
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі азық-түлік өнімдерінің бағаларын бақылау үшін қаладағы бірқатар ірі сауда орындары мен әлеуметтік дүкендерді аралады, деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.
Айта кету керек, аймақ басшысы осы кезге дейін әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімдердің шекті бағадан асырмау, әлеуметтік дүкендер желісін көбейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Нәтижесінде бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенциялар жүргізу, сондай-ақ «айналым» схема бойынша бағаны тұрақтандыру механизмі аясында заем беру шаралары қабылданды.
Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 1042,9 тонна өнім көлемі сақталып, төмен бағада сатылуда, оның ішінде бірінші сортты бидай ұны – 616,5 тонна, күріш – 96,8 тоона, қант – 235,4 тонна, макарон – 72,3 тонна, қарақұмық жармасы – 21,9 тонна бар.
Ірі азық-түлік сауда орындарын аралаған өңір басшысы алдымен «Small» сауда үйіне барып, халық жиі тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларын саралады. Сауда сөрелерінде тұрған ұн, қант, күнбағыс майы мен көкөніс өнімдерін бағасын бекітілген тізіммен сәйкестігін тексерді.
Мұнан кейін «Магнум» ірі сауда маркетіне барып, тауарлар қорын бақылап, бірқатар жергілікті өнімдердің бағасын саралап, тұрғындардың пікірін тыңдады. Сондай-ақ, Ә.Бөкейханов көшесіндегі «Аль-асад» сауда кешенінде болып, халық бірінші кезекте қажет ететін азық-түлік өнімдерінің бағаларын бағдарлады.
Жалпы әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтан біршама төмен бағада сатылуда. Қала ішіндегі сауда нүктелерін аралау барысында облыс әкімі әлеуметтік дүкендерді де бақылап қайтты.
Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік дүкендердің желісін көбейту арқылы халыққа қолжетімді бағада өнім ұсынуға мүмкіндік кеңейетінін алға тартып, тиісті сала басшыларына жергілікті өнімдерді көбейту қажеттігін қаперге салды.
Бүгінде Тұрақтандыру қорының өнімдері мен айналым схемасы бойынша қамтамасыз етілетін өнімдер «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-на қарасты 34 әлеуметтік дүкенде және қосымша Қызылорда қаласында орналасқан 5 ірі супермаркеттерінде («Мирас», «Аль-Асад» 8 филиалында, «Ажар Сити» 2 филиалында, «Анвар», «Қызылорда Оптомаркет») келісім бойынша ашылған әлеуметтік бұрыштарда сатылуда.
Ал, әлеуметтік дүкендердің желісін кеңейту мақсатында биыл 10 әлеуметтік дүкеннің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 5 дүкен іске қосылды.